Бабалар сөзі – даналық көзі

Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөліміне қарасты қалалық «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында қалалық «Толғауы тоқсан қызыл тіл» атты шешендік сөз сайысы өтті.

Өскелең ұрпақтың халқымыздың рухани асыл мұрасы арқылы шығармашылық, зияткерлік қабілеттерін дамыту, тіл тазалығын сақтау, мемлекеттік тілді мейілінше жетік білу арқылы туған тіліміздің мәртебесін арттыру мақсатында 8-10 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған байқау 3 бөлім бойынша жүзеге асырылды.

Бірінші бөлімде сайыскерлер шешендік дау бойынша дайындап әкелген шығармасын мәнерлеп жеткізуден сайысқа түссе, екінші бөлімде нақылға айналып кеткен шешендік сөздерді фотожұмбақтан тауып, мағынасын ашты. Үшінші бөлімде жеребе арқылы таратылған шешендік толғау үзіндісін жалғастырып, мәтін авторын атады.

Байқау қатысушының тіл тазалығы, ойдың жүйріктігі, жүйелілігі, сөйлеу шеберлігі бойынша бағаланды.

Байқаудың Бас жүлдесін №18 ЖББМ-тің 9-сынып оқушысы Қанибек Арман еншілесе, І орынмен М.Жұмабаев атындағы гимназияның 10-сынып оқушысы Бағдат Мерей марапатталды. ІІ орынға №17 ЖББМ-тің 10-сынып оқушысы Сержанова Аякөз бен №27 ЖББМ-тің 10-сынып оқушысы Түсіпназар Дана ие болды. Жүлделі ІІІ орынға С. Саттаров атындағы мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Жайдархан Арман, №30 ЖББМ-тің 8-сынып оқушысы Қадыр Нұрхан және «Мұрагер» мамандандырылған білім ордасының 10-сынып оқушысы Абзалбекова Мархаббат лайық деп танылса, арнайы сыйлықты А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Қадырбек Диана мен №3 гимназияның 10-сынып оқушысы Мұхтар Гүлбану қанжығасына байлады. Жеңімпаздардың барлығына ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сертификаттар табыс етілді.

Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ

Сурет: “Шырақ” тілдерді оқыту орталығынан

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.