Ұлытау

«Қауырсын ғаламда» – Ұлытау ұланы

    Елбасының «Рухани  жаңғыру» бағдарламасы әдебиет пен мәдениет саласына да соны серпін беріп, тың жаңалықтармен толыға түсуіне әсер етуде. Соның даусыз дәлелі – Қазақ  радиосынан әр аптада бір мәрте әуе толқынына шығатын «Қауырсын  ғалам» әдеби-сазды  бағдарламасы. Бағдарлама жүргізушісі белгілі ақын Қалқаман САРИННІҢ өткен жетідегі таңдауы ұлытаулық жас ақын Мұқағали СЕЙТҚАЗЫҒА түскен еді.

Қазақ елінің әр шалғайында тұратын жас ақындарды Астана төріне шақырып, оларды  радио тыңдармандарымен қауыштыруды және өлең-жырларының кеңінен  насихатталуына жол ашуды мақсат тұтатын бір сағаттық бағдарлама барысында бұған дейін Қарағанды қаласы әкімінің  «Дарын» жастар сыйлығының иегері, «Ұшқан ұям – Ұлытау» жыр  жинағының авторы атанып үлгерген жас түлек тыңдарманға талантының тәлімді екендігін таныта білді. Сан алуан тақырыптағы әдемі өрілген өлеңдерін оқыды. Оның ішінде, әсіресе, жалынды жастық шақ жырларына молынан орын берілді. Өзіне тән ерекше ырғағы мен қайталанбас үні бар жас ақынның сөздеріне жазылған әндер де шырқалды. Ұлытау ұланының дара дауысы, осылайша, Қазақ  радиосы арқылы шартарапқа  тарады.

Ақын өлеңдеріне іңкәр оқырман қауым да айрықша белсенділік танытты. Студияға бағдарлама тиянақталғанша тынымсыз соғылған телефон қоңыраулары – соның айғағы.

Иә, «Қасқадан төбел туады» демекші, әкесі – ақындар айтысының танымал жүйрігі Мұқаш Сейтқазинов­тың дара жолын сара жолға айналдырып, «ұрпақ сабақтастығы» ұғымының тамырын тереңдетуді мұрат тұтқан Мұқағалидың алар асу, шығар шыңдары әлі алда екені күмәнсіз. Өнегесі өлмейтін өлең өріне бағыт алған жас өреннің қауырсын қанатының талмай, беки  түсуіне тілек қос­тық, ендеше.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ҰЛЫТАУ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button