Шет

Авто мiнген аңшылык немесе әуейі жастар қайда барады?

Ұятсыз, арсыз салтынан…

Абай.

Режиссер Ақан Сатаев ағамыздың жа­қында жарыққа шыққан «Анаға жол» фильмі жүрегі қазақ деп соққан көрерменнің жүрегінен орын аларына қуанып қайтқаным бар кинотеатрдан. Әсерінен көзіме жас үйіріліп, дүние деп тулаған асау жүрек байыз тапқандай күй кешірдім.

Ұлттық қасиетіміздің жарқын тұстары менің санамнан ойып орын алғандай бойға қуат, ойға шуақ, ішкі түйсігіме сілкініс берді. Содан туған ой бүгіндері ұмыт болып бара жатқан, «салбурын» туралы жазуыма түрткі болды. Атқа мінген жігіттерге «жүр салбурынға» десең, «не деп тұрсың, бауырым?» дейтіндер де бар.

Киноға оралайық. Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров сынды актерларымыздың кескін-келбеттері, тұр-тұлғасы, мінген аттары, ер-тұрмандары нағыз қазақы бейнені сомдады. Он сегізінші ғасырдағы Ақан сері, Абай бабалармызды көргендей болдым. Ол кісілер сондай асыл қасиетті қайдан алды? Табиғатпен біте қайнасып, дәстүріне бейім болған. Киім-киісі, ішіп-жемі адал, тәлім-тәрбиесі озық болған соң, таза сөз саптау мәнерін қалыптас­тырған. Ой тазалығы – ар-намысы, ұяты биік болуына үлкен әсер еткен. Өзім ол кісілердің өмірбаяндарын оқып, қанық болған сайын көкірегімде от маздайды.

Өнертанушы Ерлан Төлеутай бір сұхбатында «он сегізінші ғасырда туғанымда ғой» деп күңіренгені бар еді. Аузынан сөзі кеткен, үстінен бөзі кеткен, қазіргі қоғамда қазақтың өмір сүру менталитеті – тән азығы. Дүниеге деген құмарлық белең алды. Жан азығы тарих қойнауында қалып барады. Түйенің қомында, аттың жалында, кең жазира далада күн кешкен қазақ ненің обал, ненің сауап екенін жақсы білген. Бір ғана мысал: «малды теппе!» дейді. Біз атты мінуден де қалдық, қайта жақсылап союды меңгеріп алғанбыз. Аламан бәйге өнерін бизнеске айналдырып жібердік. Қазақы аттарымыздың қадірін кетірдік. «Ер қанаты – ат» деп арқа тұтқан, атқа мініп төселіп жауға шапқан, «жабыдан айғыр салсаңыз, жауға мінер ат тумас» деп атты қадірлеп, жанына серік еткен ата-бабаларымыз. Ақан сері Құлагерді әнге қосып, көңіліне қуаныш қылған, қайғысын сейілтіп жұбаныш тұтқан. «…Үнсіз жүріп бір ділмардан артық көңіл білдірген, Шауып жүріп мың ділдәдан артық шапан кигізген» деп адамнан зият ардақтаған.

«Жас кезіңнен тартып мінсең ат жалын, Онда сенің көкірегің от-жалын» деп Ахмет Жұбанов атамыз жырлағандай болар ма еді? Бала тәрбиесін қатты қадалаған ата-бабаларымыз беске толған баланың белін буып, ашамайға отырғызу дәстүрін жасаған. Бәсіре тай тарту етіп, ұлан-асыр той жасап, ақсақалдарға ақжолтай бата бергізіп, «ат болғанның белгісі, ер болғанның көрінісі» деп жөн-жоралғысын жасаған. Баланың бойына батырлықты, батылдықты жасынан сіңірген.

«Батыр майданда, болат қайнауда шынығады» дегендей, тізгініміз рөлде болған сайын, жігеріміз жасып, бейғам, жалқау болып барамыз. Қазақта «атүсті қарайды» деген тұрақты сөз тіркесі бар. Ендігі күніміз темір аттың ішінен қарайтын күйге көштік. Астына авто мінген, қолына қару алған жігіттеріміз түн жамылып, түз-тағыларына қырғидай тиіп жатыр. Балықты аумен емес, қармақпен аула десе де, аумен ауыз сүртіп жүрген «броконьерлер» қайтар емес. Түз тағыларының қырылуына қауіп – осы. Бұл – құлқынының құлы болған тексіздердің ісі. Аңшылық өнер еріккеннің ермегіне айналды. Ауыл маңында оққа ұшқан аңдар, тіпті, сиреді, далаға шықсаң жасап емес, жасып қайтасың. Иен даланың тылсым күшін, адамнан артық білген жан-жануар біз үшін қызық болғанымен, сабақ алатын тұстарымыз көп. Қасқыр-екеш қасқыр да апанының маңындағы ауыл малына шаппаған.

