Бағдарлама – мемлекеттен ұсыныс

    Биыл Шахтинск өңірінің денсаулық сақтау, мәдениет нысандарының күрделі және ағымдағы жөндеуіне және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына 150 млн.теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл жөндеу жұмыстарына Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген тұрғындар тартылған. Сөйтіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының бірінші бағыты арқылы өңірде 57 адам тұрақты жұмысқа қол жеткізді.

Баршаға мәлім, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы үш бағыт негізінде жүзеге асуда. Бірінші – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта инфрақұрылым жобалары арқылы тұрғындарды жұмыспен қамту. Осылайша, мемлекет бір оқпен екі қоянды атып алды: бірінші, ТКШ, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік сала нысандарын қалыпқа келтірсе, екіншіден, тұрғындарға сол арқылы жұмыс орнын ұсынуда. Биылғы жаздың өзінде аталған бағдарламаға бөлінген қаржы арқылы «Шахтинск қаласының медициналық жабдықтау базасы» КМП күрделі жөндеуден, Долинка елді мекеніндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай ғимараты ағымдағы жөндеуден өтті. Новодолинка және Шахан кенттеріндегі мәдениет сарайлары, Шахтинск қаласындағы қариялар мен мүгедектердің медициналық-әлеуметтік мекемесі де бағдарлама шарапатын көрді. Бұл жұмыстарға 107,5 млн.теңге республикалық бюджеттен, 12 млн.теңгеге жуық қаражат жергілікті бюджеттен бөлінді. Барлық талаптар сақталғаннан кейін қариялар үйінің жөндеуі бастау алған сәтте, жарықтандыруға қатысты жұмыстар да қолға алынады. Шахан кентінің көлік жолдары жөндеуден өтеді. Оған 8 адамды орналастыру жоспарда. Сонымен қатар, жаңа 3 жобаны іске асыру үшін қосымша қаражат қарастырылуда. Бұл жобалар арқылы 9 адам нәпақысын айырады.

Биыл 12 қала тұрғыны «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен шағын несиеге өтініш беріп, өз істерін кеңейтіп, ашуға мүмкіндік алды. Кәсіпкерлерді ынталандыруға бағытталған бұл шараға 36 млн.теңге бөлінген. Бұл қаражат шағын несие арқылы кәсіпкерлерге берілді. Бүгінде 12 адам қаражат алды. Сондай-ақ, үш тұрғынның жобасын Ауыл шаруашылығын қолдау қоры мақұлдап отыр. Бұл қаражатқа олар пластик терезелер өндірісін жолға қойып, ауыл шаруашылығы, соның ішінде, мал басын өсіруді, жылыжай салып, мейрамхана секілді қызмет көрсету аясын кеңейтуді көздейді.

Жақында мемлекеттен қолдау тапқан кәсіпкер Долинка кентінің тұрғыны Сұлушаш Төлеубекова наубайхана ашып, жұмысын бастап кетті. Тұрғындарды бүгінде жаңа піскен нан өнімдерімен қамтып отыр.

Шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің нәтижесінде қосымша 16 жұмыс орны пайда болды. Алты адам кәсіпкерлік негізіне тегін оқытылып, дәріс алды.

Бағдарламаның үшінші бағыты әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға, жастар практикасын ұйымдастыруға, мамандарды қайта дайындықтан өткізуге мүмкіндік береді. Атап өткен жөн, оқыту және жұмысқа орналастыру жұмыс берушінің сұранысына сай өріс алуда. Тоғыз айда тұрақты жұмыспен 236 адам қамтылған, 60 тұрғын жастар практикасына жолдама алды, 64 адам әлеуметтік жұмысқа орналасты. Кәсіби қайта оқыту бағдарламаның 38 қатысушысына бұйырды. Бұған Шахтинскі өңірінде 30 млн.теңге бөлінген.

Светлана СВИЧ.

ШАХТИНСК қаласы

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.