Жолдау – 2026

Суды сақтау – болашаққа қамқорлық

Климаттың өзгеруі, құрғақшылық және су инфрақұрылымына түсетін жүктеменің артуы жағдайында су ресурстарын ұтымды пайдалану Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында су тапшылығы, ауызсуды мақсатсыз пайдалануға жол бермеу және су тұтынуды бақылауды күшейту міндеттері көтерілді. Бұл табиғи ресурстарды қорғау мен тиімді басқарудың өзектілігін көрсетеді.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Суды үнемдеу – мемлекеттік органдармен қатар бизнес пен қоғамға ортақ жауапкершілік. Әсіресе, автокөлік жуу орындарында сапалы ауызсуды шаруашылық мақсатта пайдалану тиімсіз. Баламалы технологиялар бар кезде мұндай ысырапқа жол бермеу үшін суды тазалап, қайта пайдалануға мүмкіндік беретін айналымдық сумен жабдықтау жүйелерін енгізу қажет.

Су ресурстарын сақтау кешенді тәсілді талап етеді. Су құбырларындағы шығынды азайту, инфрақұрылымды жаңғырту, тұтынуды есепке алу және бақылау жүйелерін жетілдіру – негізгі міндеттер. Цифрлық құралдар су шығынын анықтап қана қоймай, ағып кетулерді жедел табуға, тұтыну көлемін талдауға және қажеттілікті болжауға мүмкіндік береді. Сондықтан, цифрландыру формалды есеп үшін емес, нақты нәтижеге бағытталуы керек. Технологиялық жаңғырту экологиялық мәдениетпен қатар жүруге тиіс. Әр азамат суды қажетсіз ағызбау, тұрмыста үнемді пайдалану және су үнемдейтін құрылғыларды қолдану арқылы үлес қоса алады. Кәсіпорындар экологиялық талаптарды сақтап, ал мемлекет су үнемдейтін технологияларды енгізуге қолайлы жағдай жасауы қажет. Бұл мәдениет жас ұрпаққа судың шектеулі ресурс екенін түсіндіруден басталады.

Қорыта айтқанда, су – елдің тұрақты дамуына, халықтың әл-ауқатына және келер ұрпақтың қауіпсіздігіне әсер ететін стратегиялық ресурс. Президент Жолдауында көтерілген міндеттерді орындау үшін мемлекет, бизнес, білім беру ұйымдары мен қоғам бірлесе әрекет етуі керек. Суды үнемдеу технологияларын енгізу, инфрақұрылымды жаңғырту және табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарау – бүгінгі күннің де, болашақтың да талабы. Суды сақтау – Қазақстанның болашағына қамқорлық жасау. Табиғи байлықты бүгін қаншалықты ұқыпты пайдалансақ, келер ұрпақтың өмір сапасы да соған байланысты.

Асылжан ТӨЛЕГЕНОВ
 қоршаған ортаны қорғау саласының сарапшысы,
Taldau сарапшылар қауымдастығының мүшесі

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button