Жаңалықтар

Қазақстанға жеті жылда $155 млрд инвестиция тартылды: жаңа өндірістерге жол ашылды

Британдық The World Financial Review іскерлік басылымы Қазақстанның шикізатқа тәуелділіктен арылу бағытындағы қадамдары туралы талдау жариялады. Экономикадағы өзгерістердің басым бағыттарының бірі – өңдеу өнеркәсібін дамыту. Оның Қазақстан экономикасындағы үлесі қазірдің өзінде тау-кен өнеркәсібінің үлесінен асып түсті. Бұл өндіріс құрылымының біртіндеп өзгеріп келе жатқанын көрсетеді.

Сурет ЖИ

Кейінгі жеті жылда елде 625 жаңа өнеркәсіп кәсіпорын іске қосылып, 62 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Өңдеу секторын дамыту өндірісті локализациялауға, жабдық жеткізуге және өңірлік өндірістік тізбектерге қосылуға мүдделі халықаралық компаниялар үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастырады.

Автомобиль өнеркәсібі өндірістік трансформацияның жарқын мысалына айналды. Соңғы жеті жылда Қазақстанда 800 мыңға жуық автомобиль өндірілді. Өндірістік қуаттарды кеңейтуге Kia Qazaqstan және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan ірі жобаларының іске қосылуы ықпал етті. Автомобиль өнеркәсібінің дамуы қосалқы бөлшектер өндірушілерін, жабдық жеткізушілерін және технологиялық компанияларды тартуға мүмкіндік береді. Өндіріс көлемі ұлғайған сайын жергілікті қамту үлесін арттыруға және сабақтас салаларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер пайда болады.

Агроөнеркәсіп кешенінің де халықаралық бизнес үшін әлеуеті жоғары. Кейінгі жеті жылда ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімі нақты мәнде 24%-ға, ал ақшалай мәнде 5,2 трлн теңгеден 9,8 трлн теңгеге дейін өсті. Өндіріс көлемінің артуы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, сақтау, логистика, ауыл шаруашылығы техникасы және заманауи технологияларды енгізуге инвестиция салу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бүгінде бизнес, оның ішінде халықаралық компаниялар Қазақстанның ішкі нарығына ғана емес, экспортқа бағдарланған өндірістер құру мүмкіндігіне де қызығушылық танытып отыр.

Өнеркәсіпті жаңғыртумен қатар ішкі нарық пен кәсіпкерлік базасы да кеңеюде. Соңғы жеті жылда шағын және орта бизнестегі жұмыспен қамту 31,3%-ға артып, 2025 жылы 4,5 млн адамға жетті. Бұл өсім жеке кәсіпкерлер мен шағын компаниялар санының артуы есебінен қамтамасыз етілді.

Кәсіпкерлік сектордың дамуы жергілікті жеткізу тізбектерін қалыптастыруға, серіктестер табуға және ішкі нарыққа шығуға жаңа мүмкіндіктер береді.

Ал экономика ауқымының ұлғаюы жабдыққа, технологияға, қаржылық және кәсіби қызметтерге қосымша сұраныс тудырады.
Құрылыс саласы ішкі нарықты дамыту көрсеткіштерінің бірі болып саналады. Жеті жыл ішінде Қазақстанда 118,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Құрылысты кеңейту құрылыс материалдарына, инженерлік жабдықтарға, заманауи технологияларға және ілеспе қызметтерге сұранысты қалыптастырады.

Кәсіпкерлікті дамыту Тоқаевтың экономикалық саясатының басымдықтарының бірі болып қала береді. Президенттің бағыты жеке меншікті қорғауды, бәсекелестікті дамытуды, әкімшілік кедергілерді азайтуды және мемлекеттің экономикаға қатысуын азайтуды көздейді. Осы мақсаттарды жүзеге асыру жеке капиталды одан әрі тарту және неғұрлым бәсекеге қабілетті іскерлік ортаны қалыптастыру үшін маңызды.

The World Financial Review

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button