Спорт

Азия аламанына жолдама

Атырау облысында Кеңес Ода­ғының бес дүркін жеңімпазы, «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» Болат Теміровті еске алуға арналған бокстан ерлер арасында ІІ Халықаралық турнир өткен болатын. Оған Қарағанды облысының атынан тоғыз боксшы қатысып, бір алтын, бір күміс және үш қола жүлдемен оралды.

Бір аптаға созылған тартысты бәсекеге елдің түпкір-түпкірінен кіл мықтылар келген. Тіпті, ұлттық құрама сапындағы боксшылар да қолғап түйістірді. Ал, турнирдің жеңімпаздары келер айда өтетін Азия чемпионатына жолдама иеленді. Бұл қатарда жерлесіміз Ермек Ерасыл да бар. Ол осы турнирде 63,5 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, алтыннан алқа тақты.

– Осы турнирде төрт кездесу өткіздім. Қарсыластарымның осалы жоқ. Турнирдің алдында Алматыда 21 күн бойы ұлттық құрама сапында оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Сол жерде қатар дайындалған серіктесіммен ақтық кезеңде қолғап түйістірдік. Одан бөлек, ол қарсыласыммен Талдықорғанда өткен ел чемпионатының жартылай финалында жұдырықтасқанбыз. Енді осы айдың жиырмасында Өзбекстанда оқу-жаттығу жиындары өтеді. Ұлттық құрамамен сол жақта дайындалып, Азия чемпионатына аттанамыз, – деді чемпион.

Одан бөлек, осы турнирде 75 келіде бақ сынаған жерлесіміз Ислам Советов ІІ орынды иеленді. Ал, 54 келіде өнер көрсеткен Нұрислам Бикенов, 75 келідегі Дамир Симеев, 67 келідегі Райымбек Асылбеков чемпионаттың қола жүлдегерлері атанды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет Ермек Ерасылдың жеке мұрағатынан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button