АймақБұқар жырау

«Ауғанның от-жалыны»

Ғабиден Мұстафин атындағы көпшілік кітапхананың Коворкинг залында Ауған соғысының ардагері,жауынгер-интернационалист Нұрсейіт Жапаровтың жасөспірімдермен болған кездесуі осылай аталды.

Өйткені ол өндірдей жас кезінде сол сұрапыл соғыстың от-жалынына күйіп,өмір мен өлім арпалысқан небір қауіпті сәттерді бастан кешіріп, елге аман-есен оралған еді. Сондықтан да өзіне сөз берілгенде оның Ауған жеріндегі қиян-кескі айқастар мен сонда құрбан болған қарулас достарын еске алып, еріксіз көзіне жас алғаны заңды да.

Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күні қарсаңында ұйымдастырылған бұл кездесу кешін аталған кітапхананың меңгерушісі Гаухар Сүлейменова мен библиографы Лариса Никишина бастан-аяқ қазақша-орысша жүргізіп,Бұқар жырау ауданынан аттанып,Ауған соғысында мезгілсіз қаза тапқан қарақұдықтық Асылбек Жұматаев пен новостройкалық Серік Елгезековтер туралы айтты.Олар биыл 60 жасқа толатын ботақаралық Мейрам Кәрібаевтің сол қанды қасапта екі аяғынан бірдей айырылса да,өмірге құштарлығы мен жігерінің арқасында үй болып,екі бала сүйіп,қазір де еңбектен қол үзбей,Теміртау қаласының әлеуметтік қамсыздандыру саласында әлі жұмыс істейтіндігіне тоқталып,оның өмірі мен жауынгерлік жолын жастарға үлгі етті.Сондай-ақ өздерінің кентіндегі ауғандық ардагерлер Марат Ахметжанов,Сергей Алантьев,Анатолий Лященко,Жақан Біләлов,Михаил Никитюк және осы Нұрсейіт Жапаров жайында слайд көрсетті.


Шара барысында кездесуге келген жасөспірімдер Нұрсейіт ағасынан кеудесіндегі медальдарының қандай ерлігі үшін берілгенін сұрап білсе,кент әкімі Бақыт Өскембекова жылы лебізін білдіріп,Мәдениет үйінің қызметкері Татьяна Саренгова “Чтобы не было больше войны” әнін тебірене толғанып шырқады.
Кездесу соңында кеш қонағы Нұрсейіт Жапаровқа кент әкімдігі мен Мәдениет үйінің ұжымы өз сый-сияпаттарын жасаса,көпшілік кітапхана атынан сағат сыйланып,Халықаралық кітап сыйлау күні құрметіне кітап тарту етілді.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Суреттер ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button