Ертеңгі елдің іргесі бүгін қаланады
Әр дәуірдің өзіне жүктейтін жүгі, әр ұрпақтың тарих алдындағы жауапкершілігі бар. Ал, бүгінгі буынның басты міндеті – бабалар аманаттаған тәуелсіздікті баянды етіп, келешек ұрпаққа іргесі берік, экономикасы қуатты, өркениеті өрісті мемлекет қалдыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы мен айрықша мән берген тұжырымдардың бірі – осы тарихи жауапкершілік мәселесі. Президент көтерген міндеттердің түпкі мәні де қол жеткізген жетістіктерді сақтаумен шектелмей, еліміздің дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруге келіп саяды.

Шын мәнінде, мемлекеттің қуаты материалдық игіліктердің молдығымен ғана өлшенбейді. Оның ең басты тірегі – азаматтарының бірлігі, қоғамдағы өзара сенім, адал еңбек пен ортақ мүддеге деген жауапкершілік. Заманауи инфрақұрылым, бәсекеге қабілетті экономика, халықтың әл-ауқаты – мұның бәрі ел дамуының маңызды көрсеткіштері. Алайда, осы игіліктердің баянды болуы қоғамдағы тұрақтылық пен татулыққа тікелей байланысты.
Біз болашақ ұрпаққа қандай Қазақстан қалдырамыз? Бұл – әр азаматтың өзінше жауап іздеуіне тиіс сауал. Бүгін жасалған әрбір игі іс, қабылданған әрбір байыпты шешім, адал еңбекпен келген әр жетістік ертеңгі елдің іргетасына қаланған кірпіш іспетті. Сондықтан мемлекетті нығайту ісін тек билік институттарының міндеті деп қарастыруға болмайды. Ел болашағына жауапкершілік – баршамызға ортақ.
Осы тұрғыдан алғанда, азаматтық қоғам мен қоғамдық институттардың рөлі айрықша. Қоғамдық келісім тек ортақ ұстанымдарды жария етумен шектелмейді. Ол азаматтардың үнін естуден, өзекті мәселелерді ашық талқылаудан және олардың шешіміне бірлесе атсалысудан басталады.
Қазақстанның басты байлығының бірі – түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруі. Бұл – тарих қалыптастырған, уақыт сынынан өткен қастерлі құндылық. «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы ретінде халықтар арасындағы достық пен өзара құрметтің қадірін терең түсінемін. Әр этностың өз тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін сақтай отырып, ортақ Отанымыздың өркендеуіне үлес қосуы – қоғам бірлігінің маңызды көрінісі. Біздің тағдырымыз да, келешегіміз де бір елдің болашағымен біте қайнасқан.
Бірлік дегеніміз – тек береке-бірлікті дәріптейтін сөз емес, күнделікті тіршілікте көрініс табуға тиіс азаматтық ұстаным. Бір-біріміздің мәдениетімізге құрметпен қарау, қоғамдық мәселелерге бейжай қалмау, жас ұрпақты отаншылдық пен жауапкершілік рухында тәрбиелеу – осы ұстанымның нақты көріністері.
Мемлекет басшысының Жолдауынан түйген басты ойым – елдің ертеңі бүгінгі еңбегімізге байланысты. Біз келер ұрпаққа дамыған қалалар мен жаңа өндіріс орындарын ғана емес, өзара сыйластық орныққан, әділеттілік пен заң үстемдігі берік қалыптасқан қоғамды да мұра етуіміз керек. Өйткені, елдің шынайы өркендеуі экономикалық өсім мен рухани тұтастық қатар жүргенде ғана баянды болмақ.
Увайс ДЖАНАЕВ
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы



