Облыс әкімі

Бағдарлама арқылы жылу жүйесі жақсарады

Жылу беру маусымына дайындық облысы басшылығының ұдайы бақылауында. Аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК қыста орын алған жайттарды ескеріп, ресурстарды дұрыс бөлуді талап етті.

– Өткен қыс жұмыста іркілістер бар екенін көрсетті. Әсіресе, Қарағандының Октябрь ауданында және Теміртауда. ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жұмысында, жылу желілерінде проблемалар бар. Бұл мәселелерді дер кезінде шешу, жабдықтың сенімділігін арттыру және орын алған олқылықтарды жою қажет, – деді облыс әкімі онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте.

Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов аймақтағы 8 жылу электр станциясында 26 қазандық пен 15 турбинаны жөндеу жоспарланғанын хабарлады. Бүгінгі таңда жөндеу кестеге сәйкес басталған.

Теміртауда ЖЭО-2 қуатын арттыруда жетінші қазандықтың құрылысы – аса маңызды. Қазіргі уақытта жол картасы әзірленіпті. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жабдықтарды монтаждауға және ғимаратты жөндеуге тендер өткізіп, мамырдың соңында келісімшарт жасалады деп күтілуде.

Сонымен қатар, жылу желілерін жаңғыртуда бірқатар жобалар іске асырылуда. Мысалы, облыс орталығында «Нұрлы жол» бағдарламасымен Оңтүстік-Батыс құрылыс ауданында жылу магистралі қайта жаңғыртылады.

Сондай-ақ, биыл Қарағандыда үшінші жылу құбырының құрылысы басталады. Жылумен қамту жүйелерін дамыту бағдарламасымен қаражат та бөлінді. ЖЭО-3-тен магистральдық жылу желілерінің ұзындығы – 22 шақырым. Жаңа магистраль Қарағандының жаңа орталығын жылумен қамту тапшылығын шешеді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау 2022 жылға жоспарланған.

Ал, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы Жезқазған мен Балқаштағы жылу желілерін қайта жаңарту жүргізіледі.

Шаханда биыл орталық қазандық іске қосылады деп күтілуде. Орамішілік желілердің құрылысы жүріп жатыр. Жоба «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша да қаржыландырылды. Көп қабатты үйлерді орталықтандырылған жылуға қосу мәселесі шешімін табады. Саран қаласында болса, орталықтандырылған қазандық құрылысы жалғасуда.

– Әкімдердің алдында қысқа сапалы және уақытылы дайындалу міндеті тұр. Кестенің бұзылуына жол бермеңіздер. Жылу беру маусымына дайындық тұрақты бақылауда, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button