БҰҰ стандартына жетер күн жақын
Баспана бұрын бұқараның кәдімгі бас ауруы еді. Баспана дегенде, елдің еңірегенде, етегі жасқа толардай-тын. Қазір ахуал біршама оңалды. Жағдай жақсарып келеді. Осы күні тұрақты табыс пен екінші деңгейлес банк талаптарына жауап берсе, пәтерлі болуы бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеу. Таңдап жүріп, шекесінен шертіп алуға мүмкіндік бар. Бұған мемлекеттік бағдарламалардың зор септігі тиді. Мұны осы арада баса атау қажет. Мемлекет басшысы тұрғын үй мәселесін ұдайы назарда ұстайды. Қаперде әуелі кезекте – мұқтаждар. Оны ресми тіл әлжуаз, әлсіз, осал топ деседі. Бұдан бөлек, қалаға келіп, паналайтын қуыс таппай, қаңғыбастың күйін кешкен жастардың баспана алуы да Үкіметтің есінде. Не десек те, жұртшылық ақырындап, «үй» деген мұратына жетіп келеді…
Ашық ресурстардағы деректерге жүгінсек, БҰҰ әлеуметтік стандарттары бойынша әрбір тұрғын кемі 30 шаршы метрмен қамтылуы керек екен. Ал «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында» елімізде тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші 2022 жылдың қорытындысында 1 тұрғынға шаққанда 23,4 шаршы метр дейді. Аталған көрсеткіш 2018 жылғы деңгейден 6,8% жоғары көрінеді. Ол уақытта әрбір қазақстандыққа 21,9 шаршы метрден келген еді.
Баспанамен қамтамасыз етудің ең жоғарғы көрсеткіші 7 өңірде байқалған. Дәлірек айтқанда, Астана тұрғындарына – 30,5 шаршы метрден, Алматы қаласында – 29,1 ш.м. Ал өзге үздік өңірлер бойынша, Маңғыстау облысы – 28,4, Шымкент қаласы – 27,4, ШҚО – 26,5, Ақмола облысы – 26,1, Атырау облысы – 26 шаршы метрден. Қарағанды облысы әзірге осыларды өкшелеп қалды. Жаңылмасақ, әр тұрғынға 23-24 шаршы метр шамасы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында халықты баспанамен қамту саясаты жалғасатынын айтқан-ды.
«Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Маған азаматтардан күн сайын жүздеген өтініш келеді. Оның ішінде қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді сұраған хат өте көп. Бұл түйткіл мемлекет тарапынан мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Тағы да қайталап айтамын, мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар, бұл тұрғыдағы мемлекеттік саясаттың қайта қаралып, оның мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз етуді міндеттеген еді.
Расында, қазір мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған мұқтаж жандарды кезең-кезеңмен баспанамен қамту іске асып жатыр. Бұл игі іс еліміздің барлық өңірінде қолға алынғаны мәлім. Әлеуметтік әлжуаз топтардан бөлек, қазіргі уақытта жастардың баспаналы болуына ден қойылды. Мәселен, бұған дейін Астана, Алматы қалаларында іске асқан жастар ипотекасы кейінгі екі жылда Қарағандыда да жалғасын тапты. Соның нәтижесінде, былтыр сексенге жуық жас, биыл жүзге тарта қыз-жігіт қоныстойын тойлады. Бұл жеңілдетілген ипотеканың Қарағанды қаласының ғана емес, Теміртау секілді моноқалалардың да жастарын қамтығаны да өзге өңірлерге өнеге. Өйткені, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында мемлекеттік негізде әрекет ететін «Отбасы банктің» тек облыс орталықтарына ғана емес, өзге де аудан-қала аудандарына да назар аудару керектігін тапсырған еді.
«Бұдан бөлек, «Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керек. Басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға аударған жөн» деген болатын Мемлекет басшысы.
Осы орайда Қарағанды облысындағы жастар ипотекасын атау керек. Бұдан былай бұл бағдарлама алдағы уақытта өзге серіктес қалаларда жалғасын табады деп күтілуде.
Жылына 5% өсіммен 20 миллион теңгеге дейін берілетін несие Президент тапсырмасының аясында аймақта қолға алынған айтулы іс деуге негіз бар.
Ал, жалпы, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының дерегінше, биыл, 2023 жылы облыста барлық қаржыландыру көзінен 400 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған болатын.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында бюджеттен 12,2 млрд. теңге бөлініп, қаражат халықтың әлеуметтік осал топтары үшін сатып алу құқығынсыз дайын жалға берілетін тұрғын үйді салу және сатып алу, облигациялық қарыздар есебінен кредиттік тұрғын үй салу, тұрғын үй құрылысына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу сияқты бірнеше бағыттарға жұмсалатынын мәлімдеген болатын құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Мұның сыртында металлургтер мен кеншілерге баспана берудің жеңілдетілген бағдарламасы тағы барын еске саламыз.
Бүгінгі таңда тұрғын үй құрылысынан аймақтың әрбір қала-ауданы қалыс қалмаған. Енді Президент тапсырмасына байланысты «Отбасы банк» облыс орталығынан шығып, аудандарда географиясын кеңейтсе, ауылдың тынысы ашыларына күмәнмен қараудың өзі күнә секілді.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz