Байқау жеңімпаздары марапатталды

Облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін…» атты ХV Абай оқулары облыстық онлайн-байқауын өткізді. Байқау Қарағанды облысының 16-25 жас аралығындағы дарынды жастары арасында ұйымдастырылды.

Байқауға жалпы 62 жұмыс қабылданды. Атап айтсақ «Арнау» номинациясы бойынша – 39, «Бейнеролик» номинациясы бойынша 23 жұмыс келіп түсті. Облыс бойынша әр қаладан оның ішінде Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Жезқазған, Саран, Қаражал, Абай, Қарқаралы қалаларынан және Ақтоғай, Шет, Жаңаарқа, Бұқар жырау, Нұра, Ұлытау аудандарының да оқырмандары белсене қатысты. Сайысқа халықаралық журналист Сағат Батырханова, филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғап, ақын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бағдат Мүбарак, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторының орынбасары, ақын Ілияс Мұқай төрелік етті.

«Арнау» номинациясы бойынша Бас жүлде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің І курс студенті Мағжан Асқарға, I дәрежелі диплом Қарағанды қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9 сынып оқушысы Несібелі Мұхамеджанға, II дәрежелі диплом Ұлытау ауданы, Шеңбер ауылының №2 мектептің 10 сынып оқушысы Аяла Сартайға, III дәрежелі диплом Ақтоғай ауданы «К.Бәйсейітова атындағы тірек мектебінің» 8 сынып оқушысы Әмина Зекенге берілді.

Ал, «Бейнетүсірілім» номинациясы бойынша Саран қаласының «Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінің» педагог-ұйымдастырушысы Айым Қанапиянова жеңімпаз атанса, I дәрежелі дипломмен Бұқар жырау ауданының намысын қорғаған Назира Медет, II дәрежелі дипломмен Қарағанды қаласы «М.Жұмабаев атындағы №39 гимназияның» 11 сынып оқушысы Мәди Жақсылық, III дәрежелі дипломмен «Теміртау көпсалалы «Мирас» колледжі» ЖММ ІV курс студенті Перизат Ертуғанова марапатталды.

Марапаттау шарасының көркі «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің орындауындағы Сүгірдің «Ыңғайтөк» күйі мен Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі Құрмаш Ыбышевтың орындауындағы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» әндерімен кірді.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.