Руханият

Баймырза Тіленшіұлы

Қазіргі таңда көненің көзіндей ескі жазбалар қарасы кеміп келеді. Қадым жазуларын зерттейтін зерттеушілердің де азайғаны белгілі. Осындай қолжазбалардың сырын ашып, болашақ ұрпаққа жария етіп, бабалардың жүріп өткен жолын насихаттау – біздердің міндетіміз.

Ақтоғай өңірі – сырға толы қасиетті мекен. Қаншама жұмбақ әлемді қойнына жасырған, дарабоз дарындарды түлеткен өлке. Әрісі Бегазы-Дәндібай орын тепкен, берісі Әлихандар шыққан қасиетті орын. Қасиетті Шабекең, Қаременде би бабаларымыз өмір сүрген орындар. Солардың салған жолдары, ғибратты тәлім берер сөздері қалған.

1. Мұхаммед пайғамбар с.ғ.с. шежіресі.

Осы мақаланы жазудағы тағы да бір себепті жағдайы болған еді. 2020 жылдың қараша айында жолым түсіп Ақтоғай ауданына барған едім. Ауданымыздың тумасы Кәрімұлы Әнуарбек әкеміздің қызы Жанат апайымызбен кездесудің сәті түсіп, сол кісінің шаңырағында ескі қадым жазбаларының барын естіп, қолжазбаларды көріп, оны оқудың сәті түсті. Көненің көзіндей болған жазбалар 1899 жылдан бері сақталған мұра екен. Жанат апайымыздан сұрағанымда, ол кісі Қарқаралы жақтағы нағашыларынан қалған жазба екендігін, оның ішінде, үлкен шешесі Ләззат шешемізден қалғанын айтқан еді. Осы қолжазбалар мен дұғалық кітаптарды оқи келе негізгі түбі Жоламан атадан тарайтын Баймырза Тіленшіұлына тиесілі екені белгілі болды. Баймырза атамызға тиесілі екендігіне осы дұғалық кітабының ішіндегі өз қолымен жазған жазбасы күмән қалдырмады. Ол жерде мынандай сөздер жазылған екен: «Бұл кітаптың иесі, дәулет пен нәсіп иесі Баймырза Тіленшіұлына тиесілі. Ешкімде даужанжалы жоқ, сұраусыз алсаңыздар, жазаға кіріптар боларсыздар. Менің айтқан өсиеттерім осы. 1899 жыл 13 сәуір. Дұғалықтар кітабы». Міне, осындай нұсқада қадымша, яғни, атамыз өсиет сөздерін араб каллиграфиясында жазып қалдырған.

Осы дұғалық кітабының жанынан қасиетті есептелетін «Пайғамбарымыз с.ғ.с. шежіресі» делінген бір беттік көлемдегі суретті жазбасы да шықты. Ол жерде ағаш бейнесінде салынған суретте Пайғамбарымыздың шежіресі берілген екен. Осындай құнды жәдігерлерді зерттеу, ұрпаққа жеткізу, көзін ашу – білген адамдарға міндет екені белгілі. Негізі, Ақтоғай өңіріндегі небір белгілі тұлғаларды елге танытуды, зерттеуді қолға алған абзал. Ол үшін де керекті ақпарларды қарап, зерттеп, жарыққа шығару – зерттеушілердің қолында. Ал, енді, сол зерттеулерді қолға алып, жариялау да қаражатқа тірелері сөзсіз. Сондықтан да, осы бір жағына қолдау болса құба құп болар еді.

2. Баймырза Тіленшіұлының қолтаңбасы.

Енді бастаған әңгімемізге қайта оралсақ. Баймырза Тіленшіұлының мұрасының ішінен тағы да бір беттік «Төрт шадиар» деп атау берілген суретті тауып алдық. Төрт шадиар деп Мұхаммед пайғамбар с.ғ.с. кейін келген орынбасарларын айтқан. Сол сахабалардың есімдері жазылған жазулар. Бұл жәдігерлердің осы уақытқа дейін сақталуы да ұрпақтарының ұқыптылығында екені белгілі. Былтырғы жылдары марқұм, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Қабылсаят Әзімбайұлы маған жазған хатында былай деген еді «Айдеке, сен Тоқырауын елінің ескіден қалған жазбалары мен тастарда жазылған араб каллиграфиясындағы эпитапияларды зерттеп, ұрпақтарын қоса жазып, зерттей берерсің, келесі жылы екеуіміз экспедиция құрып, аралап шығып, «Тоқырауын бойындағы көне жазбалар мен бедерлі тастар» деген кітап құрастырып жарыққа шығарармыз» деген еді. Бірақ, Қабекең өкінішке қарай, көзді ашып-жұмғанша өмірден өтіп кетті. «Айдаржан, сенің жанрың, стилің осы, сен осы бетіңнен қайтпа, жаза бер» деуші еді екеуара әңгіме болғанда, Баймырза жайындағы әңгімені айтқанымда.

Енді, Баймырза атамыз кім болған, қандай қызмет атқарды деген де сұрақтар туындауы мүмкін. Теміртау қаласында тұратын Тұрғанбек деген ағамыз бар. Ол кісі де Жоламан атадан тарайтын ұрпақ.

