Бас тақырыпРуханият

«Қазақфильм» – Сарыарқа төрінде

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының Қарағанды облысындағы күндері дүркіреп басталды. Тіпті, аталған ұжым көшіп келді десе болғандай. Басшысы Арман ӘСЕНОВ бастап, белгілі режиссерлер, продюсерлер және «мен» деген әртістері қоса келіпті. Әуелі БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатында жүздесті. Кешкілік «Сарыжайлау» кинотеатрында режиссер Ермек ТҰРСЫНОВТЫҢ «Шырақшы» көркем фильмінің тұсауы кесілді.

Суретті түсірген автор

Облыста «Қазақфильм» күндері тұңғыш рет өтіп отыр. Аймақ мәдениетінің айтулы өкілі, «Сарыжайлау» кинотеатрының директоры Рымбала Омарбекова апайдың бастамасы екен. Оны аталған шығармашылық топ айтты. Арнайы шақырту алғандарын және қаперледі. Бұндай мүмкіндікке барлық облыс қол жеткізіп жатқан жоқ, демек.

БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында қазақ киносы саласында біраз тақырыптар қозғалды. «Қазақфильм» киностудиясының жаңа президенті, белгілі актер Арман Әсенов бастаған ұжым өкілдері барлық сұрақты қанағаттандырды. «Қазақ хандығына байланысты түсірілген «Алмас қылыш», «Алтын тақ» фильмдері жалғаса ма, киноэпопея ретінде айдарланды ғой?» деген сұрақ туды. Аталған тарихи туындыларды түсірген белгілі режиссер Рүстем Әбдіраштың айтуынша, жұмыс әзірге тоқтап тұрған көрінеді. Керей мен Жәнібектен кейін билік құрған Қасым, Хақназар хандар тұсындағы тарихты арқау еткен көркем фильм сценариі бүгінде «Қазақфильм» киностудиясының қоржынында тұрғандығын жеткізді режиссер. «Министрліктен қаражат қарастырылса, біз дайын» дейді Рүстем Жарасқанұлы. «Мәселен, Керей мен Жәнібек хандар туралы, сол тұстағы Қазақ хандығы жайлы мәліметтер мен деректер аса көп емес қой. Ал, Қасым, Хақназар тұсы – Қазақ хандығының барынша дәуірлеп, Орта Азияда айбынды үстемдікке жеткен кезі. Және бірнеше көршілес мемлекеттермен сауда, экономикалық байланыс орнатқанын куәландыратын архив құжаттары да, аңыз әңгімелер де, деректер де мол. Жер аумағы да барынша ұлғайған уақыт – осы Хақназар хан тұсы. Бүкіл Сібір, Ноғай, Қалмақ, Қырғыз хандықтары Қазақ ұлысының қол астына қарағаны тарихтан белгілі. Сондықтан олар туралы түсірілсе, тіптен керемет болар еді» дейді режиссер Рүстем Әбдірашев.

 «Қазақфильм» киностудиясының басқарушы директоры Қанат Төребай қазақ көрермендеріне байланысты пікірін іркіп қалмады: «Қазіргі заманауи аудитория – оқушылар мен студенттер. 14 жастан 23­25 жасқа дейін. 4050­ден асқан қазақтар өте сирек барады кинотеатрға. Жылына бір барады, болмаса, ол да жоқ. «Қазақфильм» байсалды тарихи жобаларды түсіріп, шығарады. Ол жастарға қызық болмай тұр» дейді.

Сондықтан, көрермен қалыптастыру – сіз бен бізге де байланысты. Мәселен, коммерциялық тұрғыдан алса, Қазақ хандығы кинотуындыларының қазақша нұсқасын «Youtube» каналына қойғанда, 1 млн­ға дейін зорға жеткен көрермен саны. Ал, орысша нұсқасы бір аптаның ішінде 3 млн. қаралымды бір­ақ жинаған. Кинотеатрды былай қойғанда.

«Қазақфильмдегі» қаржылық қиындықтар жайы да қозғалды. Мәселен, бір фильм түсіру үшін Үкіметтен 1 млн. теңге бөлінсе, әртүрлі мекемелер мен қаржылық салықтарды ұстап келгенде, сол туындыға қаржының 48­ақ пайызы ғана қалады екен. Оның сыртында «Қазақфильмнің» тех никалық құралдары ескіруі себепті, оларды шетелден жалдағандықтан, шығын еселене түседі. Қазіргі басшылық осы мәселелерді шешу жолында жұмыс жасап жатқанын мәлімдеді. Киногерлер дәл осы күні (6 ақпан) Ішкі істер министрлігінің Қарағанды академиясында кездесуге барып, «Нуркен Абдиров. Самый младший из моих сыновей» деректі картинасын көрсетсе, кешінде «Сарыжайлау» кинотеатрында Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы» фильмінің тұсаукесерін жасады. 

Келесі күндері Абай қаласында Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай, «Құнанбай» көркем фильмін көрсетеді. Теміртауда кездесулер өткізіп, Қарқаралы ауданында «Қарқаралы», «Нуркен Абдиров. Самый младший из моих сыновей» деректі фильмдерінің таныстырылымын өткізеді.

Біз тамашалаған «Шырақшы» фильмі – керемет туынды. Трагикомедия. Күлдіре отырып, жылатады. Германияда басталып, Қазақстанда аяқталады. Соғыстан жеңіспен оралған жігіттің тағдыры кімді де болса, бейжай қалдырмайды. Көруге татырлық, ойландыратын, толғандыратын фильмді тамашалауға кеңес береміз. Айтып сырын ашқанша, осылай айтпай ынтықтырайық дедік…

Жәнібек ӘЛИМАН.

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button