Руханият

«Бақыт бар ма, бұлттардан әрі ұшқаннан?!»

Ұлытауда ұлар жоқ

Аз отырған қонағың көп сынайды,
Қарт Ұлытау бұл күнде жоқ шырайлы.
Ұлытауға үйіріліп барған халық?
«Ұлар бар ма, бұл тауда?» деп сұрайды.

 

Ұлытауда ұлар жоқ.
О несі екен?
Көңіл бірден алады неге секем?
Бұл Ұлытау – өзі емес көне таудың,
Бізге жеткен аласа елесі екен.

Көзін тігер өткенге кім оралып,
Бір тау жатыр көрпесін жылы оранып.
Заңғар таудың биігін уақыт ұрлап,
Тау шөккенде, кетіпті ұлар ауып.

Кімді кандай күтеді тағдыр алдан,
Биіктікпен өлшенбек әрбір арман.
Өмір сүре алмаған аласада,
Бақыт құсы – биікке дағдыланған!

Ол бір заман – бұлдырап алыс қалған,
Бақыт бар ма, бұлттардан әрі ұшқаннан?!
Биік ұшып, биікке қонған құстар,
Жорғалауға төменде намыстанған.

Зердесі бар адамға – ол да қайғы,
Көздің жасы мұң болып сорғалайды.
Жерде жүріп үйренген мимырт адам,
Бауырында сол таудың жорғалайды.

Іңкәр ақын көңілге жара салып,
Адамдар да жатады аласарып.
Биіктеген шығар деп көз тігемін,
Ұлытаудың басынан тараса бұлт.

Ұлар деген ұлы құс – тауық деп пе ең,
Ұлылық та жатпайды жауып көктен.
Таудың аласарғанын назырқанып,
Ұлытауда ұлар жоқ.
Ауып кеткен!

Өз үйім

Өз үйім – өлең төсегім,
Осында өніп, өсемін.
Осында келіп құтылам,
Даңғазасынан көшенің.

Осында бүкіл қазынам,
Кездерім болса қажыған
Әңкі де тәңкі басымды,
Осында тығып жазылам.

Көлденең көздің сұғынан,
Осында келіп тығылам.
Үйректей атса біреулер,
Үйіме жетіп жығылам.

Айта алман сүттей ақпын деп,
Үйімнің дәмін татқым кеп,
Қансырап келіп осы үйге,
Қанымды жалап жаттым көп!

Көңірсіп жанса ошағым
Күн менен түнді қосамын.
Күтеді мені осы үйде,
Күдерін үзбей қосағым.

Әкемнен қалған шаңырақ,
Қалмасын дедім қаңырап.
Жамырап келіп жатса екен,
Ұлым мен қызым маңырап.

Алтыннан ардақ босағам,
Айтармыз әлі қош-аман.
Білдірмей алшы осы үйде,
Жанымды бір күн, жасаған.

Сөзге құрмет

Қазақтың барлық сөзі меншігімде,
Берейін меншігіменен енші кімге.
Өлеңді шумақ-шумақ шашу үшін,
Шабытым, шамырқанып келші күнде!

Ақ жауын секілденіп сіркіреген
Құйылса көктен күнде шіркін өлең.
Татыса таңдайыма сөздің дәмі
Құмарым басылмаса жыр тілеген!

Қазақтың екеуінің бірі ұғынар
Өлеңде жүрегімнің дірілі бар.
Мәңгілік сапарыңды бастау үшін
Сөздерім, мәңгілікке тіріліп ал!

Жазғырар бұл өлеңді жазды деп кім,
Талғажау еттім сөзді азды- көп күн.
Сәждеге қоймай жүрген басымды иіп,
Ана тіл – ардағыма тағзым еттім!

Асыл жар

– Неге үйіне асығады бұл кісі? –
Деп біреулер келетіндей білгісі.
Мен үйіме асығатын себебім –
Менің жарым – асыл жардың үлгісі.

Күн шыққандай – күлсе оның күлкісі.
Оның көзі – көз біткеннің мұңдысы.
Кейде менің өңменімнен өтеді
Секілденіп қосауыздың ұңғысы.

Мен сияқты баласының тұңғышы
Кейде мені келеді оның ұрғысы.

Соның ыстық пейіліне ынтызар
Мен аялап келе жатқан жыр құсы.

Мен жәйлі оның келер бәрін білгісі
Айырбастай алмас оны мың кісі.
Анамдай боп аймалайды бетімді
Басқа түгіл, оның жұмсақ сүлгісі.

Келеді оның қасымда ылғи жүргісі,
Жарасады менімен тек тұрмысы.
Қызықпайды басқалардың бағына –
Тек менімен келеді өмір сүргісі.

Тек менімен келер өмір сүргісі
Жер бетінде бар болған соң бір кісі
Асығамын, асығамын үйіме –
Болмайын деп сағындырған жыл құсы!

Біздің ауыл шалғайда, жер түбінде

Біздің ауыл шалғайда, жер түбінде,
Бөлек біздің ауылдың дерті мүлде.
Бір сапарға шығып ем он үшімде,

Енді мына тағдырдың еркі кімде?

Ауыл қалды шалғайда, жер түбінде.
Қайрылуға қайран жоқ, барам ұзап,
Жолдас болдым жандарға жанары жат.

Ішіп жүрген суымның бәрі– кермек,

Жұтып жүрген ауамның бәрі– аңызақ,
Қайрылуға қайран жоқ, барам ұзап.

Ұзап барам, қайтейін, барған сайын,
Қанша жылым бар енді, бар қанша айым?
Бәйтеректің басымын тамырынан
Алыстайтын – жапырақ жарған сайын…

ІЗДЕУ САЛУ

Жеткіземіз деп жүріп жолдарды Айға,
Жиреншені, Алмаймыз Алдарды ойға.
Шырт түкіріп, шақшасын қағып қойып,
Қабағымен ықтырар шалдар қайда?

Жеті қырдың астынан тың тыңдаған
Жігіт қайда – сақтайтын жылқыңды аман?
Ажал жетсе арысқа – жоқтау айтып,
Жесір қайда – жұбанбай сұңқылдаған?!

Тұлпарларын жүрсе де мініп қойға,
Тектілігі қанымен тұнып бойда,

Қарындастың басына күн туғанда
Ту түбінен табылар жігіт қайда?!

Бәлесі көп бықсытып өрт-өсегін,
Бұрышында тұрмайтын әр көшенің.
Ару қайда – ар, ұят, иманымен,
Жайнамаздай күтетін жар төсегін?!

Қыздар қайда – Мәжнүннің ғашығындай?
Келін қайда – аспанның ашығындай?
Омпысына қорғасын құйып қойған,
Бала қайда – құлжаның асығындай?!

Намыс болса, оянар өзі-ақ бойда деп жүргенде,
ағарып көз ақпай ма?
Алты Алаштың арманын арқалаған
Асып туған атадан қазақ қайда?!

Бар азапты арқама тиегендей
Мен өлуім керек қой, Кием өлмей.
… Қазақ іздеп жүрмін мен, қазақ іздеп,
Күндіз шырақ ұстаған Диогендей!

ҚАРАҒАНДЫ

Туған жерге талантыңды қишы бар,
Өлең арна, Ән асқақтат, Күй шығар.
Қарағанды – Қазыбектің шапаны –
Шалғайында Сарыарқаның исі бар.

Күдірейсе шахталардың жотасы,
Ауасынан көмір дәмін татасың.
Қарағанды – көре білген кісіге,
Тәттімбеттің күйлерінің нотасы.

Алмас қылыш, қында жатып жұқардың,
Келер әлі балдағыңнан тұтар күн.
Алба-жұлба ала бұлттың ішінде,
Елесі жүр буырқанған Бұқардың.

Қарағанды – алғы сөзі ғасырдың,
Нүркен болып атағыңды асырдың

Теміртаудың будақ-будақ түтіні –
Шамырқанған шумақтары Қасымның!

Алты Алашқа азық болған ақылы
Қарағанды – ол Ақбайдың Жақыбы.
Қарағанды – Қарабастың түрмесі,
Тауқыметтің темір құрсау тақымы!

Кенші қазақ маңдай терін сыдырып
Жатқан жерге келу қиын қыдырып.
Қазағымның қатқан кезде қабағы
Қарағанды – түйілетін жұдырық.

Қарағанды – қасиетті ол Отан,
Қарағанды – ескі тарих, жаңа таң.
Қазағымның ашылғанда қабағы
Қарағанды – аялайтын алақан!

Айтарыңды жасқанбай айт, тіл өткір,
Қарағанды – дүрсілдеген жүрек бұл.
Қарағанды – қара бақан секілді
Қазақстан шаңырағын тіреп тұр.

Көптей көріп, құрметтеген аз ұлын,
Қарағанды – маңдайдағы жазуым.
Қарағанды – қадірімді іздесем –
Қайта айналып тауып келер қазығым!

ҚҰЛЖАНБАЙ ҚҰМЫНЫҢ ЖҰРТЫНДА

Құлын, құлын, құлын күнім.
Құлағыма ілінді үнің.
Кезікпейсің – кезіп кетсем
Құлжанбайдың құмын бүгін.

Құлын, құлын, құлын күнім,
Жұлынды ма тұлым-гүлің.
Кекілінен сипап енді
Еркелетер ұлыңды кім?

Құпияңды ұғынды кім?
Бүгінгіден – шығындымын.
Тайғақ өмір сапарында
Талай тайып жығылды ұлың.

Көзіндейсің бұрынғының.
Сұрар енді сырыңды кім?
Жым-жылас боп жайылыпсың.
Мен де өзгердім. Жырындымын.

Жүрегім бар жырым-жырым.

Құлын, құлын, құлын күнім,
Қайтарады құныңды кім?
Менің киік-тағдырым да
Қарауылға ілінді мың.
Құмдай қалың мұңым бүгін.
Құлын, құлын, құлын күнім!

