АймақСпортТеміртау

Балғын боксшылар бәсекесі

Теміртауда «Арселор Миттал» спорт кешенінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуының 35 жылдығына және қаза тапқан интернационалист жауынгерлерді еске алуға арналған жасөспірімдер арасында бокстан 4 күндік турнир өтті. Жарыстың ашылу салтанатына ауған жауынгері Еркін Бексұлтанов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Сурет ұйымдастырушылардан алынды

Жарысқа Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған спорт мектеп-интернат колледжінің спортшылары және Г.Головкин атындағы спорт кешенінен, Шахтер стадионынан, «Бокстан олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің», Ақтау кентінің және Теміртау қаласының боксшылары қатысты.

Бұл жарыс 23 салмақ дәрежесі бойынша өтіп, 170 спортшы қатысты.Теміртау командасы жалпы командалық есепте көш бастаса, ІІ орынды – Әлия Молдағұлова атындағы интернат колледжінің спортшылары, ІІІ орынды – Г.Головкин атындағы спорт кешенінің спортшылары алды.

Теміртаудың атынан қатысқан спортшылардың жаттықтырушылары: ҚР спорт қайраткері А.Дмитриев, Д.Гераськин, М.Сәрсекенов, К.Сахиев және спорт шеберлері А,Балтабаев, Е.Нұрқали, А.Байжанов, В.Хмелев.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубок, медаль, естелік грамоталармен марапатталды.

Әділет ШОПЕН.
ТЕМІРТАУ

Басқа материалдар

Back to top button