«Ауылдың» үні қайтсе естіледі?

Қазақтың түп-тамыры – ауылдың ахуалына алаңдап, ондағы ағайынның үнін жеткізуді өзіне міндет етіп алған «Ауыл» халықтықдемократиялық патриоттық партиясының Қарағанды филиалы кешегі күні мәслихат құрды. 2016-2019 жылдар аралығында атқарылған шаралар мен кезегін күткен келелі істердің жай-жапсары жария етілді. Ауылдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігіндегі түйткілді жайттарды және мәлімдеді. Мәслихатқа қатысқан «Ауыл» ХДПП төрағасының орынбасары Талғат Зейнуллинге партияның орталық аппаратына өтініш-тілектерін жеткізуді өтінді делегаттар.

«Ауыл» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасы Серғазы Әдекенов өткен жылдары жүргізілген жұмыстар жөнінде есеп берді. Сонымен қатар, есеп берумен ғана шектелмей, облыстың әр өңірінен шақырылған 43 делегат қатысқан мәслихатта мәні зор мәселелер көтерілді. Ауылдың түтіні түзу ұшуы үшін қандай қадамдар жасалып, нендей әрекеттер қажеттігі пысықталды. Серғазы Мыңжасарұлының айтуынша, облыста партияның 4000-нан астам мүшесі бар. 18 бастауыш партиялық ұйым жұмыс жүргізеді.

Серғазы ӘДЕКЕНОВ, «Ауыл» ХДП партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасы:

– Ең алдымен, біз өз жүмысымызда халықтың нақты қолдауына сүйенеміз. Сондықтан да, қазіргі таңда Қарағанды облыстық филиалында партияның әлеуетін көтеру, оның мүшелері мен жақтаушыларының санын арттыру үдерісі жүргізілуде. Партия қызметінің негізгі бағыты – ауылдың, ауыл шаруашылығының, ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешу. Қазіргі уақытта Қарағанды облысында бір жарым миллионнан астам тұрғын болса, оның 15 пайызы, яғни, 225 мың адам ауылда тұрып жатыр.

Партиялықтар Мемлекет басшысының қыркүйек айындағы Жолдауында атап айтылғандай, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру басты басымдыққа айналуы тиіс деп біледі. Соның ішінде, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы ауыл мен қала тұрғындарының өмір деңгейінің жақсаруына, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толыққанды іске асыруға ықпал етпек. Ал, мәслихатқа қатысқан делегаттар ауылдың айдарынан жел есуі үшін әлі де өзекті мәселелердің томардай түйіні шешілмегенін айтады. Оның қатарында, ауылдықтардың ауызсумен қамтылуы, инфрақұрылымы, көлік жолдарының жай-жапсары бар. Төрағаның айтуынша, тіпті, бір ғана суағармен там-тұмдап су ішкен ауылдар бар. Мәселен, Нұра ауданының Кертінді ауылы. Алғабас ауылында да дәп осы – кеп. Сондай-ақ, Қарқаралы ауданының осындай әлеуметтік маңыздағы жобалық-сметалық құжаттамасы 10 жыл бойы орталық аппаратта ешбір қозғаусыз жатыр. Ауылдардағы көлік жолдары – жұртшылықтың басты проблемасына айналған. Айталық, Қарқаралы мен Егіндібұлақ ауылының арасына төселген асфальттың сапасы 9 айға ғана жеткен. Тоғыз айдан соң тоз-тозы шыққан. Білім саласында проблема жетерлік, Ұлытау, Ақтоғайда үш ауысыммен оқитын мектептер әлі де бар. Ауыл мамандарын дайындайтын ауыл шаруашылық колледждердің материалдық-техникалық базалары да өте төмен. Колледждерде кеңес кезінен қалған техникалармен оқытады. Айта берсе, ауылдың проблемасы шаш етектен. Мұнымен бітпейді.

Бауыржан ҒАЛЫМҰЛЫ, ауыл шаруашылық тәжірибелік стансасының директоры:

– Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысының қыркүйектегі Жолдауында ауыл жайы, ауылдың инфрақұрылымы туралы айтылды. Ауыл шаруашылығында қордаланған мәселелер көп. Бірінші, жер мәселесі. Жер әлі күнге дұрыс пайдаланылмай келеді. Кезінде түрлі жағдайлармен жер иеленгендер әлі күнге сол жерді игермеуде. Бұған жергілікті билік те, басқа да бас ауыртып отырған жоқ. Әйтеуір, есебі болса, болды. Сондықтан да, осы арада аудан, ауыл әкімі нақты жұмыс жасауы тиіс. Жермен шұғылданбайтындардан алып, оны іске жарататындарға беруді қарастыру керек. Екінші мәселе – инфрақұрылым. Жол мәселесі, ауылдың ішіндегі көшелер сын көтермейді. Кеңес үкіметінен кейін күрек тимеген жолдар бар. Үшінші, ауылдағы маман мәселесі де өзінің өзектілігін жойған жоқ. Мұғалім, дәрігерді айтпағанның өзінде, қазір механизаторға тапшымыз. Қазіргі механизаторлардың орташа жасы 45 пен 60 жас аралығында.

Аграрлық мамандардың қаттығы алдағы уақытта агрокешенді тығырыққа тірейтіні ашық айтылды. Оларды оқытатын колледждердің базасы кісі жылайтындай. Шет аудандың аграрлық колледжінің директоры Рысбек Оразханов та мұндай кепешті облыстағы кез келген ауыл шаруашылық колледжінің киіп отырғанын атайды. Сонымен қатар, Рысбек Борқыбайұлы ауылдың үнін есту үшін халық қалаулыларының қатарында, яғни, Парламентте «Ауыл» партиясының мүшелері де отыруы керек деп біледі.

Рысбек ОРАЗХАНОВ, Шет аудандық аграрлық колледжінің директоры:

– Ауылда проблема көп. Менің ойымша, келешекте Парламентте «Ауыл» партиясының депутаттары отыруы керек. Ауылдың сөзін сөйлеуі тиіс. Әрине, ауылды бәріміз де айтамыз. Бірақ, оған барын сарп етіп жүргендер аз. Мемлекет те көмектесуде, дегенмен, олқы тұстары да жоқ емес.

Ауыл шаруашылығындағы ағайын өзі төрт ай ғана жұмыс істейді. Мамыр айынан қыркүйек айына дейінгі аралық. Осы маусымда ауыл шаруашылығына қатысты реттелмеген, ұйымдастырылмаған кемшін тұстар жетерлік. Парламентте осы мәселелер көтерілсе деген ойымыз бар.

Бағаны ауыздықтау үшін ауыл шаруашылығы өнімін өндірушінің қойған бағасымен емес, монополистердің қызмет көрсету құнымен күресу керек. Фермерлер өзі төрт ай ғана еңбек етіп, табыс тапса, өзге монополистер күніне миллиардтап табыс түсіреді. Сөйтіп отырып, фермерлердің бағасымен алысамыз. Олардың емес, ең әуелі, сондай баға қоюға мәжбүрлеп отырған көздермен жұмыс жасаған жөн.

Ал, ол үшін ауылдықтардың үні Парламент қабырғасынан шығуы тиіс деген пікірді ұстанады ауылдықтар.

 Мәслихат аясында «Ауыл» ХДППның Қарағанды облысы бойынша филиалы Саяси кеңесінің құрамы бекіді. Сондай-ақ, партияның облыстық филиалы төрағасы болып Серғазы Әдекенов бірауыздан қайта сайланды. «Ауыл» партиясының ХVІ съезіне қатысатын 19 делегаттың есімі белгілі болды.