«ҚАЗПОШТА» тағы уәдеге «ТОЙДЫРДЫ»

Жалғыз үйдің қарғасы – «Қазпошта» АҚ-ы хат-хабар, сәлем-сауқат тасымалында жалқы монополист. Елде өзге бәсекелесі жоқ компанияға мерзімді баспасөз тарапынан жыл өткен сайын арыз-шағым көп. Газет-журнал жеткізуді мойнына алған «Қазпошта» бұл міндетін толық атқара алмай келеді. Мерзімді баспасөздің оқырмандарға уақытылы жетпеуі, тіпті, жазылған басылымның ізі-қайым жоғалып кетуі секілді жайсыз деректер пошта тасымалында кейінгі жылдары белең алған. Бұл – бір жылда, не екі жылда пайда болған мәселе де емес. Жылдар бойы қордаланып, шешімін таба алмай жүрген проблема. Осыған байланысты «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі газет-журнал редакторларының алдында мән-жайды түсіндіру үшін «Қазпошта» АҚ-ы басшылығын арнайы шақырды. «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай, «Қазпошта» АҚ-ы Басқарма төрағасының орынбасары Марк Хьюз, «Пошта қызметі» филиалының директоры Нұржан Жабаев қатысты. Тақырып – «Қазпошта» АҚ-ның қазіргі жағдайдағы республикалық және аймақтық БАҚ-пен өзара іс-қимылын дамыту туралы. Мерзімді басылымдарды жеткізу сапасының өзекті мәселелері». Бұл алқалы жиын онлайн форматта өтті. 25-ке жуық редактор қатысқан мәслихатта «Қазпошта» АҚ-ы басшылығы ақталып, «тәртібін» түзеп, заманнан қалыс қалмауға уәдені үйіп-төгіп кетті. Тіпті, алдағы уақытта онлайн жазылымды іске қосамыз, пошташылардың газет тасымалын да бақылаймыз деп те ант-су ішті. Оны бір айдан соң дәл осы құрамның алдында жалпақ елге жария ететін боп және уәде берді.

Негізі, бұл мәслихатты өткізуге түрткі болған республикалық ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналының бас редакторы, ақын Қасымхан Бегманов екен. Журнал редакторы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазпошта» қызметкерлері 98 оқырманның жылдық жазылымын «жеп» қойғаны әшкере етілгенде жиынды талап етіпті.

«…Нұр-Сұлтандағы «Қазпоштаның» № ОПС-13 бөлімшесінен «Дәстүр» журналына 2021 жылға жазылған 98 оқырманның ақшасын оператор қыз алып, олардың қолдарына заңды түбіртектерін беріп жіберген. Сөйтіп, сол оператор қыз 98 оқырманның бір жылдық ақшасын өз қалтасына салып алғанын, оны жаратып қойғанын мойындады. Мойындады дегеніміз жай жеңіл сөз болғанымен, оны дәлелдеп шығу үшін редакция мен оқырмандарға екі ай уақыт керек болды. Өз кінәларын біле тұра редакция «журналды кем беріпті» деп, бізді кінәлады. Әйтеуір, соңында мойындады. Бірақ, сол қыздың да, «Қазпошта» басшыларының да «біздің тарапымыздан осындай сорақы іс жасалды-ау» деп қысылғанын байқамадық…

… Сонымен, жетпеген журналдың ақшасын Нұр-Сұлтан қаласының бөлімшесі атынан Ләззат Қонақбаева «Дәстүрдің» №1 үшін – 76 дананың, №2 үшін 98 дананың ақшасын редакцияға аударды. Біз ол ақшаны баспаханаға төлеп, журналдарды шығарып, төрт айға кешіктіріп оқырманға әрең жібердік», – дейді Қасымхан Бегманов. Бұған қоса жеткізілудегі кемшіліктерді де жария етті. Тіпті, «Қазпошта» баспасөзді таратуға немқұрайлық танытса, оны тасымалдаудан бас тартсын деген ұсыныс-тілек те айтылды. «Енді оқырмандардың баспасөзге жазылуы екіталай. Өйткені, «Қазпоштаға» күмәнмен қарайды», – дейді Қасымхан Бегманов. «Пошта қызметі» филиалының директоры Нұржан Жабаев пошта операторының оқырмандардан түскен жазылым ақшасын қалтасына басып алғанын жоққа шығармайды. Оның айтуынша, қазір қызметтік тергеу амалдары жүргізілуде.

