Бағдарлы жұмыстар сараланды

      Нұра ауданы әкімдігінде Елбасы Нұрсұлтан  НАЗАРБАЕВТЫҢ «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көрсетілген міндеттердің аудан бойынша жүзеге асыруды бағдарлаған актив жиыны өтті.

Аудан көлемінде Жолдауға сай алға қойылған мақсаттар туралы аудан әкімі Ниқанбай Омарханов талдау жасады.

Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізу бағытында жоғары еңбек өнімділігі бар қайта өңдеу секторына бағдарланған жұмыстар жалғасын таппақ. Бұл сала бір жыл ішінде 6,4 пайызға өсті. Еңбек өнімділігі жұмыспен қамтылған бір адамға шаққанда 7,3 мың долларды құрады.

Бүгінде Кәсіпкерлікті қолдау картасына 3 жоба енгізілді. Жаңа жоба – «Интерн» ЖШС-нің «Өндірістік жарылғыш заттар өндіру және базистік қоймада жарылғыш материалдарды сақтау үшін шағын зауыт салу құрылысы» басталды.  Жобаның құны – 579,2 млн. теңге. Жоспарланған қуаты – 8000 тонна. 95 жұмыс орны ашылмақ.

Аудан бойынша көптеген өндірушілер бүгіннің өзінде заманауи автоматтандырылған, жартылай автоматтандырылған технологиялық желілерді қолдануда. Сонымен қатар, көпшілігі өндірісте қашықтықтан басқарылатын, бағдарламалық жабдықтар қолдануда.

Елбасы бірқатар қазақстандық өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрландыру бойынша пилоттық жобаларды жүзеге асыруды тапсырды.  Ал, біздің өңірде «Шұбаркөл Көмір» АҚ көмір разрезінде осы жылы «Ақылды карьер» басқару жүйесі енгізілуде.

Елбасы баса айтқандай, аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталмақ. Ауыл шаруашылығы кооперацияларын құру жұмыстары күшейтіліп, сүт кооперативтерін көбейту көзделуде. Сонымен қатар, ауданнан сүтті пакеттейтін кіші сүт зауытын салу жұмыстары жүргізілмек.

Қазіргі уақытта аудан бойынша 25 кооператив бар. Олар өз өнімдерін өндірушілерге тапсыруда. Кооперативтерге шығындарын өтеу үшін 24,6 млн. теңге көлемінде субсидия төленді.

Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бойынша жүзеге асырылған пилоттық жоба аясында  «Асыл түлік» АҚ 12 кооперативтің және 1402 ірі қараға диагностика жұмыстарымен қатар, қолдан ұрықтандыру жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстар өмір талабы, сонымен қатар мал ауруының алдын алуға көп септігін тигізбек.

2018 жылы аудан бойынша жолдарға жөндеу жұмыстарына 1,2 млрд. теңге қарастырылуда. Аудандық маңызы бар жолдардың жөндеу жұмыстарына 735,2 млн. теңге бөлінді.

Елбасы тапсырмасын орындай отырып, 2030 жылға қарай  бір адамға 30 шаршы  метрлік көрсеткішке жеткізуіміз керек. Былтыр облыстық бюджеттен бөлінген 196,6 млн.теңгеге 24 пәтерлік екі үйдің құрылысы жалғастырылып, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы жасалды.

Биыл екі пәтерлі  20  үйдің құрылысы мен инфрақұрылымына облыстық бюджеттен  519,1 млн. теңге бөлінді. 12 ауылда салынатын жалдамалы екі пәтерлі үйдің жобалық-сметалық құжаттамасына аудандық бюджеттен  5 млн. теңге бөлінді. Үстіміздегі жылы аудандық бюджеттен ауылдық жерлерден мамандарға үй сатып алу үшін 3 млн. теңге қарастырылды.

Еліміздің  даму бағдары көрсетілген Жолдауды талдау барысында «Сүлейменов» ШҚ жетекшісі Нұрлан Сүлейменов, Нұра №2 орта мектебі директорының бастауыш сыныптар бойынша орынбасары Айнұр Құсайынова, аудандық орталық аурухананың дәрігері Татьяна Исакова, Кертінді ауылының жас кәсіпкері Ақбөпе Қоқанова, жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Мұқашев өз ойларын ортаға салып, активке қатысушылармен бөлісті.

Жиын қорытындысында Ниқанбай Омарханов салалар бойынша атқарылуы тиіс жұмыстарды нақтылап, жауапты органдар басшыларына тапсырмалар берді.

 

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.