ҰЛЫТАУДЫҢ ҚЫМЫЗЫ

Қанеки, қымызыңнан құйшы, ал, қызым,
Шанақтан ән төгілсін, күй шалқысын.
Қымыздың шалығымен жазған жырдан,
Көк майса шабындықтың исі аңқысын.

Біз үшін атамыздың асы – қымыз,
Қымызбен алшы түсер асығымыз.
Сусынын махаббаттың қанып іш деп,
Қолынан қымыз құйсын ғашығымыз.

Бал дәмі таңғалтады, толғантады,
Толтырып тостағанды қолға ал тағы

Қымызбен қоса жұтқың келеді екен,
Қымсынып қымыз берген сол қалқаны.

Қымыз құй!
Қымыз ішсем – бапқа келем,
Қымыздан артық қазақ таппаған ем.
Атамның асын ішсем, желік буып,
Аузымнан ақтарылар қап-қап өлең

Шөлінен шығып едім сағыныштың,
Қымызын Ұлытаудың қанып іштім.
Аңқаңды алқағанда аппақ сусын
Басылар алаулаған жалыны іштің.

Қадірін қайдан білсін жоқ үлгінің,
Торсықты тосырқайды көп ұл бүгін.
Баптаулы бал қымыздан аңқып тұрар
Түтінін аңсадым-ау тобылғының.

Телміртпей тостағанға, қымызды бер,
Қымызға қазақтай боп кім үздігер.
Мен нағыз қазақпын ба, басқамын ба –
Қызығып жұтқанымда қымыз білер.

Болсын деп үйір-үйір жылқым аман
Көңілім Қамбар ата жұртына алаң.
Балшықтай ұлдарымды баули берсін
Жарықтық жусан исі бұрқыраған.

Шешемнің шелек шайып, іс қылғаны,
Тері мес, жез самауыр, мыс құмғаны
Елестей көлбеңдейді көз алдымда
Татыса таңдайыма ыстың дәмі.

Қапысыз қадірлесең қонағыңды,
Қарағым, қылтыңдатпа коньягіңді.
Сарқып құй сабадағы сусыныңды,
Жібітсін жыбырлаған тамағымды!

АҚЫННЫҢ ҮЙІ немесе ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВТЫҢ ҮЙІН ҚИРАТУ

Дегені қайда – басылды құйын?
Ақылым жетпей, ашиды миым:
Виноградов көшесіндегі
Қиратып жатыр Қасымның үйін.

Қайтейін, кембақ астана, сені –
Тиетіндей-ақ басқаға себі
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
Қиналып тапқан баспанасы еді…

Шақыр да шұқыр шаққанда әйнегін
Ажалдың сездім ақпандай лебін.
Біртіндеп сөгіп қабырғаларымды
Кеудемді бұзып жатқандай менің!

Жырды қорғаудың кешікті ережесі,
Қирады, сынды есік-терезесі.
Сәби жырлардың бесігі еді,
Бар екен сонша бесікте несі?

Шашылды жерге – шамдары сыңғыр,
Тағы да үйсіз қалды арысың бір.
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
Қатыгез жандар, қолдарың сыңғыр!

Жүйрігім еді жыр көшіндегі,
Бауырын жазып бір көсілмеді.
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
… Біздің үй соның іргесінде еді!

ҒАЛЫМ ЖАЙЛЫБАЙҒА

Ғалым, сенің ауылың «Жеңіс» құмы,
Топырақтың сол жерде ең ыстығы.
Аттың басын арудың бәсі көрген
Құмды ауылдың сен едің келісті ұлы…

Көп жүріп ең алалы жылқы ішінде,
Жазамысың налалы жыр түсіңде.
Алматыда алшаңдап басқан ұлдың
Қайдан білсін не барын жұрт ішінде.

Жеңіс құмның көбейді дерті мүлде,
Барғыштайсың болса да жер түбінде.
Құлындары ауылдың жетім қалып,
Тұлпарлары ауылдың мертігуде.

Көнбіс болып үйренген азаматтар,
Жоғарыға жалпақтап жазады ақпар.
Жеңіс құмның ішінде жөтеледі,
Тұяғынан кетілген қазанаттар.

Тұнжырайды жыр жазып текті ұл неге?
(Тектілердің бақытын тек күндеме.)
Адамзатқа зияны жоқ болғанда,
Қылқұйрыққа жақпайды гептиль неге?!

Жеңіс, солай тұлпардан айырылдыңдар,
Көтереді қайысып қайғыңды ұлдар.
Тұсыңа кеп жүреді Байшұбарлар,
Түсіңе көп кіреді Тайбурылдар.

Үнсіз нәубет секілді, үнсіз қырғын,
Құпиясын кім ұқсын тылсым жырдың.
Жүген ұстап жүреді қыр баласы
Мойнына асып бір ұшын қылшылбырдың.

Көлігіміз болған соң мінген арық,
Күдігіміз етеді күнде ғаріп.
Сырымызды айтамыз өлеңменен,
Мұңымызды шағамыз кімге барып?!.

Жүрсін ЕРМАН.

Басқа материалдар

Back to top button