Ботақара кентінде карантин шаралары күшейтілуде

Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде 18 мамырдан бастап шектеу шаралары күшейтілуде. Жеке көлік қозғалысына толықтай тыйым салынады, жұмыс және қоғамдық жұмыстар тоқтатылады. Бұл туралы Saryarqa телеарнасында өткен брифингте Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлішер ӘБДІҚАДЫРОВ және тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат АСҚАРОВ мәлімдеді.


— Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында сырқаттану көрсеткішінің артуы байқалады. Апта сайынғы өсім 66%. Тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып және КВИ әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында Ботақара кентінде карантин режимін күшейту туралы шешім қабылданды, — деп хабарлады тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров.

Ботақара тұрғындарына кент бойынша аса қажет болмаған жағдайда жүруге тыйым салынады. Жеке көлік арнайы және медицина қызметтерінің, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік ұйымдардың жүріп-тұруынан басқаларына тыйым салынған.
Қоғамдық көлік қозғалысы да тоқтатылады.
Сондай-ақ, Ботақарадағы карантин аймағының периметрі, кіру және одан шығу пункттері анықталатын болады. Блок бекеттер орнатылады.

Қызметі рұқсат етілген кәсіпорындар санитарлық-дезинфекциялық шараларды күшейте отырып жұмыс істейді. Қызметкерлердің денсаулығына ұйымның иесі немесе басшысы жауапты болады.

Мәліметке қарағанда, Ботақарада 10 КВИ жағдайы тіркелген, байланыста болған 205 адам анықталды, оның ішінде, 77 адам жұқтырғандармен жақын қарым-қатынаста болған және әлеуетті байланыс 128 адамды құрады.
Сонымен қатар, Бұқар жырау ауданында «Қазақмыс-Нұрқазған корпорациясы» АҚ қызметкерлері арасында КВИ топтық ауруы тіркелген. 17 мамырдағы жағдай бойынша онда 15 COVID-19 жағдайы анықталды.