Бас тақырыпКоронавирус

БАҚ: жабық қаланың ашық алаңы

Сөз өндірісі. Ақпараттың алаңы. Журналистердің ошағы болған «Орталықтан» (редакция) алыстағалы он күннен жәй асты. Анығында, төтенше жағдай жарияланып,  карантин режимі орнаған соң, біз де қашықтықтан қызмет жасауға көшкенбіз. Басында бұған ой орнығып, бой үйрене қоймады. Редакциядағы қым-қуыт шаруаға «біссімілләмен» қызу кірісетінбіз. Жауапты хатшының сілтеген бағытымен, барар жерге де уақыт бөлетін журналистердің аяғына да тұсау түсті. Себеп – қазіргі ахуал. Ендігі атқарар еңбек – үйде болып, басшылардан келген тапсырманы бұлжұтпай орындау. 

Әдеттегідей редактор кабинетінен берілген тапсырманы блокнотқа түртіп алып, бой түзеп, ой сергітіп, арагідік әріптестермен де пікір алмасып үлгеретінбіз. Қазір, төрт қабырғаға қамалған күйі жұмыстың да жүйелілігі аса сезіле қоймайды. Уақыт еркіндігі. Өз басым күн мен түнді ауыстырып алып, әбігер үстіндемін. Бірақ, бұл берілген тапсырманы кешіктіру, атүсті қарау деген әңгіме емес. Тек, таңертеңгі уақытта басшылардың шалған қоңырауынан шапшаң оянып, дауыс ырғағын қалыпқа келтіре салып барып, күнтізбедегі мәселеге құлақ асамыз. Ал, «Орталықтағылардың» басы қосылған WhatsАpp желісіндегі «Қарашаңырақ» тобы лездеме өтетін ортаға айналды. Шыққан нөмерлерге орнықты пікір, орынды сын айтылып, тұрақты талқыланатын болды. Біздегі жағдай – осы.

Қауіпті уақытта құқық қорғау органдары және медицина мамандарымен қатар, алдыңғы шепте журналистер де тәуекел шеңберінде жұмыс істеуде. Оған ел куә. Дәл осы тұста әріптестерімді де әңгімеге тартқан едім…

Руслан ТҰРСЫНҒАЛИЕВ, «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының меншікті тілшісі:

– Шұғыл түсірілімдер болуы тиіс жағдайда қауіпті аймаққа баруымызға тура келеді. Дегенмен, «сақтанғанды сақтаймын» дейді. Сол себепті, қазіргі озық технологияны пайдалана отырып, оқшауланып үйден тікелей хабар таратудамыз. Түрлі бағдарламалар арқылы видеоларды монтаждауға мүмкіндік бар. Біз енді көпшілік жерде жүріп үйреніп қалғаннан болар, тып-тыныш бөлмеде қамалып жұмыс істегенде, расымен жағдайдың күрделі екенін сезінесің. Бұған дейін жұмыстан кешкілік үйге шаршап келіп, балалардың оқуын қарап, қадағалаушы едік. Қазір отбасыма бөлетін уақыт та – жеткілікті. Тағы бір пайдасы – кітап оқып, рухани даму үстіндемін. Бірақ, кеңсеге барып, жұмыс істегенге не жетсін?!

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, «Айқын» газетінің меншікті тілшісі:

– Мен меншікті тілші болып келе жатқаныма 5 жылдай уақыт болды. Сол бұрынғы тәртіп. Сол режим. Яғни, қашықтықтан жұмыс істеу мен үшін үйреншікті жағдай. Кез-келген мекеме басшысының, қала-аудан әкімдерінің телефондарына хабарласып, ақпарат аламын. Дегенмен де, төтенше жағдай жарияланғалы редакцияның тапсырмасын орындау қиынға соғып тұр. Үлкен балаларым онлайн білім алып жатса, кіші ұлым ойыншық көлігін әрлі-берлі сүйретіп жүреді. Жалпы, мен үйде отырып жұмыс істеуге машықтанып қалған адаммын. Тек, мына балалардың қашықтықтан оқуы қиын екен…

Айым АМРИНА, «Индустриальная Караганда» газетінің тілшісі:

– Онлайн жұмыс жасау өзім үшін оңтайлы. Балаларым мен жұмыс істеп жатқанда аса қатты мазамды ала бермейді. Тек, сағат 13:00-ге 15 минут қалғанда балаларым кезек-кезек келіп, «Анашым, сіз түскі асқа шықпайсыз ба?» деп, қарындарының ашқанын білдіріп тұрады. Сосын дәл осылай кешкі 18:00-ден сәл артық жұмыс істеп қойсам, «жұмысыңыз әлі аяқталмады ма?» деп еркелеп кетеді. Онлайн жұмыс жасаудың тағы бір ыңғайсыз тұсы бар. Телефон арқылы сұхбат алғанда балаларымның дауыстары шығып жатады… Редакцияда отырып, жұмыс істегенге ештеңе жетпейді екен…

P.S: «Осыдан карантин бітсін, үйге қонбаймын». Әлеуметтік желіден оқып қалған осы сөздің бізде кебін кигендейміз. Әрине, бұл елдің қамы, ұлттың қауіпсіздігі үшін қабылданған шешім. Сабыр танытып, аты жаман індеттен бас аман, бауыр бүтін құтылсақ. Міне, нағыз той. Сол күнге сеніммен жетейік!

Басқа материалдар

Back to top button