– 98 оқырманның жазылым ақшасын астаналық пошта операторының иемденіп алғаны туралы дерек бар. Мұны астаналық пошта бөлімшесі де, сол қызметкер де мойындайды. Аталған қызметкерге шаралар қолданылады. Жазылым қазір автоматты түрге көшті. Кез келген мерзімді басылымға жазылу автоматты іске асады. Ол жазылым ақысы төленбейінше қабылдамайтын болады. Егер жазылым тіркеліп, ақшасы көрінбесе, дереу қызметтік тексеріс жүргізілмек. Алдағы уақытта бір ай мұғдарында онлайн жазылым іске асады, – деді Нұржан Жабаев.

Баспасөздің оқырманнан «адасуы», баспасөздің оқырманға бірнеше апталап, айлап кешігуінен барлық газет-журнал зардап шекті. Мұндай мәселе «Saryarqa Aqparat» ЖШС қарасты облыстық «Орталық Қазақстан» және «Индустриальная Караганда» газеттерінде де бар. Медиахолдинг директоры Қамбар Ахмет «Қазпошта» салдарынан жыл басында жазылған 348 оқырманға газеттің жетпей қалғанын атады. «Қазпошта» АҚ-ы Қарағанды филиалына 8 рет хат жазып, бір жауап алмаған. Бұған қоса, қызметкерлер жазылған республикалық басылымдардың өзі әлі күнге дейін бірде-бір рет келмепті.

– Шынымен де, бұл – өзекті мәселе. Біздің де редакцияларымыз осы мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Жазылым мәселесі жылдан-жылға қиындап бара жатқанын әріптестеріміз, барша редакторлар жақсы біледі. Әр оқырман үшін жан алысып, жан беріскен кездеріміз бар. Биылға әжептәуір оқырманға қол жеткіздік өз еңбегімізбен. «Қазпошта» мәліметінше, республика бойынша «Орталық Қазақстан» газеті жазылым жөнінде ТОП-5-ке кірді. Осынша еңбектің бәрін «Қазпошта» еш қылады. Атап айтқанда, жергілікті Қарағанды облыстық филиалы. Нақтырақ айтсақ, ақпанның соңында біз 346 оқырманның газет алмағанын анықтадық. Осы 346 оқырманның аты-жөнін, мекенжайын тізіп алып бардық «Қазпоштаға». Екі ай бойы газет жеткізілмеу себебін сол сәтте түсіндіріп бере алмады. Кейінде компьютердің бағдарламасында қателіктер кетті деді. Бүкіл республикадан жазылым ақшасын іздеп, таба алмады. Соңында кешірім сұрап, наурызда кемшілікті түзеуге уәде берді. Оқырмандардан кешірім сұрап, хат жолдамақ еді. Оған да келіскенбіз. Кешірім де сұралған жоқ. Газетті әлі де алмаған оқырман бар. «Қазпошта» бұл мәселені жылы жауып қойды. Екінші мәселе тағы бар. Біз редакция қызметкерлері жазылған республикалық басылымдарды ала алмай келеміз. Оған да жауап жоқ. «Қазпоштаның» қызметі жылдан-жылға нашарлап барады. Қоғамның барлық саласы ақпараттық технологиялар арқылы жетілдірілді. Ал, поштада ондай жоқ. Керісінше, кері кетуде. Жазылған газетті жоқ қылып жіберу деген сұмдық енді. Қарағанды филиалына осы орайда заңды түрде 8 хат жаздық. Бір жауап келмеді. Жергілікті жерде реттеуге болатын еді. Бірақ, нәтиже шықпады. Сондықтан, пошта басшылығына жүгінуге тура келді. Егер жағдай жалғаса берсе, басқаша пошта қызметін құру қажет деп ойлаймын, – деді Қамбар Ахмет.

Бұл мәселеге Қарағанды филиалының басшысы Ерлан Мейрамұлы жауап берілгенін, қазіргі күні газет жеткізілмеген 138 оқырман қалғанын айтады. «Ауада» қалықтап қалған оқырмандардың «обалы» ши шығарған компьютер бағдарламасында көрінеді. Ал, поштаның жоғары басшылығы айтылған ескертпелерді ескеріп, «түзелетінін» айтумен болды.

Барлық басылымның ортақ «бас ауруына» айналған пошта қызметіне мәслихатқа қатысқан барша редактор шағымданды. Анау Атырау да, мынау Көкшетауда, Алматыда, Нұр-Сұлтанда да осы жағдай.

«Қазпошта» АҚ-ы Басқарма төрағасының орынбасары Марк Хьюз кейбір кемшіліктерін мойындап, алдағы уақытта жұмысты жандандыруға уәде етті. Бір айдан соң қайта бас қосып, поштаның жаңа онлайн жүйесін талқылауға өзара келісті. Енді оны уақыт көрсетеді.

Қызғалдақ АЙТЖАН.