Ә.БӨКЕЙХАН: тарихнамалық шолу

Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметінің шын тарихы тек Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жаңа негізде зерттеліп келеді. Алаш қозғалысының ұлттық тарихтағы орнын зерттеудің методологиялық негіздемесі ретінде Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Тарих толқынында» атты еңбегін айтуға болады. Еңбектің «Алаш мұрасы және осы заман» деп аталған тарауында ХХ ғасырдың тарихына зер салатын болсақ, оның алғашқы отыз жылында-ақ қазақ зиялыларының аса көрнекті қайраткерлерінің тұлғасын танып үлгергенін байқаймыз.

Ә.Бөкейханның Санкт-Петербургтағы бюст

ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» дей келе, Елбасы ойын әрі қарай былай деп жалғастырады: «Алаш» партиясының бағдарламасын жүзеге асыру барысында дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыру арқылы бұрынғы қазақ қоғамындағы белгілі қайшылықтардан арылуға мүмкіндік туды. Онда тұжырымдалған өтпелі кезең қағидалары жаңғырту қарекетін біршама жүйелі атқаруға жағдай жасады…».

Отандық тарихқа арналған «Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін)» деп аталатын көп томдық академиялық зерттеудің ІV томындағы тарихнамалық бөлімінде Алаш зиялылары туралы шыққан еңбектер туралы айтылады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін тарихымыздың осы мәселесін зерттеген тарихшы ғалым Кеңес Нұрпейісов болды.

К.Нұрпейісов «Алаш һәм Алашорда» деген еңбегінде Алаш қозғалысымен байланысты мәселелер жанжақты зерттелді. Бұл еңбек үлкен төрт тараудан тұрады. Мәселенің тарихнамасы мен деректері жеке бір тарауды құрайды. Алаш қозғалысының басталуы, 1917 жылғы революциядан кейінгі Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдай, Алаш партиясының құрылуы, Алашорда және Совет өкіметі арасындағы қарым-қатынас баяндалды. Алаш қозғалысы, бірнеше құрамдас бөлімдерден тұратын күрделі ұғым екендігін, бұл ұғымға біріншіден, саяси партия ретіндегі Алаш, екіншіден, мемлекеттік құрылым түріндегі Алаш автономиясы, үшіншіден, осы автономияны (Алаш атты қазақтың мемлекеттігін) басқаруға тиісті болған Алаштың ордасы (Алашорда үкіметі) кіретіндігін жазады. Соның ішінде Әлихан Бөкейханның өз заманындағы беделі, Алаш зиялыларының оның пікірімен санасатындығы, Алаш саяси партиясының және Алашорда үкіметін құрудағы оның қызметі туралы айтылады Автордың бұл еңбегінде Отандық тарихта бірінші рет десе де болады, Алаш және Алашорда тарихының тарихнамасы мен деректік көздеріне талдау жасалады. ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының еңбектерін талдап, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылу тарихын көрсетеді.

Автор өз еңбегінде Алаштанудың басты бағыттарының бірі – Алашорданың әлеуметтік табиғатын, олардың қазақ қоғамының қандай бөлігіне сүйенгенін анықтау деп көрсетеді. Еңбектің төртінші тарауы Алашорда мен Кеңес үкіметі туралы проблемаға арналған. Мұнда автор Кеңес үкіметі мен Алаштың орнауы туралы нақты фактілерге сүйеніп жазады. Әсіресе, осы тарауда қызықты, бұрын жарияланбаған, ғылыми айналысқа алғаш енген деректер негізінде Алаш пен Алашорданың азамат соғысы жылдарындағы қызметі жан-жақты баяндалады. Онда Әлихан Бөкейханның 1919 жылы ақпанның 11-де Колчак үкіметінің ресми делегациясымен жүргізген келіссөздерін бере отырып, сол кездегі Алаш қарулы күштерінің саны үш мың жауынгер болғанын көрсетеді. Сондықтан да, әскері әлсіз Алаш автономиясы азамат соғысы барысында шешуші рөл атқара алмаған деп ой қорытады.

Әлихан Бөкейхан және Ахмет Байтұрсынұлы – Ұлы Даладағы ұлттық демократиялық қозғалыстың бастауында тұрған тұлғалар. Екеуін қазақ ұлттық демократиялық қозғалыста бір-бірінен бөліп қарауға болмайтындығын академик М.Қозыбаев айтқан болатын. Оның «Ғасыр тауқыметін арқалаған арыстар» деп аталатын мақаласында Ленинге 1920 жылы көкек айында Қазақ Әскери ревкомының және Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің мүшесі А.Байтұрсынұлы жолдаған хатында Совет өкіметінің ұлт саясатына наразылық білдіреді. А.Байтұрсынұлы Совет дәуірінде қазақ елінің өзін-өзі билеу проблемасын қояды. Бұл принципті тұжырымдап, М.Қозыбаев «Ахаң қазақ елінің шын мәнінде тәуелсіз ел болуын көздегені бірден көзге ұрады» дейді. Сонымен бірге, ғалым А.Байтұрсынұлы жанындағы рухани пікірлестері Әлихан мен Міржақып қазақтың демократиялық либералдық бағыттағы зиялылары болғандығын көрсетеді. Үш алып еуропалық өркениеттік дәрежедегі қозғалысты қалыптастырды, Алаш бағдарламасын жасады, сонымен қатар рухани азық ретінде «Қазақ» газетін шығарды.

