Басты тақырыпНұра

Балғын бөбектер ордасы

    Тәуелсіздік күніне орай, Нұра ауданындағы Қайнар ауылында 100 орындық «Алтын бесік» балабақшасы ашылып, халықты қуанышқа кенелтті.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген  «Туған жер» бағдарламасы аясында іске қосылған балабақшаның ашылу салтанатында аудан әкімі Ниқанбай Омархановтың құттықтау хаты оқылды. Сондай-ақ, аудан әкімдігі тарапынан плазмалық теледидар сыйға тартылды.

Аталмыш балабақшаның іске қосылып, халық игілігіне берілуіне зор үлес қосқан  «Қайнар» серіктестігінің директоры, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, аудандық мәслихаттың депутаты Сейітжаппар Нығметовке аудан әкімінің «Құрмет грамотасы» табысталды.

«Қайнар» серіктестігінің күшімен ауылдың әлеуметтік саласы толығымен жаңартылған. Кейінгі он жылда ауылда 10 пәтерлі үй тұрғызылған. Ауылдың Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, аудандық мәдениет бөліміне табысталған. Ауылдағы ФАП, спорт кешені, спорттық сауықтыру орталығы серіктестік еңбеккерлерінің, ауыл тұрғындарының игілігіне жұмыс жүргізуде. Міне, енді, «Алтын бесік» балабақшасы есігін айқара ашып, бүлдіршіндер қуанышын еселеуде.

Салтанатты шара барысында құрылыс жұмыстарын толық мойнына алып, аяқтаған «Қайнар» серіктестігінің директоры Сейітжаппар Алшынбекұлы ішін жиһазбен қамтыған аудандық білім бөлімінің басшысы Салтанат Мұқановаға ғимараттың кілтін табыстады.

Ауыл ақсақалы Сайлау Таттымбеков бүлдіршіндерге ақ батасын беріп, Нұра ауданы әкімінің орынбасары Мешітбай Жұмановпен бірге балабақша лентасын қиды. Ақ жаулықты әжелер  шашу шашты.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде ауылымызға ең қажет нысан – балабақшаны іске қостық. Ауыл халқы жыл артқан сайын артып келеді Тоқсаныншы жылдары 1050 болса, қазір 1300-ден астам халық мекен етеді. Мектеп жасына жетпеген балалар саны жүз отызға таяу. Ауылда жұмыссыз жан жоқ. Бәрі де еңбекпен қамтылған. Балабақшаның жөндеу жұмыстарына да сырттан құрылысшы іздегеніміз жоқ. Ауыл азаматтарының қолымен жасалды. Бас прораб Манат Шалов, құрылысшылар – Қорлан Таманова, Асылбек Алишев, Мадияр Қарағожин, Марат Томанов, Балдырған Шалов, Олеся Бергер, Зәмзәгүл Алешева, Ирина Федорович, Қайрат Алишевтерді атап өтпеске болмас, – дейді серіктестік директоры Сейітжаппар Нығметов.

Негізінен құрылыс жұмыстарына ауыл тұрғындарынан жиырма жұмыс қолы тартылған. 1950 жылдары тұрғызылған ғимаратқа Қарағанды қаласынан инженерлік қызметтер, техникалық қадағалау және технологиялық қолдау, тұжырымдар жасайтын  Владимир Данильченконың «Стройтехнология» серіктестігі сараптама жұмыстарын жүргізіп, «ғимаратта қайта жөндеу жұмыстарын қолға алуға болады» деп тұжырымдама берген.  Содан ауыл ортасында  бос тұрған ғимараттың қабырғасынан бастап шатырына дейін жаңартылып, құрылыс жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыстарына «Қайнар» серіктестігінен 40 млн. теңге қаражат жұмсалған.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button