«Қазпошта» қызметі жанданады
Пошта, қаржы және агенттік қызметін көрсетіп отырған әлеуметтік құрылым «Қазпоштаның» құрылғанына 30 жыл толды. Осы аралықта сенімді оператордың тағы бір жауапты қызметі – баспасөз науқанын ұйымдастыру. Ауыл мен қала арасындағы мерзімді басылымдарды жеткізуде алтын көпір болып отырған облыстық филиалда дәстүрлі «Жазылушылар күні» өтті.
Аталған шараға облыстық басылым басшылары, республикалық мерзімді басылымдардың меншікті тілшілері және оқырман қауым қатысты. Газет-журналға жазылуды ұйымдастырып, оқырман қатарын арттыруда атсалысып келе жатқан пошташылар еңбегі еленді. «Қазпошта» облыстық филиалының директоры Ерлан Нұрланбаев еліміздегі «Қазпошта» жұмысын жетілдіруге кеңінен тоқталды.
– «Қазпошта» АҚ еліміздің барлық аумағында жалпыға қолжетімді қызмет ұсыну арқылы экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұл орайда пошташының адал еңбегін ерекше атап өткен жөн. Жауапты қызметіміздің бір бөлігі – мерзімді басылымдармен тығыз байланысты. Осыны ескере отырып, 2024 жылға арналған жергілікті каталогқа 14 облыстық газет және 14 аудандық газет енгенін хабарлаймыз. Басылымдарға «Қазпоштаның» кез келген бөлімшесінде жазылуға болады. Сондай-ақ, өткен жылдан бастап Post.kz сайтында онлайн жазылым ашылды. Биыл мерзімді басылымдарға жеңілдікпен жазылуға мүмкіндік бар, – деді облыстық филиалдың директоры.
Сондай-ақ, филиал басшысы «Қазпошта» АҚ-ның қызметін одан әрі жандандыру мақсатында жоспарлы іс-шараларды жүзеге асыратындығын тілге тиек етті.
Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабеков «Қазпошта» қызметі көзі қарақты оқырман үшін маңызды екенін атады.
– Дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес. Әр жылдарда қилы кезеңдерді бастан өткерген «Қазпоштаның» жұмысын одан әрі ширату міндеті тұр. Баспа бетіне шыққан ақпараттардан оқырмандар дер уақытында хабардар, пошташылар мен оқырмандар арасындағы байланыс нығая түссе, бұл алдымен «Қазпоштаның» абыройы. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, жанашырлықпен айтылған сыннан, орын алған олқылықтар түзеледі деген үмітіміз бар, – деді Ерсін Кәрібайұлы.
Айта кеткен жөн, қазіргі таңда газетке жазылушылар пошта қызметіне көңілі толмайтынын жиі айтады. Әсіресе, аудан, ауыл тұрғындары жазылған газет-журналдарының уақытында келмейтініне шағымданады. Мәселен, газет оқырманы, ақтоғайлық Сатыбалды ақсақал «Қазір интернеттің заманы десек те, аға буын өкілдері – біздер кез келген жаңалықты газеттерден оқимыз. Бізге пошта қызметінің жанданғаны жақсы», – дейді. Осы орайда ауыл, аудандардағы ақсақалдардың газеттің үйіне уақытылы келмейтінін айтып, редакцияға хат та жазып тұратынын айта кеткен жөн. Шалғай ауылдарда тұратын үлкендер көбіне газеттің 2 айда бір жиналып келетініне де наразы.
Осы мақсатта БАҚ басшылары филиал ұжымына пошта қызметінің жұмысын алға қарай бірлесіп ілгерілетуді ұсынды. Бұл орайда алдымен, жаяу-жалпылап мақалаға өзек болатын ақпаратты іздейтін журналистердің де еңбегі ескеріліп, өзекті материалдар газет оқырмандарына уақытында жетіп, оқылуы да аса маңызды. Оған қоса газетті таратып беруге келгенде «Қазпошта» бөлімшесі немқұрайлық танытпаса игі.
Сондай-ақ, газетті күнбе-күн жеткізу, тарату мүмкіншілігі жоқ аудан бөлімшелерінің жұмысын қадағалап отыру да пошташылар үшін кезек күттірмейтін іс.
Шарада «Индустриальная Караганда» газеті бас редакторының орынбасары Станислав Песнев, 92 жылдық тарихы бар газетке сұраныстың көп екендігін, білікті журналистермен сапасы артқанын тілге тиек етті.
Күннің ыстық-суығына қарамай газет-журнал тасып жүрген пошташылардың еңбегі де елеусіз қалмады. Қажырлы еңбектерімен танылған пошташылар – Гүлбаршан Баджиева, Маржан Елубаева, Татьяна Штеклайн марапатталды. Сенімді оператордың жауапты қызметкерлері мерейлі мерекеде пошта жұмысын ілгерілетуге атсалысатынын айтты. Пошта қызметкерлерінің халықпен етене жақын жұмыс істегенінен мерейі артпаса, кемімейтінін атап өтті. Кез келген басылымды уақытында әрбір үйге таратуға мүдделі екенін жеткізді.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz