Ауыл тағдырына жастар жауапты
Статистика мамандарының мәліметіне сүйенсек, облыстағы жалпы жастардың көлемі 69 300 адамды құрайды. Жылына 20 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылғанымен, тек 5700-і (12%) ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейді екен. Жастар ауылға неге бармайды? Оларды ауылға тартудың оңтайлы жолы – кәсіпкерлікті дамыту. Осы мақсатта облыстың ауыл жастары Бұқар жырау ауданында бас қосты. Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ ауылдағы кәсіпкерлікті дамытып, әрі қолдап жүрген жастарға грант тапсырды. Белсенді ауыл жастары аймақ басшысының Алғыс хатымен марапатталды.
Дәстүрге айналған «Дархан даланың Ұлы жырауы» форумына ауылды көркейтуге белсенді атсалысып жүрген жастар қатысты. Форум бұған дейін облыстың бірқатар ауылдарында өткізіліп келген. Жастар бұл жолғы шараны Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығын мерекелеуге арнапты. Театрландырылған қойылым арқылы Бұқар бабаның жастарға арнаған өсиетін негізге алған. Шараның шырайын келтірген баба атындағы аудан жастарының қойылымын көпшілік қошеметтеді. Жастарды ҚР Дін және азаматтық қоғам істері жөніндегі министрліктің жастар саясаты департаментінің директоры Асхат Оралов және Олимпиада чемпионы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев құттықтады.
«Бұқар баба елдің, жердің қамын бәрінен жоғары қойған. Баба жолынан үлгі алып, келешегімізді елімізбен байланыстыру мақсатын көздедік» дейді аудан жастары. Олар өздерінің жанжақты екенін форумда ғана емес, кәсіп ашқан жастардың көрмесінде байқатты. Мәселен, Керней селолық округінің 24 жастағы тұрғыны Жалғас Асқарұлы 2015 жылы «Арлан» шаруа қожалығын ашып, төрт түлік өсіріп отыр. 1848 гектар жердің 550 гектарына әртүрлі дәнді-дақылдар (бидай, арпа, сұлы, көпжылдық шөптер) егеді екен. Жалғас секілді кәсіпке икемді жастарды аймақ басшысы Ерлан Жақанұлы тілге тиек етті.
– Форумға ауыл жастарының жалынын көріп, сәулесіне жылынуға келдік. Елбасымыз «Алыстағы ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі. Оның тағдырына жастар жауапты» деп атап өткен болатын. Жастар ауылға тұрақтауы керек. Бұл бағытта мемлекет тарапынан жағдай жасалып отыр. Мысалы, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарлама аясында екі жылда облысымызда 10 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Соның 8 млрд. теңгеге жуығы ауылды дамытуға бағытталды. Бұл – ауылдан кәсіп ашамын деген азаматтарға бөлінген қаржы. Соны дұрыс пайдаланған жастар жетістікке жетіп, нәтижесін көрсетуде, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Форум аясында жастардың көшпелі отырысы өтті. Кеңесте ауыл жастарын толғандырған өзекті мәселелер талқыланды. Облыстың басқарма басшылары және аудан әкімдері жастардың кө кейіндегі сауалдарға жауап берді. Жалпы, ауылда тұратын жастарға не керек? Алдымен, олар бос уақытты тиімді пайдаланғанды жөн көреді. Уақытты тиімді пайдаланса, теріс ағымдардың жетегінде кетпей, дені сау азамат болып қалыптасатыны сөзсіз. Облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма осы мақсатта 746 шара ұйымдастырыпты. Екінші мәселе – жастарды жаппай жұмыспен қамту. Жыл басынан бері аудандар бойынша 1868 адам жұмыспен қамтылса, 640 жас – жұмыссыздар қатарына тіркелген. Ал, қаладан барған 193 жас ауылда жұмыс істеуде. Солай дегенмен, ауылдарға маман әлі жетіспейді. Бүгінгі таңда аудандардың білім, мәдениет, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы саласында 270 маманға сұраныс бар. Әлбетте, кәсіп ашып, ел дамуына үлес қосу – жастардың басты қалауы. Көбісі ауылға аса қажетті ағылшын тілін тиімді оқыту мектебін, ІТ саласындағы бағдарламалау орталықтарын ашып, ауыл шаруашылығын дамытатын жылыжай салғысы келеді. Бұл – жастарды ауылға тартудағы үшінші мақсат. Қазіргі таңда жастарды жұмыспен қамту үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлік негіздерін оқытуға арналған «Бастау Бизнес» жобасы мұрындық болып отырғанын айта кеткен жөн. Әсіресе, шалғай ауылдарда тұратындарға бұл бастаманың шарапаты мол.
