Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ туғанына – 110 жыл

Қасым челленджі мәреге жетті

Ақын Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ туғанына 110 жыл толуына орай облыстағы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен қаңтар-қазан айлары аралығында «Қазақ аспанында – Қасым рухы» челленджі өтті. Бұл шараға арнайы инстаграмм парақшасы да ашылған болатын. Облыстың әр мектебінен Қасым өлеңдері жатқа оқылып, әдемі өрнектелген бейнежазбалар парақшаға жүктелді. Қазіргі таңда парақшаға осы орталықтың әдіскері Гүлназ БЕКЕТҚЫЗЫНЫҢ жетекшілігімен 300-ге тарта жазба жүктеліп, 1000-нан аса ұстаз тіркеліп, 30-мыңға тарта пікір қалдырылған.

Облыстық челлендждің негізгі мақсаты Қасым өлеңдерін ұстаздар арасында кеңінен насихаттап, оқушылар бойына сіңіру. Қазанның 8-і күні бұл челлендж өз мәресіне жетті. Облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының кеңсесінде өткен қорытынды әдеби-сазды кешке Білім меценаты, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбеков, «Нәтиже» фабрикасының директоры Ерлан Әшім, филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғап, республикалық «Қасым» журналының Бас редакторы Серік Сағынтай, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қайрат Асқар қатысты. Сондай-ақ, облыс мектептерінің ұстаздары ZOOM платформасы арқылы қосылып, марапаттау рәсіміне куә болды. Кешті  облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Бақытгүл Әбдікерова жүргізді.

Жиын барысында қадірлі қонақтардың Қасым жайлы құнды пікірлері тыңдалып, әндері шырқалды. Сонымен қатар челлендж жеңімпаздары марапатталды. 300- ге тарта мектеп арасында Теміртау қаласы №22 орта мектебінің ұстазы Думан Рүстемов, Ғ.Мұстафин атындағы мектептің ұстазы Рая Болысхан, Жаңаарқа ауданы 132 тірек мектебінің ұстазы Ерқанат Дүйсенбаев, Жезқазған қаласы №13 орта мектебінің ұстазы Бекзат Әуелбек, №24 орта мектебінің ұстазы Ботакөз Мұхиден, Қарағанды қаласы №74 орта мектебінің ұстазы Әсия Исабаева, №86 орта мектебінің ұстазы Мадина Даденова, Балқаш қаласы «Зияткер» мамандандырылған мектеп интернатының ұстазы Гүлнұр Қалибекова, №9 орта мектебінің ұстазы Аманжол Баубеков, Саран қаласы №17 мектеп гимназиясының ұстазы Сәби Сәулет, Абай атындағы орта мектебінің ұстазы Дәурен Бейсен, №7 мектеп интернатының ұстазы Қуаныш Көшжанов, Бұқар жырау ауданы Жүсіпбек Аймауытов атындағы орта мектебінің ұстазы Сұлтан Дәулетханұлы және Қасымның әндерін орындау номинациясы бойынша Қарағанды қаласы №95 мектеп-гимназиясының еңбек пәні ұстазы Дархан Оспанов пен №36 орта мектебінің ұстазы Жанболат Қазкенов челлендж жүлдегерлері атанды.

Сонымен қатар, Сәтбаев қаласындағы №19 мектеп-лицейінің ұжымы арнайы дипломмен марапатталды. Жеңімпаздардың барлығына Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова арнайы дипломдар табыстап, Ерлан Әшім мырза «Қасым кітапханасы» сериясымен жарық көрген кітаптарды табыстады.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button