Азат елдің айбыны

Азат елдің айбыны – Отан-Анасын от пен судан қорғай алатын азаматтары екені белгілі. Сондықтан, ұландарымыз ұлықталған ҚР Отан қорғаушылар күні де өңірімізде өз деңгейінде мерекеленді деуге болады. Бір ғана облыс орталығының өзінде сан алуан шара ұйымдастырылып, айта жүрер айрықша күнге айналды. Әріден бастайық.

Марапат биігінде

Өткен бейсенбіде Отан қорғаушылар күні қарсаңында ҚР Ұлттық Ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, полковник Ұларбек Әбікеевке генерал-майор жоғарғы әскери шені берілгенін айта кеткен абзал болар. Награданы ол Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алды.
Сондай-ақ, осы шарада Елбасы қолынан «Ерлігі үшін» медалін алған жерлесіміз – Виталий Калмыков. Ол – облыстың төтенше жағдайлар департаментіндегі Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары жасағының арнайы бөлім командирі. Бұл медальді кейіпкеріміз өткен жылы жанып жатқан үйден екі баланы аман алып шыққаны үшін иеленген еді.

Тәртіп сақшылары сапта тұр

Сенбіде облыстық Ішкі істер департаментінде ҚР Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 73 жылдығына орай салтанатты шара өтті. Игі бастама арнайы шақырылған ардагерлер, департамент басшылығы мен жеке құрамының аталған департамент ауласында орналасқан мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойып, бір минуттық үнсіздікпен еске алуынан басталды. Бұдан кейін, қатысушылар департаменттің жиын залына өтіп, салтанатты шараның куәсі болды.
– Халқымыздың сұрапыл соғыс жылдарында көрсеткен ерлігі мен батырлығы ұрпақ жадында мәңгі сақталып, тәуелсіз Отанымыздың бүгінгі және болашақ қорғаушылары үшін адалдықтың айрықша үлгісіне айналмақ. Айтулы мереке күні баршаңызға денсаулық, сарқылмас күш-жігер, бақыт және отбастарыңызға амандық тілеймін, – деді облыстың Ішкі істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мергенбай Жаппаров.
Құттықтау сөзінен кейін департамент басшысы Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлеріне ақшалай сый-сияпаттар мен гүл шоқтарын табыс етті. Сонымен қатар, алдыңғы қатардан көрініп жүрген бірқатар тәртіп сақшылары да марапаттан құр қалған жоқ. Департамент басшысының қолынан ҚР Ішкі істер министрінің Құрмет грамотасын – 2, «Ішкі істер органдарының үздігі» медалін – 5, ҚР Ішкі істер министрлігінің грамотасын – 10, Алғыс хатын – 10 тәртіп сақшысы алса, 10 қызметкерге алғыс жарияланды. Сондай-ақ, ІІД бастығының бұйрығымен 95 қызметкер марапатқа ие болды.
Шара соңы ІІД-нің шығармашылық ұжымы ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласып, бұдан әрмен ІІД ауласында полицейлерден құралған саптық құрылымдар қаза болған сарбаздардың портреттерін алып өтіп, мәңгі өлмес полк жасағын еске алды.

АзамАттық қорғаныс –
айрықша назарда

Осы күні мұндай шара облыстың төтенше жағдайлар департаментінде де ұйымдастырылды. Шарада азаматтық қорғаныс органдарының ардагерлері, аталған департаменттің жеке құрамы және шақырылған қонақтар болды.
– Ерлік, кәсіби шеберлік және қызметіне адалдық – біздегі қызметкерлердің айрықша белгісі. Бұдан әрі де біз, алға қойылған мақсаттардың тиімді шешімін тауып, күш-жігеріміз бен білімімізді адам өмірі мен Отанымызды қорғауға арнайтын боламыз. Азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлері халқымыздың достығы мен татулығын ту теткен даңқты дәстүрін еселей түсіп, ел аумағы мен тұрғындарын төтенше жағдайлардан қорғап қалу кезінде оларға жүктелген қызметтік міндеттерді абыройлы атқаратындарына сенімдімін, – деді облыстың төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, полковник Ибрахим Күлшімбаев.
Сондай-ақ, қызметінде ерекшеленген мамандарға, азаматтық қорғаныс органдарының ардагерлеріне және ерлік көрсеткен азаматтарға ведомстволық наградалар табыс етілді. Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, театрландырылған қойылыммен түйінделді.

Үлкен экранда –
жауынгерлік шеру

Мереке күні «Отар» 40-шы әскери базасында Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Отан қорғаушы күніне арналған Жауынгерлік шеру өтті. Қарағандылықтар бұл шараны республикалық телеарналар мен ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми сайтынан бөлек, Кеншілер мәдениет сарайының ауласында орнатылған үлкен LED-экраннан тамашалай алды.
Жауынгерлік шеру – бұл әскери шерудің жауынгерлік оқу-жаттығулар және жауынгерлік даярлық элементтерімен үйлесуі. Бұл – қазақстандық армияның кәсіби ептілігін, жинақылығы мен есептоптардың әскери мүмкіндіктерін тәжірибеде көрсетуі. Жауынгерлік парадқа 3 мыңға жуық әскери қызметші, 300 бірлік қару-жарақ пен әскери техника және 40 бірлік ұшу аппараты қатыстырылды. Екі бөлімнен құралған шерудің бірінші бөлімінде аймақтық қорғаныс бригадалары Астана мен Алматы қалаларының, облыстардың әкімдеріне жауынгерлік туды табыс етті. Туды табыс ету рәсімінен кейін дәстүр бойынша қонақтар мен көрермендер парадтың салтанатты шеруін, оның ішінде, ҚР ҚК Арнайы операциялар күштерінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, ҚР ҚК ІІМ Ұлттық Ұланның, сондай-ақ, аймақтық қорғаныс әскери қызметшілерінің, 19 жаяу есептобының шеруін тамашалады.
Екінші бөлімде заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы ұрыста қолдана отырып, барлау-әскери бөлімшелерінің шынайы тактикалық іс-қимылы көрсетілді. Жауынгерлік шеру соңында ұшқыштар тобы «Жетісу барысы» жоғары пилотажды орындады. ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысушыларға далалық жағдайда көрсеткен шеберлігі, атыс пен әскери ептіліктегі дәлдігі үшін алғысын білдірді.

Көп дүние – көрмеде

8 мамырда облыстық бейнелеу өнері мұражайында «Жеңіс! Бейбітшілік! Еңбек! Мамыр!» көрмесі ашылады. Ол бір дегенде мамыр айындағы үш мерекеге арналады. Яғни, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңіс күні.
Көрмеде түрлі ұлт пен ұлыс суретшілерінің түрлі жанрдағы туындылары ұсынылды. Олардың картиналары көктем, достық, татулық пен ынтымақтастық, бейбітшілік пен махаббат, халықтың бақытқа деген талпынысы және де Ұлы Жеңіске арналған.
Экспозиция негізінен қарағандылық және қазақстандық суретшілердің көркем және графикалық жұмыстарынан құралған. Дәлірек айтар болсақ, мұнда С.Глазковтың Кеңес Одағының батыры Мартбек Мамыраевтың портретін, А.Хайдаровтың «Әлия» картинасын тамашалауға болады.

Рауан Қабидолдин.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.