Руханият

Қазақша және еркін күрестен КСРО Спорт шебері Өзаман ИСАТАЕВ: «Атандым мен екінші БАЛУАН ШОЛАҚ»

Осы жұрт Өзаманды біле ме екен? Қалам ұстап, қағаз кеміргеніме ширек ғасырға жуықтап қалса да, даңқты балуан, қазақша және еркін күрестен КСРО Спорт шебері Өзаман ИСАТАЕВ туралы жазуға асыға қоймаппын. Оның да әртүрлі себептері бар. Жалпы, Өзаман аға туралы аз жазылды деп айтуға да болмас. «Қазақ балуандары» жинағына шықты. Белгілі ақын Баянғали ӘЛІМЖАНОВТЫҢ авторлығымен «Қазақтелефильм» студиясы 1984 жылы «Палуан» («Борец») атты деректі фильм түсірді. Дәл осы жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне тағы да осы Баянғали ағаның «Асауды жалғыз қолмен ауыздықтап…» атты көлемді мақаласы жарияланды. Танымал спорт журналисі Бақтияр ТАЙЖАН ағамыз «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттеріне, өзінің жеке жинақтарына да қазақтың екінші Балуан Шолағы туралы бірнеше мақала-очерктерін жариялады. «Осы ағаларымнан асырып не жаза қоймақпын?» деп те өзімді тежеп жүрдім.

Екіншіден, Өзаман аға екеуміз – бір ауылданбыз. Жарқыратып жаза қалсам, «Өз ауылынан ұзап шықпайды» деген әңгімеге де қалуым мүмкін еді.

Жаңа жылдан бастап жарық көрген «Қайдасың, қасқа құлыным?» айдарына лайықты кейіпкер іздегенімізде ойыма бірінші болып Өз-Ағам оралды. Мұның да себебі бар. Іссапармен Қарқаралы ауданына барғанымда жергілікті ақсақалдар Жаңаарқадан екенімді біліп: «Осы Өзаман қайда? Тірі ме?» деп сұрады.

Ауылға барған сайын сәлем беріп, саулығын сұрап жүретін Өзаман ағаны «іздеуімнің» себебі – осы. Кезінде қазақ спортының жұлдызы болып жарқыраған жалғыз қолды балуанның өзі де, есімі де көңілдерден көмескілене бастағанын да сезіп жүрдім. Көзкөргендер болмаса, бүгінгі жастар қайдан білсін?!

Ендеше, Өз-Ағаң өзі сөйлесін…

«ҚАЗАҚ СПОРТЫНЫҢ БОСАҒАСЫНДА КӨП ОТЫРДЫМ»

– Ассалаумағалейукүм, Аға! Өткен ғасырдың 60-70-ші жылдарында қазақ спортының көгінде жұлдыздай жарқырап, «Жалғыз қолды найзағай» атанған балуан Өзаман Исатаев қайда жүр екен?

– Ауылдамын. Өзімнің туған ауылым Жаңаарқа ауданы, Ералиев селосында тұрып жатырмын. Ұзақ жыл шаруашылықта аға жылқышы, мал дәрігері болып еңбек еттім. Қазір зейнет демалысындамын. Аллаға шүкір, бала-шағамның ортасында бақытты, бақуатты ғұмыр кешіп жатқан жайым бар.

– Спортқа неше жасыңызда келдіңіз?

