Каспийдің толқынында – Қарағанды қайығы
Осыдан 36 жыл бұрын «Қалмақ па, әлде болмақ па?» деген философиялық сауал саясат сахнасына суырылып шыққанда отандық экономиканың шаңырағы шайқалып, босағасының топсасы босап тұрған еді. Болашақты болжамақ тұрмақ бүгіннің өзі қалай өтетіні беймәлім болған өткен шақ келер шақ туралы көпшілікке кең ойлауға да мұрша бермеген-ді. Сол кезде дейміз де, «Отыз жылдан соң Қарағанды қайық шығарады» десе, бөгде біреу күмәнданып күлер еді. Оның үстіне климаты қайыққа мұқтаж емес аймақ үшін ол жай бір сандырақтай естілері анықтын.Дегенмен, уақыт – ең қатал сыншы әрі әділ төреші. Егемендік еңсе тіктетті. Тәуелсіздік толайым мүмкіндіктің базарына бастады. Осыдан тура он үш жыл бұрын Қарағандыдағы шағын ғана цехтың алғашқы катері Жезқазғандағы балық инспекциясына қарай жол тартты. «KazBoat 42К» деп аталған сол бір тұңғыш катер арада қаншама дауылды күндер мен мазасыз түндер өтсе де, әлі күнге дейін айдында сүрінбей, сыр бермей, жүзіп келеді.

Бұл туралы кәсіпорынның техникалық директоры Павел Дворянчиков ерекше ілтипатпен, мақтанышпен әңгімелейді. Әрине, өз қолыңмен, маңдай теріңмен жасаған дүниеңнің жылдар бойы ел қажетіне жарап, мінсіз қызмет еткенінен асқан мерей бар ма?! Бүгінде сол алғашқы қарлығаштың ізін 750-ге тарта кеме жалғады. Бірі кәрі Каспийдің асау толқындарымен алысып жүрсе, енді бірі еліміздің түпкір-түпкіріндегі су айдындарында құтқарушылар мен табиғат жанашырларының сенімді серігіне айналған. Ал, осы бір ел игілігіне арналған ауқымды істің бастауында қарапайым ғана бір азаматтың жиырма жылдық табанды тәжірибесі мен көкірегінде аялаған асыл арманы жатыр.

Еліміздің ең ұлық мерекесі – Республика күні қарсаңында осындай жасампаз еңбек иелері туралы жазудың өзі бір ғанибет. Өйткені, мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұғырының беріктігі дәл осындай өз ісіне берілген, отандық өнімнің отын жағып отырған азаматтардың еңбегімен өлшенеді.

Өмірдің жазылмаған бір заңы бар іспетті. Кейде адамның ұзақ жыл тапжылмай айналысқан кәсібі, төккен тері мен жинаған білімі оның кейінгі тағдырына мүлде басқа, тың қырынан жол ашады. Павел Дворянчиков табаны күректей жиырма жылын судағы құтқару қызметіне арнаған. Кезінде Қарағанды құтқару станциясын басқарып, талай жауапты да қауіпті міндеттердің бел ортасында жүрді.

2010 жылы құтқару қызметінен зейнетке шыққан соң, ол қол қусырып қарап отырмай, кәсіпкерлікке бет бұрды. Алғашында көршілес Ресейден дайын қайықтар әкеліп, мемлекеттік сатып алу конкурстары арқылы еліміздің әр өңіріндегі құтқару қызметтеріне жеткізіпті. Алайда, сырттан келетін техниканың сапасы көңілден шыққанымен, күнделікті құтқару жұмыстарына қажетті кейбір нәзік ерекшеліктер ескеріле бермейтін. Оның үстіне, алыс жолдан тасымалдаудың машақаты мен бағаның қымбаттығы да қолбайлау болды.
– Жиырма жыл құтқару қызметінде жүргендіктен, бұл сала мамандарына қандай қайық қажет екенін беске білетінмін. Ресейден әкелген өнімдеріміздің сапасы жаман емес еді, бірақ, құтқарушылар мен сүңгуірлердің шұғыл жұмысына қажетті кейбір арнайы жабдықтары жетіспей жататын. Сөйтіп, «Неге біз өзімізге керекті, өзіміздің табиғатымызға, мамандарымызға қолайлы қайықты өз елімізде, өз жерімізде жасамасқа?» деген тәуекелшіл ойға келдім. Тәуелсіз елміз, қолымыздан іс келеді. Алғашқы жобаны Ресейден сатып алып, мамандарымызды сондағы зауытқа оқуға жібердік. Осылайша, 2013 жылы «Қарағанды шағын кеме жасау верфі» серіктестігінің жұмысын бастап кеттік, – дейді Павел Дворянчиков.

Бірте-бірте сапалы дүниеге деген сұраныс артып, отандық өндірістің тамырына қан жүгіре бастайды. Әйтсе де, алғашқы жылдары іс бірден ілгері баса қоймаған. Қаражат тапшылығы қыспаққа алып, банктер сенімсіздік танытқан тұста, жеке адамдардан қарыз алуға тура келеді. Бірақ, батыл азамат қиындыққа мойымастан, осы кәсіптің қыр-сырын терең меңгеруге бар күш-жігерін жұмсайды.

Қайық жасаудың да өзіндік бейнеті мен машақаты мол. Біз сырттай қарағанда, су бетінде аққудай жеңіл сырғыған шағын кеменің артында қаншама математикалық есеп, инженерлік дәлдік пен маңдай тер жатқанын аңғара бермейміз. Әуелі компьютерде оның әр миллиметрі есептелген сызбасы жасалады. Сосын барып металл арнайы станокта кесіледі. Дәнекерлеу, күрделі электр жүйесін тарту, қуатты қозғалтқыш орнату секілді жұмыстардың әрқайсысы зергерлік дәлдік пен асқан ұқыптылықты қажет етеді.