Аңшылық өнерді жіктер болсақ, мен үшін шоқтығы биік, ұмыт болып бара жатқан дәстүр – салбурын. Елден жырақ жапан далада аңы мол жерге барып, бірігіп бас қосып, қос тігіп, апталап, айлап аң аулаған ертеде. Саятшы, әнші-күйші небір өнерлі сері жігіттер. Енді-енді атқа мінген елгезек боз балалар да қалыспаған. Табиғатпен сырласып, аңшылық өнерлерін ортаға салған. Біріне-бірі білгенін үйретіп, шынығып, денсаулықтарын нығайтып, бір жасап, дүние ойдан шығып, көңілдері тазарып, олжаға кенеліп қайтқан. Абай данамыздың «Қансонарда» деген өлеңі осы салбурында туындаған. «Бір жасайсың құмарың әр қанғанда» деп келтірген жері бар. «Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет» деп тіпті дәл келтіреді.

Аң аулаудың салтында қағушы, шолушы, тосушыға бөлінеді. Сонда сән-салтанатымен қызықты да, мәнді болады емес пе?! «Үйірімен үш тоғыз» деп жасы үлкенге, одан қалса көлденең келген көк аттылыға байлауында, адамды жомарттыққа тәрбиелеудің үлкен мәні жатыр. «Немен болсаң, сондай боласың» дегендей, кешегі орыс ертоқымы мен күпәйкесін киген, аңшы-жылқышы жігіттер енді қытайдың «спецовкасы» мен малақайын киіп, қазақы болмысын жоғалтты.

Бала кезімде үлкендерден «Ер жігіттің қазынасы бар» деген мақалды көп еститін едім. Қазына деген дүние-мүлік байлығы шығар деп ойлап, тізбектеп жаттап алып, байыбына бармайтынмын. Қазіргі уақытта айтылмайды да, естіп те жүрген жоқпын. Жеті қазына – ер жігіттің көңілін көтеретін, қайғысын сейілтетін дәстүр. Жігіттің көңілі көтеріңкі болмаса, ойын кір басып, надандыққа бейім келеді, аяғын шалыс басады. Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы – жігіттің қазынасы, нәпсісінің тәрбиелеу­шісі.

«Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы,

Жігітті жібермейді малдың басы.

Кей жігіт жамандыққа үйір келер,

Болмаған соң бойында мықты қазы» деп Мәшһүр Жүсіп әулие атамыздың айтқанындай, кейбір жігіттеріміз қазынасына берік болмай, жеңіл ойлап, дәстүрінен алыстап, нәпсісінің қалауымен ауырдың үсті, жеңілдің астымен өмір сүріп жатыр. Аң аулаудың машақатын сезінбей, тек қызығына батып, көлікпен есепсіз қырып, әуейі болып жүр.

Біз қанша жерден басқа ұлтқа еліктесек те, қанымыздағы өзімізге тән болмысымыз жоғалмай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасу керек. Ділімізді сақтасақ, тілімізді, дінімізді сақтаймыз. Тіл бар жерде ел бар. Біздің асыл дінімізге кір келтіріп, жат ағымның жетегінде жүрген жастардың көбісі ділін, тілін білмейтіндер. Ұлттық иммунитеті әлсіз, табиғатты сүймейтін ұрпақ өсіп келеді.

Адам баласы қашанда нәпсіге осал жаратылған. Алланың айтқанынан гөрі, нәпсінің қалауымен өмір сүреміз. Нәпсіде қанағат жоқ. Салғырттық, немқұрайдылық – қанағатсыздығымыздан. Ата-бабамыздың бойында болмаған ауру-сырқау көбейді. Ол да жаман әдеттерімізден тапқанымыз. Бала кезімде сексен беске келсе де аттан түспейтін бір қарияны көргенім бар. Денесі тарамыс, байсалды бойынан қайраты кетпеген, өмірге құштар, еңбекқор болатын. Сол аталарымыз дәстүріміздің жалғасы еді. Ісімен үлгі, сөзімен сыйлы болатын.