– Спорттың атасы – ат үстіндегі өнер, шырағым. Мен жасымнан асау үйретіп, жүйрік баптадым. Әкем Арқа атырабына белгілі балуан әрі жылқышы болды. Менің өмірлік ұстазым да, спорттағы бапкерім де – әкем Исатай. Ес білгелі тай-жабағы үйретіп, асауға бас білдіріп өстім. Жалғыз қолмен-ақ, тақымның беріктігі болды ма, небір шу асауларыңызды тырп еткізбейтін едім. Сондықтан, мен спортқа тым жас келдім деп айта аламын. Иә, доп та ойнадық. Жалғыз қолмен волейбол да ойнадым. Бірақ, 6-7 сынып оқып жүрген шағымда бар ықыласым күреске ауа бастады. Алайда, жалғыз қолмен жүрген мені кім боз кілемге жібере қойсын?! 1963 жылы болуы керек, аудан орталығындағы Ленин атындағы мектепте оқимын. Жаңаарқада «Жас сұңқар» спорт мектебінің жаңадан ашылған кезі. Марқұм Ғазым Жарылғапов, әйгілі балуан, жампоз жаттықтырушы Диқанбай Биткөзов секілді жас бапкерлер күрес секциясын ашқан. Кешкілік уақыт сол «Жас сұңқар» мектебінің босағасынан табыламын. Күресіп жүрген балаларға қызығып, сонда отырамын. Мені елеп жатқан жан баласы жоқ. Күнде солай. Шолақ қолым шолтаңдап, залдың босағасынан, кілемнің жиегінен жаттығып жатқан достарыма қызығып, салым суға кетіп үйге ораламын. Бір күні Ғазым ағаға жолықтым. «Аға, менің күрескім келеді. Рұқсат етіңізші!» деп жалындым.

Қайсарлығыма сүйсінді ме, өзіме бір, шолақ қолыма бір қарап: «Өй, жалғыз қолмен қалай күреспексің? Мен рұқсат бергеніммен, дәрігерлер жарысқа жібермейді ғой» деді. Сонда да қиылып: «Аға, бір мүмкіндік беріңізші. Ештеңе шықпаса, ренжімеймін» деймін. Рұқсат берді. Бірақ, көппен бірге жаттығуыма қорқақтады ма, соңынан алып қалып, жеке дайындап жүрді. Сөйтіп, қазақ спортының босағасында ұзақ отырып, өзіндік ерік-жігерімнің, ұстаздарымның қамқорлығы арқасында төріне оздым.

– Алғашқы жетістігіңіз…

– Босағадан боз кілемге әрең өттім дедім ғой. Бірақ, нәтиже көп күттірген жоқ. 1964 жылы Шет ауданында қазақша күрестен Қарағанды облысының біріншілігі өтіп, мен командадан тыс қытыстым. Сол кездің спортшылары да, жанкүйерлері де жақсы біледі, ол уақыттың жарыстары командалық тәртіппен өтетін. Команда-команда болып күресеміз. Ал, мен жеке белдесуге қатысуға бардым. Өзіміз «личка» дейтін едік. Команда құрамында болсаң, алғашқы белдесулерде ұтылсаң да, жарысты жалғастыра бересің. Команда жеңілгенше. Ал, жеке белдесу – күрделі. Жеңілдің бе, олимпиадалық тәртіппен жарыс жолынан шығасың. Сол жолы Алла алқап, өз салмағымда бірінші орын иелендім. Қарқаралы ауданы командасының бапкері, аты аңызға айналған жаттықтырушы Жәкен Тәтиев төрешілер сапында болды. Сол кісінің көзіне түсіппін. «Жарайсың! Қазақтан шыққан екінші Балуан Шолақ болғалы тұр екенсің» деп батасын беріп, мені Қарқаралы мал дәрігерлік техникумына оқуға шақырды. Осы жарыста спорт шеберлігіне үміткер атандым. Сол жылы жазда туған апам, белгілі қобызшы Рымкүл Бимендинаға еріп, Қарқаралыға Жәкен ағаны іздеп бардым. Алдында әкем: «Бір қолың жоқ, ауыр жұмысқа жарамайсың, сен мұғалімдік оқуға бар» деп үгіттеп жүрген. Қарқаралы сапарынан кейін әкеме мән-жайды түсіндіріп едім, бетімнен қаққан жоқ. Батасын беріп, мал дәрігерлік оқуға баруыма келісті. Сол сәттен бастап Жәкен Тәтиевтің шәкірті атандым. Ауылға демалысқа келсем Диқанбай, Ғазым ағаларыммен дайындаламын.

«ҚОЛЫМНЫҢ ШОЛАҚТЫҒЫНАН ҚОРҚЫП КЕТІП, КҮРЕСПЕЙ ЖЫҒЫЛҒАН ҚАРСЫЛАСТАРЫМ БОЛДЫ»

– Кемдікті пенде Алладан тілеп алмайды. Сіздің қолыңыздың кемдігі туралы кезінде аз жазылып, кем айтылған жоқ. Десек те, оқырман есіне бір сала кетсек… Осы бір оқыс оқиға қалай болған еді?

