Бас тақырып

Қазақстандағы тұңғыш күй аллеясы

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің бас ғимаратының алаңына барсаңыз домбыра үнін сүйсіне тыңдай аласыз. Жәй ғана серуендеп жүріп, орындыққа отырған кезде сіз қалаған күй күмбірлей жөнеледі. Өйткені мұнда «Күй аллеясы» салтанатты түрде ашылды. Домбыра күніне орай студенттердің сабақтан тыс бос уақытында таза ауада тынығып, демалуына қолайлы жағдай жасау, күйді насихаттау арқылы жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыру және рухани құндылықтарды бойына сіңіру мақсатында күй шертетін орындық қою қолға алынған.

Суреттер автордан

Салтанатты шараға Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова, университет ректоры Нұрлан Дулатбеков, зиялы қауым өкілдері, оқытушылар, студенттер және қала тұрғындары қатысты.

− Мақсатымыз − балаларға білім беріп қана қоймай, оларды патриоттық рухта тәрбиелеу. Сондықтан, осындай аллея ашу жайлы студенттерге ой тастадым. Студенттермен бірге осы жұмысымызды 3-4 ай ішінде бітіріп шықтық. Мұндай дүние тек шет елдерде ғана бар. Біз де Қазақстанда қолға алуды жөн көрдік. Қазір аллеяда 20- ға жуық орындық бар және әр орындықта екі-үш күйден ойналады, – деді университет ректоры Нұрлан Орынбасарұлы.

Идеяны жүзеге асыруға физика-техника факультетінің радиофизика және электроника кафедрасы мен ақпараттық технологиялар және телекоммуникация орталығы атсалысқан.

– Жалпы университеттің үш миссиясы бар. Оның бірі – ол білім, тәрбиеден бөлек студенттерді мәдениетке бейімдеу. Сондықтан, физика-техника факультетінің студенттері, магистранттары және докторанттарымен бірлесіп, аллеядағы орындыққа орнататын арнайы құрылғыны жасап шығардық, – дейді физика-техника факультетінің деканы Асылбек Зейниденов.

Университет алаңында жасалған әр музыкалық орындық жеке бір күйшіге арналған. Бастамаға университет студенттерінің қосқан үлесі де жетерлік.

− Микроконтроллерді құрылғы жасап, адам орындыққа отырған кезде авторлардың күйі ойналатындай жасадық. Ең алдымен біз ардо ойнау платформасында эксперименталды жүйені жасап, ақпан айында орындыққа орнатқаннан кейін бұл құрылғының үнемі жұмыс істеп тұратындығына көз жеткіздік. Бұл – Қазақстандағы алғашқы жоба. Болашақта құрылғы бағасын төмендетіп, басқа да микроконтроллерді қолданып көрмек ойымыз бар, – деді радиофизика және электроника кафедрасының ІІІ курс студенті Азамат Абукенов.

Жобаға қатысушылар құрылғының баспа платасын әзірлеуден бастап, сыртқы қорабын, бағдарламалық жасақтамасын, оны жасау және құрылғылардың шағын партиясын орнатуға дейін өздері әзірледі. Ол үшін аспап, робототехника зертханалары мен 3D басып шығару және цифрлық модельдеу зертханаларының ресурсы пайдаланылған.

– Ұлттық домбыра күніне орай университетіміздің қалашығында арнайы ашылған күй аллеясының мақсаты – студенттерімізге жайлы демалыс орнын жасау және рухани құндылықтарымызды дәріптеу. Күй аллеясында Кетбұғадан бастап, Тәттімбет, Қазанғап, Құрманғазының күйлері ойналады. Аллея оқу корпусы мен студенттер үйін байланыстырып тұрған аумақ. Күй өнеріне арналған аллеямыз басқа да оқу корпустарының жанында ашылады деген жоспарымыз бар, – дейді университеттің басқарма мүшесі, әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Мейіржан Сыздықов.

Аллеяда Кетбұға, Тәттімбет Қазанғапұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Тоқа Шоңманұлы, Ықылас Дүкенұлы, Дайрабай Ерназарұлы, Ахметжан Сармантайұлы, Қыздарбек Төребайұлы, Сембек Айдосұлы, Әбди Рысбекұлы, Әбікен Хасенұлы, Аққыз (Мүгілсім) Ахметқызы, Нұрғиса Тілендиев, Мағауия Хамзин, Төлеген Момбеков, Дәулетбек Сәдуақасұлы, Секен Тұрысбеков секілді күйші-композиторлардың есімдері жазылған 17 музыкалық орындық бар.

Қарақат ҚҰРМАШЕВА,
Еуразия Ұлттық университетінің II курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button