Белгілі алаштанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев алғашқылардың бірі болып 1994 жылы «Әлихан Бөкейхан. Публицистика және ғылыми мақалалар» деген еңбегін құрастырды. Бұл еңбекте Ә.Бөкейханның өмірі, қызметі жайлы, оның біраз публицистикалық шығармаларын жинақтап енгізді. Ғалымның кешенді еңбектерінің бірі «Алаш қозғалысы» деп аталады. Осы еңбектің V тарауында ғалым Әлихан Бөкейханның уақытша үкіметтің Торғай облыстық комиссары ретінде қызметі мен уақытша үкіметтің жер саясатына байланысты оның өзіндік ұстанымдарын жеке талдап көрсеткен.

М.Қойгелдиев шығармалары қазіргі отандық тарихнамаға үлкен үлес қосып, оның дамуына ықпал жасаған. Әсіресе, автордың тарихи тұлғалар жөніндегі еңбектері, оның ішінде Әлихан Бөкейхан мұрасы ұлттық болмысымызды уақыт контексінде танып білуде Абай шығармаларын еске салып, олармен өзектес екенін көрсетеді. Әлихан Бөкейхан – тарихи тұлға, оның ұлт тарихында алатын орны жоғары, автор тұжырымы осындай. Ол қазақ халқының мемлекеттік дербестігі үшін XIX ғасырда Кенесары Қасымұлының бастауымен жүргізілген күресті XX ғасырдың басында, яғни жаңа тарихи жағдайда одан әрі жалғастырушы жалпыұлттық қозғалыстың басында тұрды.

Әлихан Бөкейхан 1896-1903 жылдар аралығында Ф.Щербина экспедициясының жұмысына қатысып, қазақ даласына байланысты империялық биліктің көздеген мақсатын көріп, патшалықтың таяу арада ірі стратегиялық шараларды іске асыру үшін даярлық жасап жатқанын байқаған, яғни қазақ даласын ішкі ресейлік губерниялардан қоныс аударған шаруаларды орналастыру аймағына айналдыру екенін түсінді. Олай болса, «өзінің жалпы ұлттық мүддесін қорғау ісінде ешқандай да ұйымдаспаған қоғамды басқару тетіктері түгелдей басқаның қолына көшкен қазақ еліне өмір және тіршілік көзі – жерден біржола айрылу қаупі төніп келе жатқанын Ә.Бөкейхан әбден түсінген еді» – дейді автор. Тарихшы М.Қойгелдиевтің Ә.Бөкейхан туралы жазған еңбектері қазақ тарихнамасында ғұмырнамалық зерттеулердің бастамасы, теориясы ретінде өз орны бар зерттеу.

Тарихшы ғалым Талас Омарбековтың тарихнамалық мәні мол «Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас» атты еңбегі өте жоғары бағаға лайықты жұмыс. Бұл еңбектің екінші авторы – Ш.Омарбеков.

Аталған еңбектің деректерге сүйеніп жазылған бөлімінің бірі қуғындалған қазақ зиялыларының тарихи көзқарасы, онда авторлар бұл мәселенің деректік көздеріне тоқталып, тәуелсіздік алған жылдардан бастап саяси қуғынға ұшыраған қазақ зиялыларының күрделі тағдыры жаңа методологиялық тұрғыдан зерттеле бастағандығын көрсетіп, жарық көрген ғылыми зерттеу лерді бірнеше топқа бөліп қарастырған. Осы бөлімде авторлар Ә.Бөкейханның тарихи зерттеулеріндегі қазақ елінің тас, қола дәуірінен бергі тарихи, мекендеген халықтары, олардың мәдени, саяси әлеуметтік жетістіктері және отаршылдық, қоныстандыру саясатына деген көзқарасын, ұлт-азаттық күресінің бағытын, мақсат-мүддесін ашып көрсеткен.

Белгілі ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші әрі алғашқы мазмұнын жанжақты зерттеуші, шәкәрімтанудың негізін қалаушы Қайым Мұхамедхановтың біраз мақалалары Әлихан Бөкейханға арналған. Мақалаларының бірінде ғалым қазақтың ұлы ақыны Абайды тұңғыш рет баспасөзде танытқан Әлихан Бөкейхан екендігін жазады.

Алаш тарихын зерттеушілердің қатарында М.Құлмұхаммедтің де есімін атаған дұрыс. Оның монографияларында Алаш қайраткерлерінің саяси-құқықтық көзқарастары, «Алаш» бағдарламасының мәні мен оның шынайылығы қарастырылған.