– Сәби кезімнен өте шапшаң, қолды-аяққа тұрмайтын мазасыз болыппын. Әкем жылқы бағады. Шешем даладағы жер ошаққа нан пісіруге шығатын болып, енді ғана еңбектеп жүрген алты айлық мені кереуеттің аяғына байлап, алдыма бір дорба асық шашады да кетеді. Жіп шешіліп кетті ме, әлде, анам байғұс ұзындау қылып байлады ма, әйтеуір, сол күні киіз үйдің ортасында жанып жатқан ошақтағы тобылғының шоғына құлаппын. Мына сол қолым білегіме дейін шоққа күйіп осылай болып қалған ғой. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар. Медицинаның мүмкіндігі де – шектеулі. Ешқандай амал жасай алмай, мен осылай шолақ болып қалдым. Ара-тұра өлең жазатыным бар. Өзім туралы бір өлеңімде:

«Алты айда отқа құлап, болдым молақ,

Атандым мен екінші Балуан Шолақ.

Домбыра төгілдіріп тарта алмаймын,

Өкініш көкейімде жалғыз солақ», – деп жырлайтыным бар.

– Қандай өкінішті?! Байрақты бәсекелерде қолыңыздың кемдігі жолыңызды бөгеген сәттер болған жоқ па? Дәрігерлер рұқсат бермей…

– Талай болды ғой. Тіпті, кейбір қарсыластарым шолақтығымды алға тартып, дәрігерлердің ықпалымен жолымды кескісі келді. Ондай сәттерде өзім қолхат жазып, бапкерлерімнің көмегімен жарысты жалғастырып жүрдім. Мақтанғаным емес, спортта аз уақытта үлкен жетістіктерге жеттім. Барған жарыстарымда екінші, үшінші орын деген диплом, медаль жоқ менде. Бірыңғай жеңіс тұғырынан көрініп жүрдім.

– Бәрекелді! «Жалғыз қолмен не тындырар дейсің?» деген сыңайлы менсінбей шыққан қарсыластарыңыз да болған шығар…

– Болды ғой. Менің негізгі әдісіме, өз тілімізде «коронка» дейміз ғой, сол «коренной приемыма» да осы шолақ қолым ыңғайлы болды. Белдесу басталған бетте қарсыласыма осы шолақ қолымды бере қоямын. Ал, шолақ қол қарсыласымның қапсыра ұстауына келмейді ғой. Қайтадан суырып алып, өз әдісімді жасауға көшемін. Небір дүлдүлмін деген қарсыласымның өз қолы менің шолақ қолымның қолтығына іліксе болды, қайтып шығара алмайды. Сол жақ қолтығымның қапсыруы қасқыр қақпаннан әлді болатын.

Тіпті, шолақ қолымды көргенде, абдырап қалып, күреспей-ақ, шалқадан түскен қарсыластарым болды. Аты-жөнімді хабарлағанша шолақ қолымды артыма тығып, көрсетпей тұратын «қулығым» бар-ды. Боз кілемнің ортасына келгенше көрсетпеймін. Төреші ысқырығынан кейін шолақ қолды шолтаң еткізіп, тұра ұмтылғанда кейбір қарсыластарым күреспей-ақ, шалқасынан түсіп жататын. Осы Жаңаарқада Аманкеш деген айтулы балуан болды. Фамилиясын ұмытып отырмын. Сол да менен осылай жеңілген. Төреші менің қолымды көтерген сәтте басын шайқап: «Тым болмаса, бір рет алыса алмай кеттім-ау» дегені есімде.

«ЖҰЛДЫЗДЫ ЖОЛЫМНЫҢ СОҢҒЫ АЯЛДАМАСЫ – ЖАҢААРҚА ВОКЗАЛЫ»

– Жұлдызды жолдарыңызға шолу жасап көрсек… «Спорт шебері» атағын қай жарыста, қай жерде қорғадыңыз?

