БаспасөзРуханият

Атышулы туынды – ана тілімізде

Америкалық жазушы Джордж Мартиннің атышулы фэнтези-сагасының «Мұз бен жалын әні» атты алғашқы кітабы қазақ тіліне аударылды. Аударма бүгінде Қарағанды кітап дүкендерінің сөрелерінде сатулы. Бес кітаптан тұратын сериялы жинақтардың алғашқысы – «Тақтар таласы» кітабы қазақшаланған. Кітапты ана тілімізде қазақстандық «Abelmann & Sons LLP» баспасы сөйлетіпті.

«Кітапты қазақшалауыма құрбыммен бәстескенім себеп болды. Екеуміз күнделікті өмірдегі қазақ тілінің қолданысы жайында әңгімелесіп отырғанбыз. Мен «елдің бәрі қазақ тілінде оқитын заманауи әдебиет қалыптасса тамаша ғой» дедім. Сериялы жинақтың төртінші кітабын оқу үстінде едім ол кезде. Кітаптар маған қатты ұнады және оның желісімен телехикая түсірілгеніне қарамастан, бұл еңбектерді барлық әлем оқиды» дейді баспа директоры Әбдірасіл Әбділдинов.

Кітапты аударып, басып шығару құқығын алу үшін қазақстандық баспа Джордж Мартиннің Ұлыбритания мен АҚШ-тағы ресми өкілдерімен бес айға жуық келіссөздер жүргізіпті.

«Келісімшартқа мамыр айында қол қойдық, содан кейін аударуға кірістік. Кітапты қазақшалау барысында сегіз адам жұмыс істеді. Аудармашылар, көмекшілер, мұқаба дизайнері. Біз шығарманың түпнұсқасына сүйендік. Көп бөлігін ағылшын тілінен аудардық, бірақ, оқырмандарға барынша түсінікті болу үшін орысша аудармасының әр түрлі нұсқаларын пайдаландық», – дейді баспагер.

Алдағы уақытта Әбдірәсіл Әбділдинов бұдан басқа да кітаптарды қазақ тілінде шығаруды жоспарлап отыр. Оқырмандар аударманы оқып, бағасын беру үшін Ikitapdykeni.kz қосымшасында алғашқы 50 беті жүктеліпті. Оны тегін жүктеуге болады.

Кітап «Меломан»дүкендері желісінде сатылымда бүгінде.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button