Ауқымды құрылысқа – оң баға

      Елордада «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысушылардың халық­аралық жиналысы өткен болатын. Басқосудың екінші күнінде деле­гаттар «ЭКСПО – 2017» көрмесінің нысандарын аралады.

Қазіргі таңда халықаралық павильондардың құрылыс жұмыс­тары толықтай аяқталды. 100-ден аса мемлекеттің делегаттары өз павильондарын көріп, Халықаралық көрмені ұйымдастыру жұмыстарына, нысандардың ауқымды құрылысына жоғары бағасын берді.

Халықаралық павильондардың 20-сын қатысушы мемлекеттер қабылдап алып, құрылыс-монтаждық жұмыстарына кірісіп те кеткен.

«ЭКСПО – 2017» көрмесінің халықаралық қатысушыларына павильондарды тапсыру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Халықаралық қатысушылардың үшінші жиналысы аясында, сондай-ақ, тағы 14 мемлекет павильондарды қабылдап алу актілеріне қол қойды. Олардың арасында Сербия, Ұлыбритания, Өзбекстан, Ангола мемлекеттері бар.

Сонымен қатар, делегаттар «бір терезе» принципімен жұмыс істейтін Бірыңғай қызмет көрсету орталығының жұмысымен таныс­ты. Орталық 12 қызмет түрін көрсетеді: визалық көмек, салықтық, банктік, сақтандыру және өзге де қызметтер. Мұнда өзге мемлекеттердің өкілдері өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап ала алады.

Халықаралық қатысушылардың үшінші жиналысында делегаттарға Аккредитация орталығы көрсетілді. Бұл орталық көрме кешені аумағына кіруге рұқсат алу уақытын қысқартады. Жалпы, Жаһан көз тіккен көрме Астанада осы жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейін өтеді.

115 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым ауқымды іс-шараға қа­тысуын растады.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.