– Қарқаралы техникумының студентімін. Жәкен ағам дамыл таптырмайды. Сабақтан кейін бірыңғай күрес залындамын. Қазақша күрестен «КСРО Спорт шебері» атағын 18 жасымда Монғолияның астанасы Ұлан-Батырда қорғадым. Негізі «Қазақстанның Спорт шебері» атағын мектепте оқып жүргенімде қорғап қойғанмын. Ал, еркін күрестен спорт шеберлігін Лениногор (қазіргі Риддер) қаласында орындадым. Бүкілодақтық деңгейдегі байрақты бәсеке еді. Өңкей ығай мен сығай жиналған. Қарағанды облысының намысын өзімнің алғашқы бапкерім Диқанбай Биткөзов, Құрал Әбілдин үшеуміз қорғадық. Менің ақтық белдесудегі қарсыласым Арсланов деген балуан болды. КСРО Спорт шебері. Ешкімді менсініп жүрген жоқ. Өзі сондай сұсты. Шойыннан құйылғандай төртбақ келген мығым денесінің өзі мысыңды басады. Әйтеуір, зордың күшімен жеңіп, жеңіс тұғырына көтерілдім-ау… Әлі есімде, Арсланов екеуміз көп шарпыстық. Қолы – қарулы. Маған дем беретін екінші қол жоқ. Таулық жігіттің кезекті шабуылын тойтаруға тырысып, итеріп келе жатқан жерінен кілт тоқтап, бар күшімді жиып, бір сілкіндім. Қарсыласым «Ал, не істемексің?» дегендей, отты жанарын өңменімнен өткізіп барады. Сол сәтте «Иә, аруақ! Итемген бабамның рухы қолдай гөр!» деп ышқындым. Даусым қатты шығып кетті, білем. Аңдасам, Арслановтың оң аяғы оңтайға келіп қалған екен. Мен де сол аяғымды іліктіре қалып, кілт айналдым. Мені жапырамын деген екпінімен өзі айналып барып, жауырынымен қалай түскенін аңдамай қалды. Өзім де қиналып кеттім. Мұндай адуынды қарсыласқа тап келуім сол жолы болды-ау деймін. Тек қана бапкерім Жәкен ағаның мені төрешілер жеткенше иығына көтеріп алып: «Арыстаным, арқарым менің!» деп айқайлап тұрғаны ғана есімде.

– Тамаша! Самбо күресімен шұғылданған екенсіз…

– Иә, Диқанбай мен Ғазым ағаларым мені қайда апармады?! Ауылда жүрген жерімнен шақырып алып, бір апта дайындап, самбошы қылып шығарғандары бар. Қарағандыда үлкен жарыс өтетін болып, 63 кг. салмақ дәрежесі бойынша Жаңаарқа намысын қорғайтын балуан болмай қалған екен. Жігерімді жанып, самбоның әдіс-амалын үйретіп, алып барды. Алғашқы айналымдарда қарсылас шақ келтірмей жатыр едім. Ақтық белдесуге жақындап та қалғанмын. Басты үміткерлердің қаупі күшейсе керек, спорт саласының басшылары араласып, мені «мүгедекке күресуге болмайды» деген дәрігерлік қорытындымен жарыстан шығарып тастады. Сөйтсем, менің ендігі қарсыласым КСРО құрамасында жүрген балуан екен. Қалай болғанда да, оның абыройын төгуге болмайды. Осындайды да көрдік, қарағым…

– Спорттан ерте кеткен екенсіз. Себебі не?

