Жаңалықтар

Қазақтың Ақселеуі…

Мектепті бітіргеннен кейін арман қуып, жоғары оқу орнына түстік. Қарағандыдағы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне.  Оқу жылы басталған соң, қыркүйектің тоғызы күні университетімізде Ақселеу Сейдімбек дәріс оқиды дегенді естіп бірден конференц-залына бардым. Бір кезде жүрісі нық, еңсесін биік ұстап Ақселеу ағамыз асықпай   келді. Студенттерге түркі әлемін зерттеген Л.Н.Гумилев жайлы тағылымы мол дәріс оқыды. Гумилевтің түркі әлеміне зерттеу сіңірген еңбегін, «Күлтегін», «Тоныкөк» секілді тарихи жазбаларды жан-жақты түсіндірді. Өзге мұғалімдердің сабағында әр минутын санап отыратын студенттер Ақаңның лекциясының аяқталмауын тілеп отырғандай көрінді.

Дәріс аяқталған соң студенттер ғалым ағаларына кезекпен көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Мен де достарымнан қалыс қалмай, екі сұрақ қойдым. Бірінші сұрағым былай болған еді: Ақселеу ағамыз ешқашан дәрі ішіп, дәрігердің алдын көрмеген адам деп естіген болатынмын. Соны ағамыздың өз аузынан естігім келді. Бұл сұраққа Ақселеу аға:

Сегізінші сыныпқа дейін шай, кофе дегеннің не екенін білмедім. Қара нанның қадірін түсінген ұрпақтың бірі болдым. Ешқашан тәнім ауырып, ақ халатты жандардың алдына барған емеспін. Сол сияқты дәрі алып, қолданып көргендердің қатарына жатпаймын, – деді.

Ал екінші сұрағым былай болды:

Ақселеу аға, мен де сіз туған ауылда, яғни Жаңаарқада туып өстім. Сіздің осы туған жерге деген махаббатыңызды білгім келеді дегенімде, ағамыз бірден күлімсіреп, өзінің ауылға деген сағынышын түр-тұлғасынан, бет әлпетінен білдіріп қойды:

Мен адамдардан бұрын туған жерді тез сағынатын адаммын. Жаңаарқа киелі жер, Байдалы би, Ықылас,Сайдалы Сары Тоқа, Сәкен Сейфуллин, Серік Қирабаевтарды дүниеге әкелген жер емес пе?! Қалайша ондай жерді сағынбауға болады. Мен нағыз ән мен күйдің ортасында өстім. Біздің ауылдағы ең жаман күйші Мағауия Хамзин болатын. Шалдар «осы бала домбыраны мондалин қылып жіберді» деп кейіс білдіретін. Сол Хамзин Қазақстанның халық әртісі, шертпе күйдің шебері атанды. Осал дегенің Мағауиядай болса, қалғандары классик болғаны ғой.

Бұл менің Ақселеу ағаны  өмірде бірінші және соңғы мәрте бетпе-бет көруім. Дәл бір апта өткенде, қыркүйектін 16-сы күні (бұл күн қасиетті Қадір түні) ол кісінің өмірден өткенін естідім. Ол кісінің тағылымы мол дәрістерін төрт жыл бойы армансыз тыңдаймыз деп жүрген едік. Қамшыдай қысқа ғұмыр бізге ол кісіні одан әрі жүздестіруге жазбапты. Әттең, әттең…

Ақселеу аға тәрізді бойынан тек қазақылық тұнып тұрған жазушы, шежірелі ғұлама ғалым, сазгер, дәулескер күйші, зергер жаңды кездестірген емеспін. «Алаштың Ақселеуі» атанған аға қазақ үшін талай үлгілі іс қалдыра білді. Халық үшін өшпес туындылар жазып кетті. Қазақтың шежіресін түзді. «Дәурен-ай»,»Сарыарқа», «Есіңде бар ма жас күнің?», «Әрәр-ай» секілді шоқтығы биік туындыларды Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеухан бастаған дара әншілеріміз тамылжыта орындады.

Қазіргі кезде Ақселеу аға Жаңаарқадан бес шақырым қашықтықтағы «Қарауылтөбе» жерінде жатыр. Той-думан мен бәйге өткізілетін жердің аты «Ақселеу биігі» деп өзгертілді. Киелі төбеге Қарағанды мен Жезқазған арасында жол жүрген азаматтар арнайы соғып құран бағыштап өтеді.

Менің сұрағыма жауап бергендей, өзінің туған жерін қаншалықты сүйетінін дәлелдеп кетті. Танымал адамдарды жерлейтін «Кеңсайға» емес, «Жаңаарқаға жерле» деп отбасы мен достарына табыстауы туған жерге деген махаббатының бір көрінісі емес пе?!

Ақселеу Сейдімбек Жаңаарқа немесе Қарағанды облысының ғана мақтанышы емес, түгел қазақ, Алаш жұртының ортақ үлгі тұтар «Ақаны» болып қалары анық. 

 Нұрмұхаммед Байсүгіров,

журналист

Басқа материалдар

Back to top button