Балқаш

«Балқаштың айдынындай жүрегім кең…»

    Жуырда Балқаш қаласы Абай атындағы лицейде Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру аясында «Жыр төксе көлге аққу,қаз қонатын..» атты Жеңіс Қашқыновтың 75 жылдығына орай әдеби-сазды еске алу кеші өтті.

Танымы терең, тағылымы мол сұлу жырларымен Көкше көлді жырға қосып,ұрпақ санасына тағылымды, өнегелі жырларымен кең тынысты әуенімен халық жадында сақталған жерлесіміз, Ақтоғайдың ғана емес Алты Алаштың ақиығы атанған Жеңіс Қашқынов. Балалар әдебиетінің классигі атанған Жеңіс ағамыздың Көкше теңізді жырға қосқан мөлдір шумақтары Балқаштағы жас ұрпақтың жадында көрініс тапты. Өнегелі жырлары, ақынның адамдық қасиетін жас ұрпаққа насихаттауда әдеби сазды еске алу кешіне ақынның көзкөрген жолдасы, ақынның өзі  «Балқаштағы Бұғыбайға» деп достық арнау арнаған ақынның досы, хирург-дәрігер Бұғыбай Қабылов, ақынның Ақтоғайдан келген ақын інісі Мүсіркеп Сейдахмет, ақын-сазгер Қуандық Сәденов және ұрпағы, журналист аудармашы Ернат Қашқынов келді. Кеш  шымылдығы сөзі Ілияс Мұқай, Қадыр Баймырза әніне жазылған «Ару Балқаш» әнінің ырғағында «Көкше көлі толқындары»  композициясымен ашылды. Ұлылардың ұлылығын танытқан табанды тарих көшіндегі қазақтың қайсар рухты ұлт перзенттерін жырлауда  ақын қаламынан тағылымды жырлар туғандығы белгілі. Ақын тарихи тұлғалардың кескін-келбетін, іс-әрекеттерін, халқы үшін аямай жұмсаған күш-қайратын көрсететін жарқын бейнелерін  «Алыптар мен арыстар» аталатын  жыр жинағында сомдады. Алғашқы «Ұлылар аманаты» жыр жауһар бөлімінде 8-9 сынып оқушылары Дидар Әбеуов «Ділдә мен Әйгерім», Руслан Тәлім «Бұқар жырау», Нұрайым Мұрат «Қос әулие», Алма Қажкерова «Атамекен», Айым Абай «Шыңғыстау» атты ақынның кесек тұлғалы жыр жауһарларын нақышына  келтіре оқыды. Өлеңмен өрілген кеш Ақтоғайдан келген ақынның інісі Мүсіркеп Сейдахмет ағаның алма-кезек аяулы сұхбаттарымен әрленіп, тақырыпқа тұздық болып жатты. Ақын балалар әдебиетінде өзіндік із қалдырғандығын, із қалдырып қоймай мол мұра қалдырған балажан ақын екендігін ұлт зиялыларының пікірлерінен анық көруге болады. Бала жанының бағбаны атанған ақын жырлары лицей балғындарының танымына, түсінігіне тамаша тарту,жігер,соны серпін берері анық. Өз кезегінде кештің балауса балғын шақтың балдай бөлімі балбөбектер  Айкүнім Жамаш «Батыр ата», Ақерке Мұратқан «Ұстазым» Аяулым Алтайқызы «Тұрғыздым бұрышқа» және «Қаз-қаз бас», «Қоңыраулы сағат»,  атты өлеңдерімен кештің ажарын кіргізе түсті. «Тартшы дос, домбыраңды шертіп қана» деп жырға қосқан ақынның досы Бұғыбай аға өз естелігінде: «Мен Жеңіс ақынмен бала кезден доспын. Жазғы демалысқа келгенде бірге жүріп, бірге ойнайтынбыз. Жеңістің асыл қасиеті оның ақкөңіл аңқылдақ мінезінде еді. Жайлауға Алматыдан келген бетте үлкен-кішіге амандасып, құрқол келмей жыр дастандардың пластинкаларын алып келетін. Ол кезде қазіргідей заман емес. Бірді-екілі үйден ғана магнитофон, патефон кездесетін. Біздің ұстазымыз болған Рахметолла мұғалімнің үйіндегі патефоннан дөң басында кешкілік шежіре, жыр дастандарды тыңдаушы едік…» деп