Ассамблея – асыл мұраттар алаңы

    Жақында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті 25-ші сессиясын шақыру туралы Өкімге қол қойды. Мәртебелі ұйымның сессиясы – «Күлтөбе басындағы жиын» емес, күн дидарлы елдегі бірлік пен берекенің салтанаты. Бұл – мойындалған ақиқат! Өйткені, Ассамблеяның тұрақтылыққа – тұғыр, келісімге – кепіл бола білген бірегей институт екендігі әлдеқашан дәлелденген. ҚХА тәжірибесіне өзіміз тұрмақ, өзге елдердің сарапшылары арнайы зерттеулер жүргізіп, қызығушылық танытуында зор мән жатыр. Ұлттық саясатымыздың салмағы – осында.

Иә, Ассамблея – асыл мұраттар мен асқақ армандар алаңы. Асыл мұратымыз – ынтымақ, асқақ арманымыз – тұрақтылық пен бейбітшілік. Осы құндылықтар Қазақстанды тарихи Отаны санайтын 130 ұлттың ортақ мүддесіне айналды. Әрине, Елбасының сарабдал саясаты мен Ассамблеяның арқасында. Бұл жерде Елбасы саясаты мен қазақ халқының көнеден керуен тартқан жомарттығының, кең пейілі мен мейірімінің үндестігі небір тарихи тәуекелдерде жеңіске жетуімізге дәнекер болғанын аңғаруға болады. Бұл да – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Күні кеше ҚР Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы елімізді рухани тұрғыдан жаңғыртуға бағытталған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялады. Мақаланың тарихи маңызы мен саяси салмағы тек қазақстандықтардың ғана емес, шетелдік сарапшылардың оң пікіріне қозғау болып, лайықты бағасын алып жатыр. Ал, мақаланың негізгі аспектісі – рухани құндылық. Тарих қойнауынан тамыр тартқан рухани байлығымызды негізге ала отырып, Қазақстанды мекен еткен әрбір этностың рухани құндылықтарына маңыз береді Елбасы. Міне, Көреген Көшбасшының көшелі саясаты!

…Естеріңізде болар, кешегі Кеңес дәуі­рінде «азшылық көпшілікке бағынады» деген сыңаржақ қағида болды. Мұның астарында көптің азға көрсетер әлімжеттігі мен үстемдігі тұрғаны белгілі. Алайда, қазаққа бұның қажеті болған жоқ. Тағдыр талайымен Қазақстанға қоныс аударған жүздеген ұлттың жүзін жарқын етуге тырыстық. Бұл біздің қанымызға сіңген дара қасиетіміз еді. Дей тұрғанмен, даралығымызды пұлдап, жат жұрттың баласына ұсынған дәміміз бен шығарған төрімізді құндаған кезіміз болған емес. Дәл осы кеңдігіміз келешегіміздің кемелдігіне негіз болды. Тіпті, жүзі – басқа, жүрегі – бір, тілі – басқа, тілегі – бір отандастарымыздың біздің салт-дәстүрімізге, діліміз бен тілімізге деген құрметі артып, ықыласы оянды. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысалға жүгініп көрелік.

Ұлытау ауданының шалғай бір ауылында неміс отбасы бар. Әлгі әулеттің қазақ халқына деген ықыласында шек болмаған. Тілімізді меңгеріп алғаны – өз алдына, бие байлап, қымыз ішкен. Сол отбасының бір ұлы міндетті әскери қызметке шақырылады. Кеңес дәуірі. Ресейдің бір түкпіріндегі әскери бөлімге түседі. Сөйтіп, ата-анасы сарыла күткен алғашқы хаты да келеді. Сондағы жазғаны: «Әке, апа! Ротаның барлығы – орыс, жалғыз қазақ – менмін. Тіл білмей, қиналып жүрмін» деген екен. Міне, бізде өзгені жатырқамайтын жайсаңдық, ал, отандастарымызда бізге деген құрмет сонау Кеңес дәуірінде де болған.

Осы бір игі дәстүр Ассамблея алаңында жарасымды жалғасын тауып келеді. Әйтпесе, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сындарлы сәт өзге көршілеріміз секілді бізде де болды. Сол кезеңдегі ақпарат құралдарында жарияланған саяси болжамдар біздің елде екі үлкен қауіп бар екенін ескерткен-ді. Бірі – қойнауымыз толған байлығымыз, екіншісі – еліміздің ұлттық құрамындағы жергілікті ұлт (қазақ) үлесінің аздығы. Яғни, көпұлттылықтың өзін «қауіп» санаппыз. Бәрі керісінше болды емес пе?! Қазіргі таңда осы екеуі де – кен байлығымыз бен көпұлттылығымыз қайнарлы қазынамызға баланып отыр.

Елдегі этносаралық келісім мен саяси тұрақтылыққа кепіл болар ұйым қажеттігін және бұл тарихи миссияны орындай алатын Ассамблея құру жөніндегі идеясын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы 1992 жылы өткен Қазақстан халықтарының Форумында жариялаған еді. Байсалды бастама 1995 жылы 1 наурызда жүзеге асып, тарих сахнасына шықты. Алғашында ҚР Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып құрылған ұйым бүгінде мәртебесі биік Конституциялық органға айналды. Тура осы сәтте ел аумағында 820 этномәдени бірлестіктер қызмет етіп отыр. 3 миллионға жуық жақтаушысы, 400-ден астам мүшесі бар Қазақстан халқы Ассамблеясы Конституциялық орган ретінде өз функциясын мүлтіксіз орындап, тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы жолында жасампаз істерге ұйытқы болып келеді.

…Көршілер көшіне көз тігіп көріңіз. Кемсіткеніміз емес, толқулар мен терактіден көз ашпай отыр. Кеше ғана әлеуметтік желіден «Әлемнің 40-қа жуық елінде аштық белең алып тұр» деген жантүршігерлік ақпарат оқыдым. Ал, біз ше? Қазақы мәтелмен мәнерлесек, «бозда ойнап» жүрміз. Бұл – бірлігі бекем елде ғана салтанат құратын құбылыс.

Біз – болашағы біртұтас елденбіз! Ортақ үйіміз – Қазақстан! Мұның барлығы – жалаң ұран емес, әрбір қазақстандықтың жүрегіне ұялаған мақтаныш!

Ерсін МҰСАБЕКОВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.