Бас тақырып

Бала «полицей»

Нұрасыл есімді бүлдіршін үшін де өткен барыс жылы табыс жылы болды. Үш жасынан бастап жол ережесін жатқа білген Нұрасыл теледидар арқылы бірнеше бағдарламаға түсіп, көптің көзайымына айналды. «Тіл-көз тасқа» дейік, бала полицей тақылдап тұр. Жол белгісінен бір жаңылмайды.

СУРЕТТЕ: Нұрасыл НҰРҒАЗЫҰЛЫ інісімен

Әуелгіде әкесінің қызметтік формасына қызыққан құлыншақ Youtube желісі арқылы жол белгілерін, ережелерін жаттай бастапты. Дүкенге барса, полицейдің көлігіне, алатаяғына, мылтығына жармасады екен. Баланың талабын байқаған ата-анасы патрульдік полиция киімін арнайы тіктіріп беріпті. Әкесі де құқық қорғау саласында. Нұрғазы Диқанбаев бүгінгі күні облыстық полиция департаменті патрульдік полиция батальонының инспекторы, полиция аға лейтенанты болып жемісті қызмет етіп келеді.

Болғалы тұрған баланың белін буып, алдағы белесіне сенім артқан ата-ананың да қолдауы күшті болып тұр. Қазір Нұрасыл өзінің туған бауырына да жол ережелерін жаттатып, танымын тереңдетуде. Бағдарламаларға қоса ертіп барып жүр.

Күні кеше кішкентай жұлдызымыз Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжановтың қолынан диплом мен сыйлық алды. Министрлік биыл Балалар жылы аясында «Менің полициям» жобасын ұйымдастырған екен. Аталған жобаның үздік қатысушысы болып табылған жас таланттың талабы таудай, енді. 

«Қорғаны болып халқымның, жұлдызы болып жанамын», – дейді бала полицейдің өзі. Иә, кішкентай жұлдыз жарқырап-ақ тұр. Осындай өрендер өсіп, антына адал болып, абыройлы қызмет етеріне күмәніміз мүлде жоқ. Ақ жол, болашақ генерал!

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button