Әлихан Бөкейханды жан-жақты зерттеуде өзіндік үлес қосып жүрген ғалымдардың бірі – әлихантанушы, Сұлтан Хан Аққұлұлы. Ол баспасөз беттерінде қазақ және орыс тілдерінде Әлихан Бөкейханға қатысты көптеген мақала жазды. Сонымен бірге, Ұлт көсемінің туғанына 150 жыл толуына арнап, Ә.Бөкейханның өмірі мен сан қырлы қызметі туралы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде 1990 жылдан бастап 2016 жылдың аралығында мерзімді басылымдар, әдеби-қоғамдық және ғылыми журналдарда жарық көрген зерттеулер, мақалалар мен сұхбаттар, дөңгелек үстел материалдары топтастырылған еңбегін шығарды. Осы еңбекпен қатар ғалым, зерттеуші «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы» және «Әлихан Бөкейхан. Аманат» деп аталатын екі томдық жинақты қазақ және орыс тілдерінде, Ә.Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына орай 15 томдығын арнайы бастырып шығарды.

Ғ.Қожахметовтың ғылыми еңбектерінде ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының мемлекетшілдік ой-пікірінің заңнамалық негіздері және Ресей Мемлекеттік Думасында қазақ даласының жер, дін, тіл мәселелері, қазақ мұсылман депутаттарының қызметі, соның ішінде Әлихан Бөкейханның мемлекет туралы көзқарастары беріледі.

Қазақстан тарихының кеңестік кезеңде тыйым салынған тұстарын жаңа қырынан зерделей отырып, Алаштың ардақты ұлдарының азаматтық тұлғасын шынайы, өз болмысында сомдап, танытуды мақсат тұтқан С.Өзбекұлының «Арыстары Алаштың: тарихи очерк» атты еңбегі. Автор бұл еңбегін Қазан төңкерісіне дейінгі мерзімді баспасөз беттерінен жиырма жыл бойы жинаған материалдары негізінде жазған. Өзінің ғылыми ізденісі барысында ғалымның жазған бұл зерттеуі ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында ғұмыр кешкен, бірақ кезіндегі саяси қуғын-сүргінің зардабынан есімдері саналы түрде «ескерілмей» келген халық қайраткерлерінің ұлт болашағы үшін атқарған қыруар қызметтерін, олардың қоғамдық-саяси, құқықтық көзқарастарын сол заманның көкейкесті мәселелерімен ғана емес, сонымен қатар бүгінгі күннің тыныс-тіршілік, талаптарымен де ұштастыра білгендігімен құнды.

Тәуелсіз елдің ғалым-зерттеушілері Әлихан Бөкейхан жөнінде кешенді зерттеулер жүргізіп келеді. Солардың ішінде Т.Жұртбай, Д.Қамзабекұлы, О.Өмірзақ, Ә.Бәкір, М.Кенемолдин, С.Кенжеахметұлы, Ш.Забих және басқаларының есімдерін атауға болады. Мысалы, ғалым Тұрсын Жұртбай өзінің «Әлихан Бөкейханов және біртұтас Алаш идеясы» атты мақаласында 1917 жылы «Алаш» партиясы құру арқылы нақты мемлекеттік идеяның негізін қалаған біртұтас Алаш идеясының пайда болғанын айта келіп, «онда Алаш қайраткерлерінің барлығының демі мен аңсары бар, ал ұйытқысы – Әлихан Бөкейханов болатын» дейді.

Алаш қайраткерлерінің еңбектерін жинау, зерттеу және жариялау, Алаш мұрасына сараптама жүргізу, түсінік беру, сонымен бірге Алаш мұрасын көпшілікке кеңінен насихаттау бағытында үлкен жұмыс жүргізіп жүрген Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Алаш» мәдениет және рухани даму институты, Семей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті жанынан ашылған «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығы және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті тарих факультетінің жанынан құрылған «Тұлғатану» ғылымизерттеу орталығы ғалымдарының жұмыстарын айтуға болады.

Тарих ғылымының қазіргі кездегі даму сатыларында тарихтағы тұлғаның рөлі мәселесі басым бағыттардың бірі болып отыр. Әсіресе, қисынсыз ұмыт қалдырған тұлғаның өмірі мен қызметін зерттеу, сол арқылы қоғамдық-саяси жағдайды анықтау маңызды. Тұлғаның бейнесі, оның атқарған қызметі, ол өмір сүрген қоғамдық орта арқылы ұлттық тарихты танып-білетін кез жеткендіктен, методологияда тұлғаны сипаттау барысында оны бағалаудың белгілі бір немесе айқын элементі қажет. Осы аталғандар монография тақырыбын толықтай ашып тұр, яғни Әлихан Бөкейхан тұлғасы арқылы ол өмір сүрген ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы жағдайдың барлық қырларын айқындауға мүмкіндік туды.

Нұрсахан БЕЙСЕНБЕКОВА, тарих ғылымдарының кандидаты.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің доценті.