Ресми

Бүйірі тоқ бюджет, мақсатты жұмсау – міндет

Облыстық бюджет қаражатының жартысына жуығы әлеуметтік салаға жұмсалады. Бұл туралы қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина өңірлік Қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысында мәлімдеді. 2023 жылдың екінші тоқсанында бюджетті нақтылау кезінде облыстағы басым жобалар ескерілген. Одан бөлек, бұған дейін қабылданған міндеттемелерді аяқтау да жоспарда бар.

– Облыстық бюджет нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттерді ескере отырып, 474,3 миллиард теңгені құрайды. Ал, жоспарланып отырған бюджетке 12,9 мил­лиард теңге көлемінде басқа көздерден келген қаржы көлемі тағы бар. Осылайша нақтылауды ескере отырып, облыстық бюджет 487 миллиард теңге екенін айту керек. Ол өзінің әлеуметтік бағытын сақтап қалды. Мәселен, осы салаға 2,5 миллиард теңге қарастырылады. Қаржының ауқымды бөлігі денсаулық сақтау басқармасына беріледі. Өңір медицинасына 893 миллион теңге бағытталатынын айту керек. Оның жартысына жуығы материалдық-техникалық базаны нығайтуға жұмсалады. Қалған сома ауылдық өңірлердегі дәрігерлерге біржолғы әлеуметтік қолдау төлеуге, сондай-ақ кадрлардың біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға арналған, – дейді Людмила Викторовна.

Егер нақтылар болсақ, жоғарыда аталған соманың 417,6 миллион теңгесі төрт ұйымның материалдық-техникалық базасын нығайтуға және бес денсаулық сақтау ұйымына күрделі жөндеу жүргізуге бөлінеді. Ал, бюджеттен бөлінетін қаржының қалған 475,4 миллион теңгесі ауылдық өңірлердегі мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету, кадрлардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлау және жалақыны көтеруге жұмсалады.

Білім беру саласы – медициналық саладан кейінгі орында. Оған бюджеттен 766,2 миллион теңге қарастырылған. Қаржының үштен бір бөлігі мектептер мен балабақшаларда қазандықтар сатып алуға және жылу жүйесін жөндеуге жіберіледі. Ал, Қарағанды қаласындағы көру қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернатын күрделі жөндеуге 500 миллион теңге жұмсалады. Бюджеттің білім саласына бөлетін 766,2 миллион теңгенің 37,0 миллион теңгесіне атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленушілер тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.

Спортты дамытуға бюджеттен шамамен 380 миллион теңге жұмсау ұсынылады. Оның 310 миллионы «Шахтер» стадионы мен «Қайрат» ұлттық және ат спорты түрлері мектебін жөндеуге арналған.

Ал, мәдениет саласына бөліне­тін қаржы – 324,8 миллион теңге. Бұл ақшаның біраз бөлігі мәдениет нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, мәдени-бұқаралық шараларды өткізуге жұмсалады. Одан бөлек, С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры жанындағы қуыршақ театры үшін қосымша штаттық бірліктерді енгізу де биылғы бюджет есебінен. Тіпті, осы театрдың гастрольдік шығыстары да қарастырылған.

– 94 миллион теңге жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жіберіледі. Оның жартысынан көбі Шахтинск арнаулы әлеуметтік қыз­мет көрсету орталығындағы үй­жайларды жөндеуге жұмсалады, – дейді Людмила Башарина.

Сондай-ақ, биыл әлеуметтік қор­ғауға бөлінетін 94,1 миллион теңгенің 12,8 миллион теңгесіне мүгедек балаларға арналған «Сыйымдылығы аз үйлер» жобасы іске асырылатынын айту керек.

Ал, ішкі саясатқа бөлінетін 37,3 миллион теңгенің 18,0 миллион теңгесіне «Баспа үйі» ғимаратының балансқа қабылданған бөлігін күтіп-ұстау, жай-күйіне техникалық тексеру жүргізу жөніндегі қызметтерге ақы төлеу және техникалық қорытынды беру жүргізілетінін айту керек.

