АймақБас тақырып

«Бұқарекең жырлайды» республикалық фестивалі ақын-жыраулардың басын қосты

4 тамызда Қарағанды орталық саябағында еліміздің түпкір-түпкірінен келген «Бұқарекең жырлайды» республикалық фестивалінің қатысушылары Бұқар жырау Қалқаманұлы және басқа да ақындар мен жыраулардың шығармаларымен көрермендерді қуантты.

– «Бұқарекең жырлайды» фестивалі Қарағандыда 2008 жылдан дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. 5 жыл бұрын Бұқар жыраудың 350 жылдығына халықаралық деңгейде өткізген болатынбыз. Биыл 355 жылдығына орай республикалық ауқымда өтуде. Фестивальға еліміздің түпкір-түпкірінен 20-дан астам ақын мен айтыскер, жыршы жиналды. Сонымен қатар, жыл сайын фестиваль қатысушыларының арасында өзге ұлт өкілдері саны өсіп келе жатқаны қуантады, – дейді фестивальдің бас ұйымдастырушысы Айтбай Жұмағұлов.

Кештің сәні сахнада өнер көрсеткен танымал ақындар ғана емес, сонымен қатар, ұлттық киім киген қарағандылық зейнеткер белсенділер Рысты-қажы Әкімбекова мен Күләй-қажы Нақышева болды.

– Біз қаламызда фестиваль өткізілетіні туралы білгенде, қатты қуандық. Мұндай фестивальдер бізде жиі өткізілгенін қалаймын. Біз үшін бұл үлкен мереке, – деді қарағандылық зейнеткерлер.

Дәстүрлі және халық әндерін орындаушы ҚР Мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков фестивальге Жетісу облысынан келді. Әнші фестивальге қатысу өзі үшін жақсы дәстүрге айналғанын атап өтті.

– Мен бірнеше рет қазылар алқасының құрамында болдым, бірнеше рет өзім қатыстым. Жыл сайын біз фестивальді күтеміз, өйткені мұнда ерекше атмосфера, сарқылмас қуат сезіледі. Болашақта бұл фестиваль ЮНЕСКО деңгейінде өткізілгенін қалаймын, – дейді Ерболат Шалдыбеков.

Өлкетанушы Мақсұтхан Ракыш фестивальге Бұқар жырау ауданынан арнайы келген. Ақсақал Бұқар жырау Қалқаманұлы кесенесін тұрғызуға және оның құрметіне естелік ас ұйымдастыруға белсенді қатысқан.

– Мен фестивальден тыс қала алмадым, өйткені бұл біздің облысымыз бен жалпы еліміз үшін ауқымды шара. Бұқар жыраудың тұлғасы аңызға айналған, оның әрбір шығармасы терең мағынаға толы. Біз оның шығармашылығын оқып, насихаттауымыз керек, – деп атап өтті өлкетанушы.
Ал, қоғам қайраткері Майра Әбдірахманова болса, «Бұқарекең жырлайды» фестивалін ұлттық мереке ретінде атап өтуді ұсынады.

– Біз оған үлкен мереке ретінде дайындалуымыз керек, шараға ұлттық киіммен келуіміз керек, жастарды үйретуіміз керек, – деп атап өтті ол.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button