Жолдаудан туған ой: Қарағандыға балалар кітапханасы қажет
Бүгінгі Президент Жолдауында айтылған бір бастамаға ерекше назар аудардым. Мемлекет басшысы 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынып, еліміздің барлық өңірінде шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар салу қажеттігін атап өтті.

Ойдан ой туып отыр. Елімізде кітап оқу мәдениетін дамытуға, зерделі ұрпақ қалыптастыруға басымдық берілген. «Кітап оқитын ұлт» идеясын жүзеге асыру үшін балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруымыз керек. Бірақ баланы кітап оқуға құрғақ үгітпен тарта алмаймыз. Оған кітап оқудың қызықты екенін сезіндіретін, қиялына қанат бітіретін, өзі қайта-қайта барғысы келетін орта қажет. Ол үшін бала кітапханаға тек кітап алу үшін емес, жаңа әлемді ашу үшін келетіндей жағдай жасауымыз керек.
Мен Қарағанды облысында заманауи архитектурасы мен ерекше дизайны бар, балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған үлкен кітапхана салынса деймін. Бұл жай ғана кітап сөрелері мен оқу залдарынан тұратын ғимарат емес, баланың танымын кеңейтетін, талабын ұштайтын, өнер мен ғылымға қызығушылығын оятатын мәдени-танымдық орталық болуы керек.
Мәселен, онда:
– жас ерекшеліктеріне сай жабдықталған кітап оқу және еркін оқу кеңістіктері;
– балалар фильмдерін, танымдық туындылар мен анимацияларды көрсетуге арналған кинотеатр;
– әдеби-мәдени кездесулер мен үлкен іс-шараларға арналған кең салтанат залы;
– тақырыптық кештер, шеберлік сабақтары мен шығармашылық үйірмелер өткізетін бірнеше зал;
– компьютерлермен, цифрлық ресурстармен және тегін интернетпен жабдықталған заманауи зал;
– робототехника, бағдарламалау, ғылыми тәжірибелер мен жобалық жұмыстарға арналған зертханалар;
– балалардың өз туындыларын оқып, подкаст жазып, бейнематериалдар әзірлеуіне мүмкіндік беретін шығармашылық студия;
– тынығуға, ой жинақтауға және кітапты еркін оқуға арналған жайлы релаксация аймағы болса деймін.
Мұндай кітапхана баланың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, оның тіл байлығын, ойлау қабілетін, қиялын, ізденімпаздығын және қарым-қатынас мәдениетін дамытуға ықпал етер еді. Ең бастысы, кітапхана балалар үшін міндетті түрде баруы керек орын емес, өз еркімен асығып баратын сүйікті мекеніне айналар еді.
Қарағанды – өнеркәсібі мен экономикасы дамыған, білім мен мәдениеттің де әлеуеті зор өңір. Сондықтан балаларға арналған осындай ірі жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруға әбден болады деп ойлаймын.
Президент өз Жолдауында ірі бизнес өкілдерін ел игілігіне бағытталған жұмыстарға тарту мәселесін де көтерді. Ендеше, өңірдегі ірі кәсіпорындар мен кәсіпкерлерді, меценаттарды осы игілікті іске жұмылдыруға неге бастамашы болмасқа? Мемлекет, жергілікті атқарушы органдар және әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін бизнес өкілдері бір мақсатқа жұмылса, мұндай жобаны жүзеге асыруға жол ашылар еді.
Өйткені балалар кітапханасына салынған қаржы – ертеңгі ұрпақтың біліміне, рухани дамуына және шығармашылық мүмкіндігіне салынған инвестиция. Бүгін біз бала үшін қандай орта қалыптастырсақ, ертең сондай ұрпақ өсіп шығады. «Кітап оқитын ұлт» болу үшін кітапты насихаттаумен шектелмей, кітап оқуға ынталандыратын заманауи орта құруымыз қажет. Ал балаларға арналған осындай кітапхана сол ортаға айнала алады.
Жұпар ЖАҚАН,
Қарағанды облысының тілдерді дамыту
жөніндегі басқармасы жанындағы
Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі



