Жаңалықтар

Қазақтың Қыз Жібегі – Қарағандыда

Белгілі кино және театр актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ киносының «Алтын қорына» енген «Қыз Жібек» фильмінде басты ролді сомдаған Меруерт Өтекешова шәкірттерімен Қарағандыға келеді.

Қазақ кино өнерінің төлқұжатына айналып, Меруерт пен Құманның (Құман Тастанбеков –Төлеген) даңқын арттырған айтулы «Қыз Жібек» картинасы – көрген сайын жалықтырмай, қайта сағындырар көркем фильм. «Қыз Жібекті» әлем бойынша 80- нен астам ел көрермендері тамашалаған.

Жарты ғасырға жуық уақыт бұрын «Қыз Жібек» көркем фильмі алғаш экранға шыққанда қазақ-совет кино индустриясындағы құбылыс болғаны шындық. Бұл советтік кезеңдегі махаббат дастанымен қатар, ұлтымыздың ежелгі салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын арқау еткен тұңғыш көркем картина болғанымен де құнды.

Аңызға айналған фильмде рулық тартыс пен ағайын арасындағы араздықтың құрбаны болған қос ғашықты экранда сомдаған көркі көз тойдырар, тал шыбықтай майысқан сұлу Меруерт Өтекешова мен жігіттің сұлтаны дерлік сымбатты Құман Тастанбеков бірден жастардың символына айналған еді.

Құман мен Меруерттің кейіпкерлері армандарына жете алмағанымен, олардың өздері картинаның түсірілімі біткен соң, тойларын жасап, бұдан былайғы тағдырларын бір арнаға тоғыстырды.

«Қазақтың Қыз Жібегі» атанған кино және театр жұлдызы, профессор Меруерт Өтекешова қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде болашақ актерлерді өнерге баулып жүр.

Сапар мазмұны – қанық. Меруерт Қаратайқызының шәкірттері 25 қазан күні сағат 17.00-де Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының кіші залында қарағандылық көрермен назарына «SOL BIR KEZ» атты сахналық әңгіме қойылымын ұсынады. Ал, сол күні сағат 14.00-де Меруерт Өтекешова «Сарыжайлау» кинотеатрында өнерсүйер қауыммен кездеседі.

Өмірде де, өнерде де қол ұстаса жүріп, ұлт руханиятына қызмет еткен Қазақстанның халық артисі Құман Тастанбековті еске алып, Қыз Жібек – Меруерт Өтекешовамен жүздескісі келген жұртты 25 қазан күні сағат 14.00- де «Сарыжайлау» кинотеатрында күтеміз.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Back to top button