Телефон арқылы хабарласып, сол кісінің шаңырағында қонақта болғанымда белгілі өлкетанушы, Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы Ю.Поповтың «Волостные управители и бий Токраунской волости 18711919» деген зерттеу жұмыстарын ұсынған еді. Ол жерде былай деп орысша мәтінде сөздер бар екен: «Начнем Жоламана. Во главе в ауле Бейсекей Матай. Кстау на реке Токрау. Аул основан 1878 году и находилься в 105 верстах от Каркаралинска. В ауле 8 хозяиств, 42 жителя, 8 юрт, 6 землянок и 6 кухонь. Лощадей с жеребятами 33, рогатый скот с телятами 30, верблюдов 11, овец с ягнятами 79, коз козлятами 18. Поставили 175 копен сена. Во главе аула 2 – Баймурза Тленчы. Кстау Акшокы. У реки Токрау. В ауле 4 хозяиства и 23 жителя. Юрт, землянок и кухон по 4. Посевы два пудов. Лощадей жеребятами 81, рогатый скот 25, верблюдов 14, овец с ягнятами 186, коз с козлятами 35. Поставили 735 копен сена. (Ю. Попов. Почетный гражданин г.Каркаралинска, краевед).

Баймырза Тіленшіұлы 1878-1880, 1881-1883 жылдарда, одан әрі араға жеті жыл үзіліс салып 1890-1892 жылдары билік басында болып, ел арасындағы дау-дамайларды шешкен белгілі қоғам қайраткері. 1892 жылдан кейін араға он екі жыл салып, яғни, 1904 жылы қайтадан билік басына келген дара тұлға. Тарихта өзіндік жолы бар, айтып кеткен тәрбиелік сөзі бар осындай бабаларымыздың жарыққа шығуына аудан азаматтары атсалысуы керекақ. Осындай белгілі тұлғаларды жарыққа шығаруда Қабылсаят ағамыздың айтқан бір сөзі «егер, бір адамның өмірі мен қызметін зерттегің келсе, сол адамның ұрпақтарын да жазуды ұмытушы болма» деген еді. Осы бір сөзден кейін мен Баймырзадан тараған, шаңырағынан өрбіген ұрпақтарды да ұмытпай жазып кеткім келді. Баймырзадан – Айтжан, Ыбырай, Сыздық. Ыбырайдан – Бекежан. Сыздықтан Шардарбек ағаларымыз тарайды. Бәрінің де ұрпақтары тараған, немерелі-шөберелі, ақарлы шаһарлы болып отырған шаңырақ иелері. Кәрім Айтжанұлы 1898 жылы Тоқырауын болысында дүниеге келген. Ауыл молдасынан дәріс алған әкеміз өте тақуа, білімді болған адам. Жастайынан қолөнер шеберлігі болған. Темірден түйін түйген ұсталығы бар адам екен. Қолынан келгенше ел жағдайын ашып, темірден әртүрлі заттар соғып беріп отырған. Соғыс уақытында әскер қатарына шақырылып, белгісіз кеткен. Елге, ағайындарға хат жазғанда жанындағы жолдастарына кирилл әріптерімен хат жаздырады екен. Өйткені, өзі араб әріптерін ғана меңгерген, сол жазудың сауаттысы болған. Осы әкеміздің бәйбішесі Ләззат Айнақұлқызы – Қарқаралы қаласының тумасы, Сәдір руынан тарайды. Баймырза атамыздың жазбаларын 1972 жылға дейін сақтап, қайтыс боларынан аз алдында келіні Кәукіш Дүйсенбайқызына табыстап кеткен. Кәукіш шешеміз – Қожағұл руынан. Әнуарбек Кәрімұлының бәйбішесі. Шаңырақта – төрт ұл, төрт қыз. Ұлдары Ерлан, Сайран, Бауыржан (қайтыс болған), шаңырақ иесі, кенжесі Баубек. Кәукіш шешеміз қазіргі уақытта кенже баласы Баубектің қолында Қарағанды қаласында тұрады. Әнуарбек Кәрімұлы өмірінің соңына дейін мұғалім болып қызмет атқарған адам. Бірнеше орден-медальдардың иегері, халқына сыйлы, зиялы адам. Ата жолын қуып, сол салада қызмет атқарған Жанат апай Әнуарбекқызы. Қолжазба жәдігерлерді көзінің қарашығындай сақтап үкілеп сақтаушы Кәукіш шешеміз болса, қолымызға ұстатып, зерттеуге берген осы Жанат апайымыз.

3. Төрт шадиар. Бедерлі сурет

Аталар аманатын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, сары майдай сақтап ұстаған осы ұрпақтарға рақметтен басқа айтарымыз жоқ. Әлі де болса қарайтын, көненің көзін ашатын уақыттар алда. Сондықтан да, әр нәрсеге салғырт қарамай, жақсы мәліметтер табылса жарыққа шығаруға талпыныс жасауымыз керекақ. Осы жазылған мақаланы оқып отырған жас буын өкілдерінің қызығушылығын оятуымыз керек. Бір парақ жазылып қалған өсиеттің өзі бірнеше беттік тарих болары сөзсіз ақиқат болмақ.

Сөз соңында айтарымыз, Ақтоғай өңірінде, оның ішінде, ауылдарда осындай көне жазбалар табылып жатса, хабарласып, оқытқызып, зерттеулеріңізге болады. Әр жерде жүргенде Абай өлеңдерін, Шортанбайдың айтқандарын, діни жолда жазылған көптеген қолжазбалар тапқан едік. Соны жарыққа шығару мүмкіндігі болмай, араб әріптерінен кириллге аударылған күйінде менде сақтаулы жатыр. Алла нәсіп етсе, ол да бір күндері ел игілігіне жарар деген үміттеміз. Өткенді еске алу, бабаларды ұмытпау ұрпағының міндеті. Өз ортасында ғана қалып қоймай дүйім жұртқа жеткізіп отыру да ұрпағының міндеті. Баймырза атаны жазбасақ, сол бетінше қалып қояры да сөзсіз еді. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген сөз де осыдан қалса керек. Әр уақытта ізденісте болған адамның ісі алға жүреді. Бабалардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Әрқашанда дұғадамыз.

Айдаржан ҚАСЕНОВ.

Басқа материалдар

Back to top button