Руханият

Баһадүр баба бағасын қашан алады?

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыстық мемлекеттік архив ғимаратында есімі аңызға айналған батыр Жалаңтөс Жансарыұлына арналған «Тәуелсіздік бастауында бабалар ерлігі. Жалаңтөс батыр» атты дөңгелек үстел өтті. Бүгінде елі мен жерін қорғауда теңдессіз ерлік көрсеткен батырдың құрметіне ескерткіш тұрмақ, мүсін де жоқ. Мемлекеттік орган өкілдері, ғалымдар, тарихшылар, әдебиетшілер, жазушылар мен батыр ұрпақтары бас қосқан жиында осы мәселе кеңінен талқыланды.

Жалаңтөс батырдың есімі Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Малайсары сынды батырлармен қатар аталады. Жергілікті тарихшылардың айтуынша, 1730 жылы Соқыр батыр, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Шапырашты Наурызбай, Қаракесек Сеңкібай және Жидебай секілді біртуар батырлармен Түркістанды жаудан азат ету үшін шайқасқа қатысқан.

Ел басына күн туғанда жанын оққа да тоса білген батырлардың ерлігін келер ұрпаққа насихаттау – парызымыз. Бұл шара да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның тарихи тұлғаларын кеңінен насихаттау, тарихтағы жаңа есімдерді анықтап, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Оқушылар мен студенттер қатысқан шара аясында «Ұлы даланың батырлары» атты фотоқұжаттық көрме ұйымдастырылды. Көрмеде батыр ұрпақтарының естеліктері, өлеңдері және мақалалары орын алған. Сонымен қатар, батыр бабамыздың ерлігін бейнелейтін бейнеролик те көрермен назарына ұсынылды.

Нұр-Сұлтан қаласынан келген мемлекет және қоғам қайраткері Қабылсаят Әбішев, мемлекеттік қызмет ардагері Мейірхан Тәттібеков, жазушы Мұхамедқали Баймұханов және облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаев батыр жайлы ел білмейтін тың дүниелерімен бөлісті. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры Нұрсахан Бейсенбекова, қаламы қарымды қаламгер Төрехан Майбас, батырдың өмірін зерттеуші Қуандық Сәденов те тұщымды ойларын ортаға салды.

Жалаңтөс батырдың өмірі мен ерлік істері жайлы көптеген деректер, дәлелдер ғылыми айналымға әлі енгізілген жоқ. Жидебай батыр ескерткіші жеті қалада орнатылған болса, Жалаңтөс батырдың ескерткіші қойылған қаланы таппайсың.

Бүгінгі жиынның басты мәселесі де осы еді. Отырыс барысында батырдың кесенесі мемлекеттік қорғауға алынуы, сондай-ақ батыр атына жеке архивтік қор ашу жайлы мәселелер ортаға салынды. Осы сұрақ туралы бұған дейін облыс әкімдігіне ұсыныс хат та жіберілген екен.

 Батыр кесенесінің мемлекет қорғауына алынуы жайлы мәдениет басқармасы орталығына өтініш ұсынылған. Министрліктің бекіткен ережесіне сәйкес, жұмыстар атқарылуда. Жеке архивтік қор ашу үшін құжаттардың түпнұсқасы болуы қажет. Ал, қолда құжаттардың жоқтығы осы мәселеге бөгет болып отыр.

– Жиында тың деректер айтылды. Енді осы қарқынмен алға қарай жылжуға тиіспіз. Негізгісі – осы. Жалаңтөс батырдың мазары – Қарағандыда. Жалаңтөс, Сеңкібай, Жидебай, Жарылғап сынды батырларымыздың есімі жергілікті деңгейде қалып бара жатыр. Үлкен қалаларда бұл батырларға бірде-бір ескерткіш орнатылмаған. Ал, ескерткіш орнатуға жердің бөлінуі бізді тежеп тұр. Осы мәселе бойынша облыс әкіміне өтінішімізді білдірген едік. Батырға арналған ескерткіш үлгісі де дайын. Алдағы уақытта тиісті органдармен жұмыс істейміз деген ойдамын, – деді батырды зерттеуші Қуандық Сәденов.

 Облыс әкімдігіне жолданған хатта батырдың кесенесі облыс территориясындағы тарихи ескерткіштер тізіміне енгізілуі керектігі көрсетілген. Алдағы уақытта осы мәселелер оң шешімін табарына сенгіміз келеді…

 Жалаңтөс батырдың суретін салған Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, символистмүсінші Сембіғали Смағұлов.

Ербол ЕРБОЛАТ,

Басқа материалдар

Back to top button