Жолдау – 2026

Ел болашағы мен жастар дамуының жаңа бағдары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнады. Осы бір тарихи құжатта еліміздің экономикасын, инфрақұрылымы мен өңірлерін өркендетуге бағытталған стратегиялық міндеттер айқын белгіленді. Қарағанды облысының жастарымен күнделікті тығыз жұмыс істейтін қоғам белсендісі ретінде бұл Жолдауды ерекше толқыныспен қабылдадым. Әрі жолдауды тыңдай отырып, мен ең алдымен ондағы айқындалған жаңа бағдардың қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігіне тигізер оң ықпалын және туған өңіріміздің өркендеуіне ашар соны мүмкіндіктер көкжиегін сараладым.

Сурет автордың жеке мұрағатынан

Жолдауда көтерілген өзекті мәселелердің бірі – Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін толыққанды жүзеге асыру. Еліміздің географиялық орналасу артықшылығын тек транзиттік жүк тасымалы үшін ғана емес, отандық логистиканы дамыту, жаңа өндіріс ошақтарын ашу және ауқымды инвестициялар тарту үшін тиімді пайдалану бүгінгі күннің талабы. Өнеркәсібі өркендеген, өндірісі өрістеген Сарыарқа төрі – Қарағанды облысы үшін бұл инфрақұрылымдық серпілістің маңызы орасан. Осы арқылы аймағымыздағы кәсіпорындар мен отандық кәсіпкерлерге кең жол ашылып, өңір экономикасы жаңа белеске көтерілетініне кәміл сенемін.

Экономикалық дамудың тағы бір ажырамас өзегі – энергетика саласы. Ауқымды жобаларды іске қосу, заманауи өндірістерді өркендету және цифрлық технологияларды өндіріске енгізу үшін тұрақты әрі сенімді энергия көздері ауадай қажет. Сондықтан, еліміздің экономикалық өсімі энергетика саласын кешенді жаңғыртумен қатар жүруі тиіс деп есептеймін.

Сондай-ақ, маған, әсіресе, цифрлық жұмыспен қамтуды дамыту бастамасы ерекше жақын болды. Президент бұл бағытта жыл соңына дейін жеңілдетілген құқықтық режим қалыптастыруды тапсырып, азаматтардың табыс табу мүмкіндігі олардың тұратын мекеніне байланбауы тиіс екенін ашық айтты. Бұл – ауылда, қалада болсын, жүрегі мен білегінде қайраты бар әрбір жасқа өз жобасын бастауға, заманауи цифрлық құралдарды меңгеріп, жаңа табыс көздерін табуға берілген үлкен мүмкіндік. 

Күн сайын жастармен кездесіп, пікірлесіп жүріп, олардың көзіндегі жалынды, білім алуға, еңбек етуге, тың идеялар ұсынып, ел дамуына үлес қосуға деген ұмтылысын көремін. Біздің басты міндетіміз – олардың осы әлеуетін толық жүзеге асыруына қолдау білдіріп, тиісті жағдай жасау. Жолдауда айтылған әрбір бастама, ең алдымен, отандастарымыздың әл-ауқатын арттыруға, жастарымыздың жарқын болашағы мен қуатты Қазақстанды құруға бағытталған маңызды қадам деп білемін.

Аймира БАГРАМОВА
«Keleshek» жастар ұйымы жанындағы еріктілер штабының жетекшісі

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button