Бас тақырыпЖаңалықтар

Шахтинскіде жеті жаңа балалар ойын алаңы ашылды

Шахтинск қаласында биыл балаларға арналған жеті ойын алаңы салынды. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында бірнеше көшедегі аулалар жаңартылып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалды.Бұл туралы Шахтинск қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Cуреттер облыс әкімдігінен

Жаңа ойын алаңдары Абай Құнанбаев, Жеңістің 40 жылдығы, Жастар, Ленинград және Карл Маркс көшелеріндегі аулаларда пайда болды. Мұнда сырғанақтар, әткеншектер, құмсалғыштар мен спорттық құрылғылар орнатылған. Балалардың қауіпсіздігі үшін резеңке жабын төселіп, аумақтар қоршалды. Қазір алаңдарды жарықтандыру жұмыстары аяқталып келеді.

Ауладағы өзгерістерге тұрғындар да дән риза. Жастар көшесіндегі №81 үйде тұратын Әсия Майдинаның айтуынша, тұрғындар мұндай жаңаруды көп жылдан бері күткен.

— Бұл үйде тұрып жатқанымызға 30 жыл болды. Осы уақыт ішінде ауламыз абаттандырылған емес. Тұрғындар өз күшімізбен балалар алаңын жасауға тырыстық. Алайда қаражатымыз да, мүмкіндігіміз де жетпеді. Енді аулаға шыққанда, айналаның өзгергенін көріп, көңіліміз қуанады. Ең бастысы — балалардың мәз-мейрам болып жүргені, — дейді Әсия Майдина.

Қалада ойын алаңдарын көбейту жұмыстары алдағы жылдары да жалғасады. 2025 жылдан бері «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша Шахтинскіде 17 балалар алаңы жабдықталған. Оның 10-ы былтыр, жетеуі биыл салынды.

Қазіргі қажеттілік бойынша қалада тағы 84 ойын алаңы керек. Ал 2027 жылы қосымша төрт алаң салу жоспарланып отыр.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button