Бас тақырыпЖаңалықтарСпорт

Астанадағы Әлем кубогында Қазақстан боксшылары 6 алтын, 1 күміс иеленді

Астанада өткен World Boxing аясындағы Әлем кубогы кезеңінде қазақстандық боксшылар ел намысын абыроймен қорғап, бірнеше алтын және күміс медаль жеңіп алды.

Суреттер Қазақстан бокс федерациясынан

Жарыс барысында ұлттық құраманың мүшелері үздік нәтиже көрсетіп, түрлі салмақ дәрежелерінде топ жарды.

Алтын медаль иегерлері:

• Назым Қызайбай (48 келі) – жарыста Қазақстан құрамасына алғашқы алтынды алып келген спортшы атанды. Ол финалда үндістандық Минакши Минакшимен қолғап түйістіріп, әлем кубогының жеңімпазы атанды.

• Махмұд Сабырхан (55 келі) – бұл турнирде қарсыласы шықпағандықтан, автоматты түрде чемпион атанды. Әлем чемпионы Махмұд Сабырхан шешуші сында Жапония боксшысы Руи Ямагучимен шығуы тиіс болған еді. Алайда қарсыластың жарақатына байланысты жеңіс Махмұдқа берілді.

• Бекзад Нұрдәулетов (85 келі) – жоғары деңгейлі дайындық көрсетіп, турнир жеңімпазы атанды. Жартылай финалда Бекзад үндістандық Джугнумен қолғап түйістірді. Алғашқы раундта ол қарсыласын нокаутқа түсірді. Екінші раунд та Бекзадтың басымдығымен аяқталды. 

• Наталья Богданова (70 келі) – сенімді өнер көрсетіп, өз салмағында жеңіске жетті. Финалда Наталья аустралиялық Лекейша Перголитимен қолғап түйістірді. Бірінші раунд қазақстандық боксшының пайдасына аяқталса, одан кейін де қарсыласының басымдығы байқалды. Нәтижесінде боксшы қарсыласын 4:1 есебімен тізе бүктіріп, чемпиондық атаққа қол жеткізді.

• Виктория Графеева (60 келі) – финалда қарсыласын тізе бүктіріп, алтын жүлдеге ие болды. Финалда Графеева бразилиялық Ребека Де Лима Сантосқа қарсы шаршы алаңға шықты. Спортшы 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сәтті өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды.

• Санжар Ташкенбай (50 келі) – қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, чемпиондық тұғырдан көрінді. Финалда Санжар филиппиндік Джей Брайан Барикуатромен шықты. Санжар Тәшкенбай жекпе-жек барысында жоғары деңгейдегі бокс үлгісін көрсетіп, жеңісті суырып алды.

Күміс медаль иегері:
• Нұрбек Оралбай (80 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) – финалда Франция өкілі Йожерлен Цезарьмен кездесіп, күміс жүлдені еншіледі. Үш раундтың қорытындысы бойынша франциялық боксшы басым түсті.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button