қалың көпшілік біле бермейтін оқуға құштар ақынның бейнесін ашып, сөз соңында «Адай» күйімен кештің шырайын аша түсті. Жеңіс Қашқынов ақындығымен қоса мақала, очерктер, ой-толғамдарын ортаға салып, газет-журналдарға бұрын да жазып жүрген қаламгер . Бұл тұрғыда ақынның көсемсөз беттеріндегі мақалаларына шолу жасап, ғылыми тұрғыда дәлел,дәйектермен тұжырымдай білген қалалық ғылыми жобалардың жеңімпазы,дәстүрлі Абай оқуларының жүлдегері лицейдің 9-сынып оқушысы Мұрат Нұрайым ақынға арналған көрмені таныстыра келе,өзінің зерттеу жұмысында: « Асыл ағамыздың  30 жылдан аса Балқаш көлінің әсем көрінісін жырлап қана қоймай, суының тартылып, балығының азаюына байланысты көптеген проблемалық мақалалар жазып, Қазақ радиосы арқылы: «Балқаштың бағын байламаңдар!» деп қалың елге үн тастағандығын бірі білсе, бірі білмейді. Балқаштың балық қоры азайып кеткен тұста Арал мен Балқашты қорғау қоғамдық  комитетінің мүшесі ретінде көл тағдырына алаңдаушылық білдіріп, публицистикалық материалдар жазды, өзінің жалынды жырларын арнады. «Балқаш көлі – бір ғана ұлттың емес, барша халықтың байлығы. Сол байлығымызды көздің қарашығындай сақтау – асыл парызымыз» деген жалынды сөздері тарих ұмытпайтын аяулы сәттер…», – деп зерттеу жұмысымен түйіндеп берді. Айтылған деректердің дәлеліндей сахнада лицейдің өлеңге жаны құштар 6-сынып оқушылары Жасмина Абдуразахова, Ділдәр Рүстемұлы, Бақтияр Кенжебеков, Аяжан Каркунова, Сырым Сәбит «Басыңа қонған бақыт таймасын тек, Балқашым қасиетті киелі көл» деп жыр әлеміне саяхат жасады.  Кештің оқушыларға берер тағылымды өнегелі тұсы ақын-сазгер Қуандық ағамыздың: «Біз оқушы сәтімізден Жеңіс ағамыздың өлеңдерін жаттап, «Бәйшешек поэмасы» атты поэмаларын оқып өстік, кітап дүкеніндегі кішкентай ғана «Найзатас» деп аталатын өлең жинағына шыққан сол өлең жолдары менің жүрегіме, балалық пейіліме үлкен патриоттық сезім сыйлады. Бұл Жеңіс ағаны тануымның бір парасы ғана. Ол Балқашқа жүрегі жақын азамат еді..»  деп  оқушыларға өнегелі ой тастады. Кеш соңында ақынның ұлы, «Жеңіс Қашқынов» атындағы қор жетекшісі, журналист-аудармашы Ернат Қашқыновқа сөз беріліп, лицей оқушыларына, ұлағатты ұстаздарға алғыс білдіріп,ақжарма тілек жаудырды. Кешті қорытындылаған лицей басшысы Қарлығаш Рахимберлина: «Таудай талабы бар жас өрендерді тәрбиелеуде, аға ұрпақтың асыл мұраларын қастерлеп, ұрпақ жадында рухани жаңғырту, кемел келешекке қадам басқан азат ойлы жастарды тәрбиелеудегі басты мақсат. Жеңіс ағамыздың жырларынан нәр алған ұлағатты шара – ұрпаққа өнеге», – деп тағылымды кештер жалғасын табатындығын жеткізе келіп, арнайы келген ардақты қонақтарға жүрекжарды лебізін білдірді. Көкше көлдің теріскейіндегі Балқаш қаласы бүгінде ұрпақтар ұясы,аңыздар мекені. Халық жадында жалынды жырларымен мол мұра қалдырған Жеңіс ағамыздың жырлары лицей оқушыларына рухани тағылым берген өнеге ұраны, тағылым мектебі болары анық.

 

Ақерке Балтабай,

Абай атындағы №2 лицейдің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Балқаш қаласы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button