Қазақстандықтар бес елде QR-код арқылы төлем жасай алады

Бұл мәселе Тәжікстанда өткен бес елдің ұлттық банктері өкілдерінің төртінші өңірлік кездесуінде талқыланды. Жиында тараптар ұлттық төлем платформаларын дамыту және QR-код арқылы есеп айырысу жүйесін енгізу тәжірибесімен бөлісті.
Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметінше, кездесуде трансшекаралық төлемдерді жеңілдету жолдарына басымдық берілген. Сондай-ақ ұлттық жедел төлем жүйелері мен цифрлық валюталардың өзара байланысын ұйымдастыру мәселесі қарастырылды.
Бес елдің өкілдері Қазақстанның ұлттық QR-төлем жүйелерін біріктіру жөніндегі бастамасын қолдады. Тараптар 2026 жылдың соңына дейін ортақ тетікті әзірлеуді жоспарлап отыр.
Жаңа жүйе іске қосылса, қазақстандықтар аталған мемлекеттерде өз банктерінің үйреншікті мобильді қосымшасын пайдаланып, тауарлар мен қызметтердің ақысын төлей алады. Бұдан бөлек, елдер арасында жедел ақша аудару мүмкіндігі пайда болады.
Кездесу барысында төлем инфрақұрылымының қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, кибершабуылдардан қорғану, қаржылық алаяқтықтың алдын алу және қадағалау саласында жасанды интеллект технологияларын пайдалану мәселелері сөз болды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