2023 жылғы бюджеттен полиция департаментіне де аз қаржы бөлінбейді. 629,8 миллион теңге нысанды киім-кешек сатып алуға, ғимарттарды жөндеуге, «Цифрлық полицей» жобасы аясындағы бейнетіркегіштер сатып алуға, көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктерді елден шығаруға жұмсалады.

Облыстың Қоғамдық кеңесінің төрағасы Жәнібек Садықановтың айтуынша, басқармалар бөлінген қаражатты игеруге ғана емес, орындалған жұмыстардың сапасын бақылауға да мүдделі болуы тиіс.

– Өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға көп ақша бөлінуде. Облыста бұл үшін мүмкіндік бар екені қуантады. Бюджетті нақтылау кезінде сұралған барлық ақша уақытылы маңызды жобаларды жүзеге асыруға бағытталады деп сенгім келеді, – дейді ол.

Ал, Қоғамдық кеңес мүшеле­рінің Людмила Башаринаның баян­дамасынан кейін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне тікелей сұрақтары болды. Мәселен, «полиция департаментінің «Цифрлық полицей» жобасы аясындағы бейнетіркегіштер сатып алуға жұмсайтын 67,4 миллион теңгесі қисынды ма?» дейді олар. Департамент өкілінің айтуынша, 2016 жылдан Ішкі істер министрлігі бейнетіркегіштер алуды міндеттеген. Бұған дейін аталған құрылғыларды меншігіне сатып алып келгенімен, биылдан жалға алмақшы. Оның басты себебі – 1700 құрылғыны жөндеу жұмыстарына шамамен 50 миллион теңгеден астам қаржы жұмсап келген. Сондықтан, биылдан кезең-кезеңімен жалға алуға көшпекші. Яғни, биыл мыңға тарта құрылғы алынады. Бұл жағдайда бейнетіркегіштердің дұрыс жұмыс жасауы, жөндеу жұмыстары мен оларға қызмет көрсету тікелей жалға берушінің міндетіне кіреді де, шығын да азаяды.

Бірақ, Қоғамдық кеңес төрағасы Жәнібек Садықанов «Департамент «қылдың үстінде отырғандай», жыл сайын бейнетіркегіш жеткізушінің жағдайына қарап отыра ма? Мәселені басқаша шешуге болмай ма?» дейді. Нәтижесінде, егер аталған бейнетіркегіштер алынатын болса, жалпақ жұртқа жария етіп көрсеткен жөн болар деген пікірін білдірді. Себебі, бөлінетін сома қомақты.

Қоғамдық кеңес мүшесі Меруеш Башай қоғамдағы түйткілді мәселе – бұралқы иттерге қатысты сұрақ қойды. Облыстық ветеринария басқармасы өкілінің айтуынша, оларды ұстауға арналған тәлімбақтарға өткен жылы 25 миллиард бөлінсе, биыл 146 миллион теңге қарастырылмақ. Меруеш Башайды өзгелері де қолдады.

– Бұл мәселе ашық түрде көрсетілуі керек. Өйткені, қоғамда дәл осыған қатысты көптеген сұрақтар туындауда. Ветеринария басқармасы Қоғамдық кеңес алдында есеп бергені дұрыс. Қарағандыда ит мәселесі қатты өршіп тұр. Оған ақша бөлінетін болса, бұралқы ит неге көп? – дейді облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі Аманжол Оразалиев.

Қоғамдық кеңес бұл мәселе­ні жіті наразға алып, бюджеттік бағ­дарлама әкімшісіне конкурсты дұрыстап өткізуді тапсырды.

– Бөлінген қаржыны игеру керек деп, жұмыс сапасына немқұрайлы қарауға болмайды. Ал, егер игере алмай қалғандар, Қоғамдық кеңес алдында есеп бергені дұрыс. Бөлінген қаржы мақсатқа сай жұмсалмаса, мәселе облыс әкімінің алдында қарас­тырылатын болады, – деді Жәнібек Садықанов отырыс соңында.

Салтанат ІЛИЯШ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button