Балқаштың балығы брендке айналады

Балқаш көлінің жағасында қоныстанғандар үшін балық шаруашылығы ата кәсіпке айналған. Нәпақасын көл табанынан сүзіп, су маржанымен мақтанатын Ақтоғай ауданының бірнеше елді мекені бар. Соның бірі – Торанғалық ауылы. Осы ауылдың тұрғыны, кәсіпкер Төлеу Қадыржан өз ісін дамытып, табысты балық брендін құруды армандайды. Ол өз мақсатына «Бизнес-көшбасшылық» өңірлік кәсіпкер әйелдер марафонында жеңіске жетудің арқасында бір қадам жақындаған көрінеді.

28 жастағы кәсіпкер бизнес ашу туралы колледжде оқып жүргенде жоспарлаған. 2013 жылы Қарағанды облысында жас кәсіпкерлерге арналған бизнес-инкубаторлардың білім беру бастамашыларының бірі болған. Бірнеше рет өзінің бизнес-жобаларымен грант конкурстарына қатысып бағын сынаған.

– Шағын бизнесімізді 2018 жылы жұбайым Дарынмен бірге бастадық. «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша курстарды бітіріп, Балқаш көлінің жағасындағы шағын дәмхананы жалға алдық. «Кәсіпкер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мұздатқыш жабдықтар мен «Газель» автокөлігін сатып алдық, – дейді Төлеу Қадыржан.

Қадыржандар отбасы балық өнімдерін қайта өңдеп, сақтауды ойластырған. Айналым қаражатының жетіспеуіне байланысты жобаны жабуға тура келген. Шамалы пайда әкелетін дәмханасы ғана қалған. Сонымен, өз қателіктерінен сабақ алып, кәсіпкер әрі қарай қадам басуға бел буған. 2020 жылы ол «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша Қарағанды облысы әкімдігінің грантын жеңіп алды. Кейтеринг пен азық-түлік жеткізу қызметін ашуға және арнайы көлігін алуға 5 млн. теңге жеткілікті болған көрінеді.

Бүгінде «Жылжымалы ас үй» жобасы Балқаш жағалауында жазғы уақытта ғана жұмыс істейді. Бірақ, үш айдан кейін тамақтандырудан бас тартқан. Себебі, тамақтанушылар азайып кеткен. Бұл қызметтің орнына пицца мен «Сhef Balkhash» орамдарын жеткізу қызметін ашқан. Қазір шағын цехта Төлеудің туыстарымен бірге үш жалдамалы жұмысшы еңбек етіп жүр екен.

– Біздің азық-түлік жүк көлігіміз танымал. Жазда Балқаш көліне Қазақстаннан ғана емес, жақын шетелден де көптеген туристер келеді. Адамдар біздің балық тағамдарымызды мақтайды. Сондықтан, тоңазытқыш жабдықтарын сатып алу туралы шешім қабылдадық. Және ақша қосып өткен жылы жағалаудағы ғимаратты сатып алдық. Барлық инженерлік желілерді жөндеп, қалпына келтіру қажет. Болашақта біз «NE Dubai» кафесін ашқымыз келеді, – дейді кәсіпкер.

Айта кетейік, жақында өткен «Бизнес-көшбасшылық» өңірлік марафонында қарағандылық кәсіпкердің жеңісі болашақтағы нақты жоспарын бекітуге септігі тиген. Төлеу Қадыржан Орталық Азияның 6800 қатысушысы арасында топ-3-ке кіріп, 5 млн. теңге көлемінде грант алған. Ол жеңіп алған қаражатын бизнесті дамытуға жұмсамақшы. Оның ішінде, жергілікті балықты танымал етіп, көпшілікке әйгілемекші. Алматыда, Астанада және Қарағандыда жылжымалы ас үй көліктерін орнатуды армандайтын кәсіпкер ең бастысы балқаштық балықты бренд ретінде қалыптастыруды жоспарлап отыр.

Нұрдос КӘРІМ,

Ақтоғай ауданы.

Оrtalyq.kz