Нұра

Ауыл жастары – аламанда

Жуырда Нұра ауданында XXXIII облыстық «Сарыарқа – 2018» жазғы ауыл спартакиадасы өтті. Сайысқа облыстың 9 ауданынан қыз-жігіттер қатысып, спорттың 18 түрінен өзара мықтыны анықтады.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту, ауыл жастары арасында достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылған шара биыл да жоғары деңгейде өтті.

Барлық команда мүшелері жарысқа жақсы дайындықпен келіп, белсенді түрде қатысты. Облыстық «Сарыарқа – 2018» жазғы ауыл спартакиадасында ұлттық ат спортының 6 түрінен жарыс өткендігін айтқанымыз жөн. Бұл жарыс – ауданнан келген жастар арасында өте танымал. Сондықтан, ұсынылған 6 спорт түрі арасында өз өнерін көрсеткісі келген спортшылар саны аз болмады. Басқа да спорт түрлері бойынша дүбірлі доданың көрігін қыздырған аудан жастарының аяқ алысы жаман емес. Аудандардың командаларының құрамы қарымды, кілең «сен тұр, мен атайын» деген мықтылар жиналған екен.

Дмитрий КАРПОВ, облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

  • Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде қазақ халқының ежелгі дәстүрлерімен бірге ұлттық спорт түрлері де жаңғыра бастады. Оларға қазіргі уақытта ерекше назар аударылып отыр. Ұлттық спорт түрлері спорт түрлерінің ішіндегі басымдыққа ие. Олар қазақ халқының рухы мен тарихын көрсетіп қана қоймай, халықаралық ареналарға шығуға жол ашып отыр. Теңге алу, аударыспақ, көкпар және аламан бәйге сынды қазақтың ұлттық ойындарын қамтыған бұл спартакиада жыл сайын ауыл жастарының спортқа келуіне зор мүмкіндік туғызуда. Басқа да жарыстарда мықтылық танытқан жастарды көріп, қуандық.

Дода бар жерде мәре бар. Жарысқа қатысуға өз ықыластарын білдірген командалар әдемі ойын өрнегін көрсетті. Тартысты бәсекеде ауыл жастары спорттық іс-шаралардың тек жанкүйерлері ғана емес, белсенді қатысушылары бола алатынын іспен дәлелдеді. Спартакиаданың қорытынды есебі бойынша кір тасын көтеруден, тоғызқұмалақтан, ерлер арасындағы волейболдан және аударыспақтан Шет ауданы жеңімпаз атанды. Ал, үстел теннисінен, дойбыдан, президенттік көп сайыстан, шағын футболдан, әйелдер арасында өткен волейболдан Абай ауданы бас жүлдені иеленді. Қол күрестен, асық атудан Бұқар жырау ауданы бірінші орынға табан тіреді. Шахматтан, топ бәйгеден Осакаров ауданы алдына қара салмады. Теңге ілу мен құнан жарысынан Ақтоғай ауданы үздік шықты. Қазақ күресінен Жаңаарқа ауданының балуандары қарсыластарын шақ келтірмеді. Ат спортынан өткен жарыстарда Нұра ауданы биік межеден көрінді. Аламан бәйгеден, тай жарысынан, көкпардан бірінші орынды еншіледі. Спартакиаданың жалпы командалық қорытындысы бойынша ұпай санына сәйкес, Абай ауданы І орынды иеленсе, ІІ орынды Нұра ауданының командасы жеңіп алды. Жарыс барысында 150 ұпай жинаған Жаңаарқа ауданының командасы III орынды місе тұтты. Дода соңында жеңімпаздарға кубоктар, бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.

Нұрдос КӘРІМ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button