Мұнда негізгі шикізат ретінде теңіз жағдайына, тұзды суға төзімді алюминий-магний (АМг) қорытпасы пайдаланылады. Кәсіпорынның алғашқы аргонмен дәнекерлеушісі Андрей Морозов кезінде Ресейде арнайы оқып, тәжірибе жинақтаған білікті маман еді. Оның тәлімін алған қазақстандық мамандар бүгінде осы цехтың жұмысын дөңгелетіп, отандық кеме жасау мектебінің іргетасын қалап отыр.

– Біздің жұмыста болмашы қателіктің өзі ертең өте қымбатқа түсуі мүмкін. Өйткені, шеберханада жасап жатқан дүниеміз ертең асау судың үстінде адам өміріне араша түсуге қызмет етеді. Сондықтан, қайықтың әр бөлшегіне, дәнекерленген әрбір жіктеріне дейін өте мұқият қараймыз. Өзім үшін ең маңыздысы – тоқтап қалмай, ұдайы жаңа жобаларды ойластыру, қайықтың жүрісін жетілдіріп, оны барынша қолайлы әрі қауіпсіз ету, – дейді техникалық директор.
Оның көңіліне ерекше жақын туындыларының бірі – «KazBoat 53» моделі. Бұл қайықтың жобасын әзірлегенде ол бұрынғы құтқарушы әріптестерінің барлық ұсыныс-тілектерін назардан тыс қалдырмаған. Бүгінде осы үлгідегі қайықтар еліміздің барлық облысында, әр өзен-көлде жүр. Оны тек Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары ғана емес, су полициясы мен табиғатты қорғау мекемелерінің инспекторлары да жиі пайдаланады.
Ал, «KazBoat 28» бен «KazBoat 30» – аса жеңіл әрі ықшам қайықтар. Оларды кез келген жеңіл автокөліктің төбесіндегі жүксалғышқа салып, алыс сапарларға тасымалдауға болады.
Қарағандылық шеберлердің қолынан шыққан ірі кемелердің де көтерер жүгі мен міндеті ауыр. Мәселен, ұзындығы он бір метрлік арнайы алып катер бүгінде Каспий теңізінде браконьерлер тастап кеткен балық аулау ауларын жинап, су айдынын қоқыстан тазарту сияқты маңызды экологиялық қызметте. Ал, қос қозғалтқышты он төрт метрлік катамаран жасап шығару – кәсіпорын тарихындағы ең күрделі әрі сәтті жобалардың бірі. Сонымен қатар, таңда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне арнап жаңа үлгідегі аса жылдам екі катер құрастырылуда. Мемлекеттік шекараның бүтіндігін күзететін техниканың отандық өнім болуы – ұлық мереке қарсаңында ауыз толтырып айтарлық мақтаныш.
Бүгінде кәсіпорында он бес маман тұрақты жұмыс істейді. Қызметкерлердің еңбек өтілі орта есеппен бес жылдан он екі жылға дейін жетеді. Тапсырыс көлеміне қарай жылына елу мен жүз аралығында қайық пен катер құрастырып шығарады. Өндіріс басталғалы бері жасалған жүзу құралдарының жалпы саны жеті жүз елуге жетіп жығылған. Бұл өнімдер тек ел ішінде ғана емес, көршілес Ресей мен Өзбекстан нарығына да экспортталып, қазақстандық марканың абыройын асыруда.
Әрине, кез келген отандық кәсіптің өзіне тән түйткілі де жоқ емес. Павел Александрович мемлекеттік сатып алу конкурстарында сапаға емес, ең төмен бағаға басымдық берілуі кейде нақты сапалы өнім өндірушілерге үлкен қиындық туғызатынын жасырмайды. Төтенше жағдайда жұмыс істейтін құтқарушыларға қажет қайықтың сапасын тек арзан бағамен өлшеуге мүлде болмайды. Бұл – өмір құны.
Соған қарамастан, кәсіпорын алға қойған асқақ мақсатынан айныған емес. Уақыт көшінен қалмай, жаңа технологияларды меңгеріп, құрал-жабдықтарын ұдайы жаңартып отыруды көздейді. Павел Александровичтің ендігі үлкен арманы – жергілікті билік тарапынан жер телімі бөлініп, кеңірек, заманауи өндірістік цех салу.
– Мен үшін «отандық өнім» дегеніміз – жай ғана әдемі сөз емес. Ол – өз елімізде, туған жеріміздің төсінде, өз азаматтарымыздың алтын қолымен жасалған нақты дүние. Біздің шағын ғана кәсіпорынның Қазақстанға, оның халқына нақты пайдасын тигізіп отырғаны мен үшін мәртебе, – дейді ол.
Жезқазғанның мөлдір су айдынында осыдан он үш жыл бұрын суға түсіріліп, әлі күнге дейін мүдірмей қызмет етіп жүрген алғашқы «KazBoat 42К» қайығы осы бір табанды еңбек жолының, сапа мен сенімнің үнсіз куәсіндей тербеліп тұр. Одан бері талай жыл өтті, талай жаңа кемелер суға түсірілді. Бірақ, алғашқы арманның бағасы да, туған елге қызмет етемін деген адал еңбектің қадірі де ешқашан өзгерген жоқ. Ол жыл өткен сайын шыңдалып, егемен елімізбен бірге кемелдене бермек.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