Ғаламтордан көргеннің көбі – жақсы тәрбие емес. Ит жүгіртіп, құс салу – қуыршақ көрініске тең. Табиғи шынайылық жоқ жерде әсер жоқ. Жалпы, ондағы көріністің көбісі сол. Баланы жеңілтектікке тәрбиелейді. Мың естігенше, бір көргендей болмайдының кері…

Аңшылық өнер екінің бірінің қолына қон­байтынын да білеміз. Болмаса да ұқсап бағатындар осы өнердің қадірін, даланың аңын кетірді. Өсіп келе жатқан жасөспірімдерге солар үлгі. Баланың ұғымында түнде шығып аң аулау түсінігін қалыптастырды. Бала көргенін істейді.

Аң аулау – белгілі бір уақытта салауатты өмір сүрудегі жан мен тәннің тазаруындағы терапия бүгінгі тілмен айтқанда. Ғылыми тұрғыда ер жігітті сабырға, шыдамдылыққа, батылдыққа, өжеттілікке тәрбиелейді. «Қас­қырдың сырттанын жігіттің сұлтаны алады» деуші еді.

«Мал иесіне тартады» дегендей, жақсы ат, ұшқыр тазы адамның ниетіне қарай бітеді. Атың шабан, итің бұралқы, өзің епсіз, жалқау болсаң, аңшылық өнер саған қонбайды. Аңшылық мектеп сонау жаугершілік заманында да қалыптасқан. Ол кезде атқа міну қазіргі заманауи қарумен тең болған. Аттың құлағында ойнау арқасында жауды тойтарып, тұқыртып, бетін қайтарған. Денелерін шынықтырып отыру үшін аң аулаған.

Өсіп келе жатқан жастарды табиғаттың қатал тезінен өткізу керек. Беті домбықпаған, аяқ-қолы мұздамаған бала үйде бұйығып өссе, әлжуаз, аурушаң болып келеді. Қазіргі жастар, ата кәсіп мал бағудан да қашады. Бұның соңы жақсылыққа бармайтынын біліп, ауыл шаруашылығын көтеріп жатыр үкіметіміз. Бұған қоса, әріге бармай-ақ, ауыл-аймақтарда қансонарда салбурын өткізсе, жастарды ынталандырып, жігерлендіріп…

«Салт-дәстүрдің озығы, тозығы бар» деп жатамыз. Өзіміз дәстүр жасап жатырмыз ба? Қара домбырамыз төрімізде емес, босағамызда шаң басып жатыр. Бір-біріне біте қайнасқан дәстүр, бір терінің пұшпағындай еді. Бірі кетсе, бірі ақсайды. Кешегі сал-серілер өзінің тұлғалық қасиетін қалай қалыптастырған? Астында аты, соңында тазысы, қолында домбырасы болған. «Ер азығы жолда» деп, түскен үйіне қуаныш сыйлап, қайғыларын сейілткен. Жолшыбай алған аңын сол үйдің босағасына байлаған, өнерін пұлдамаған.

«Серілік» деген ұғымды қалай түсінеміз? Сол кездегі дәстүріне мығым жігіттерді айтамыз. Дәстүріміздің ақсап жатқан кем тұстарын айта берсек, тауыса алмаспыз. Иманның әлсіреуі, мінездің дұрыс қалыптаспауы – дәстүріне берік болмағаннан.

Сөз соңында салбурын дәстүрі жігіттердің тәнін шымыр қылатын, жанын семіртіп, табиғатты аялай отырып, аң қаға білуге, ат пен иттің қадірін түсініп, бүркіттің қасиетін сіңіріп, білмегеніңді білгеннен үйретер – рухани азық. Қу дүниенің шырмауынан бір босап, тауға шығып, шынығып қайтайық, бауырлар!

«Ұқпассың үстірт қарап бұлғақтасаң,

Көлеңкесі түседі көкейіңе

Әр сөзін бір ойланып, салмақтасаң.

Бұны оқыса жігіттер аңшы оқысын,

Біле алмассың құс салып, дәм татпасаң!» деген Абай!

Дархан ӨМІРҰЛЫ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button