Бастама арқылы ел экономикасына үлес қосар ауыл жастарының қатары артқан. Облыс әкімінің осы мақсаттағы гранты ауыл жастарын қолдауға беріледі. Жас кәсіпкерлерді қолдауға 2005 – 2017 жылдар аралығында жалпы сомасы 33,5 млн. теңгені құраған 168 грант бөлінген. Биыл грант алуға 28 адам ниет білдірген. Оған қоса, әр жоба бойынша берілетін грант көлемі 1 млн. теңгеге дейін ұлғайтылды. Жалпы, әкімнің гранты кез келген жобаға берілмейтінін айтады облыстық басқарма өкілдері. Грантқа үміткерлерді таңдағанда, болашағы жар қын әрі ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтитын салмақты жобаларға баса көңіл бөлінеді. Мысалы, облыс әкімінің биылғы грантының иегері, Нұра ауданының тұрғыны Айбек Ысқақов жаңа жұмыс орнын ашатынын айтады.
Айбек ЫСҚАҚОВ, облыс әкімі грантының иегері:
– ІТ саласында 2015 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Бұған дейін «Бастау Бизнес» курсында оқыдым. Тәжірибе жинадым. Жаңа технологиядан хабарым бар әрі жұмыс істеу жолдарын білемін. Грант қаржысына Нұра ауданында офистік техниканы және перифериялық құрылғылар жөндеу және техникалық қызмет көрсету орталығын ашамын. Қажетті құрылғыларды сатып аламын да үйлерді аралап қызмет көрсетемін. Мысалы, ауылда әлеуметтік желі іске қосылмай немесе компьютер істен шығуы мүмкін. Осындай жағдайлардың алдын аламыз.
Айбек секілді әкімнің грантына Бұқар жырау ауданынан – Әділет Ақпан, Азиля Қасымжанова лайық деп танылды. Жастар ауданға сүт өнімдерін өңдеп, өндіретін орталық және ағылшын тілін тиімді оқытатын мектеп ашпақ. Сондай-ақ, Жаңаарқа ауданының жастары атынан Мадияр Әбдішев, Жансая Батықова және Айсұлу Жұмабек грант иегерлері атанды. Жансая Атасу кентіндегі жаңа туған нәрестелерге арналған тігін шеберханасын ұйымдастырғысы келеді екен. Ал, Қарқаралы ауданы бойынша Жазира Жапарбаева және Әлихан Шариповқа грант берілді. Шет ауданынан Амандық Нығметов және Осакаров ауданы бойынша белсенді жас Бабек Болатқа да грант тапсырылды. Бабек Осакаров ауданының оқушыларына робототехника және модельдеу орталығын ашамын деп отыр.
Жеңімпаз жастар алдағы уақытта белгілі талап бойынша, жұмыспен қамту органдарында тіркелген бір жұмыссыз азаматты жұмысқа орналастыруы қажет. Сондай-ақ, оны бес ай бойы 40 мың теңге шәкіртақы төлей отырып оқытатын болады. Облыстық басқарма басшылары және аудан әкімдері жеңімпаз жастар осы қарқынмен кәсібінен нәсібін табады деген үмітте.
Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»