– Менің жұлдызды жолымның соңғы аялдамасы – Жаңаарқаның вокзалы. Техникум бітіріп, ауылда мал дәрігері болып жүргенмін. Үйленгенмін. Отбасым бар. Әкем марқұм алдында ғана «Осы күресті қойсаң қайтеді» деп жүрген. Ғазым, Диқанбай ағаларым қоя ма?! Тағы шақырды. Шымкентте республикалық жарыс өтетін болып, соған қатысуым керек болды. Әкейге айтпай, жұбайым Нәсіпке: «Жұмыс бабымен кетті дерсің. Тым қатты тықақтап сұраса, мен Жаңаарқадан ұзаған соң айтарсың» деп кеткенмін. Әкей әлдене жасырып жүргенімізді сезді ме, Нәсіптен қайта-қайта сұрапты. Атасына өтірік айта алмаған келін «Жарысқа кетті» деп айтып қояды. Бірден аудан орталығына баратын жолшыбай көлікке отырып, біз вокзал басында дабырлап тұрған сәтімізде жеткен әкем: «Әй, Ғазым! Әй, Диқанбай! Мына баланың бір қолы жоқ. Екінші қолын сындырса, шиеттей бала-шағасын екеуің асырайсыңдар ма? Бармайды! Батамды бермеймін!» деп, мені сау қолымнан жетектеп, ауылға алып қайтты.

– Әттеген-ай! Алда Халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген сияқты биіктер тұр еді ғой. Спорттан ерте кеткеніңізге өкінбейсіз бе?

– Өкінемін, әрине. Бірақ, біздің ұлттық тәрбие, ұлттық дүниетаным әкеге қарсы келуге мүмкіндік бермейді ғой. Әкемнің айтқаны заң болды, мен көндім.

– Үлкен спорттан кеткеніңізбен, қоғамнан шеттеген жоқсыз. Қызмет атқардыңыз. Ұл-қыз өсіріп, абыройға кенелдіңіз. Қазір Сізді ескеріп, іздейтіндер бар ма? Байрақты бәсекелерге құрметті қонақ, төреші ретінде шақырып дегендей…

– Бар. Қазақстанның түпкір-түпкірінен хабарласып жатады. Тіпті, еліміздің оңтүстік өңірінен хабарласып: «Аға, атыңыздан турнир ұйымдастырайық» деген азаматтар табылып жатыр. Осыдан екі-үш жыл бұрын ұрпақтарының бастамасымен әкеміз Исатай Бимендиннің атында турнир өткізуді қолға алғанбыз. Алғашқы турнир деңгейлі өтті. Қазір әлемді жайлаған індетке байланысты тоқтап тұрмыз. Әлгі хабарласып, ұсыныс айтып жатқан жігіттерге: «Әкемен абырой жарыстырамын ба? Әке атындағы турнир өтіп тұрса да жарар» деп, ұсыныстарын қабыл ала қоймадым.

Ал, аудандық деңгейде ұйымдастырылған жарыстарға төрешілікке шақырып тұрады. Қазір жас ұлғайды, күрес ережесі өзгерді. Шақырмаса да, өкпелемеймін.

– Қазақ күресінің бүгінгі деңгейіне көңіліңіз тола ма?

– Толады. «Сарыарқа барысы», «Қазақстан барысы», «Әлем барысы» секілді байрақты бәсекелер талай жаңа есімдерді танытып, қазақ күресінің абыройын асқақтатып жатыр. Біздің ұлттық күресімізді әлем таныды. Басқаны айтпағанда, менің туған жерім Жаңаарқадан шыққан ағайынды Байшолақовтар, қазір күресіп жүрген Асылхан Бәрменов, Айдос Ғалымов секілді ақжолтай балуандар еліміздің мақтанышы ғой. Сол азаматтардың жеңісті жолы жалғасты болғай!

– Тағдырыңызға ризасыз ба?

– Ризамын. Әкемнің қарсылығы болмаса, асыл жарымның «Не спортты, не отбасын таңда» деген талабы болған жоқ. Ұлды өсіріп – ұяға, қызды өсіріп – қияға қондырдық. Немерелер өсіп келеді. Адами қанағатпен ел қатарлы ғұмыр кешіп жатырмыз, айналайын.

– Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет! Қамсыз қарттық құшағында болыңыз!

Сұхбаттасқан Ерсін МҰСАБЕК.

СУРЕТТЕРДЕ: Отбасымен, асыл жары Нәсіп, жоғарыда қыздары – Жанат пен Инабат;

жеңімпаз Өзаман ИСАТАЕВТЫ марапаттау сәті (1964 жыл);

кейіпкер мен автор.

Басқа материалдар

Back to top button