Жаңалықтар

Ассамблея – асыл мұраттар алаңы

Иә, Ассамблея – асыл мұраттар мен асқақ армандар алаңы. Асыл мұратымыз – ынтымақ, асқақ арманымыз – тұрақтылық пен бейбітшілік. Осы құндылықтар Қазақстанды тарихи Отаны санайтын 130 ұлттың ортақ мүддесіне айналды. Әрине, Елбасының сарабдал саясаты мен Ассамблеяның арқасында. Бұл жерде Елбасы саясаты мен қазақ халқының көнеден керуен тартқан жомарттығының, кең пейілі мен мейірімінің үндестігі небір тарихи тәуекелдерде жеңіске жетуімізге дәнекер болғанын аңғаруға болады. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Кешегі Кеңес дәуірінде «азшылық көпшілікке бағынады» деген сыңаржақ қағида болды. Мұның астарында көптің азға көрсетер әлімжеттігі мен үстемдігі тұрғаны белгілі. Алайда, қазаққа бұның қажеті болған жоқ. Тағдыр талайымен Қазақстанға қоныс аударған жүздеген ұлттың жүзін жарқын етуге тырыстық. Бұл біздің қанымызға сіңген дара қасиетіміз еді. Дәл осы кеңдігіміз келешегіміздің кемелдігіне негіз болды. Тіпті, жүзі – басқа, жүрегі – бір, тілі – басқа, тілегі – бір отандастарымыздың біздің салт-дәстүрімізге, діліміз бен тілімізге деген құрметі артып, ықыласы оянды. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысалға жүгініп көрелік.

Ұлытау ауданының шалғай бір ауылында неміс отбасы бар. Әлгі әулеттің қазақ халқына деген ықыласында шек болмаған. Тілімізді меңгеріп алғаны – өз алдына, бие байлап, қымыз ішкен. Сол отбасының бір ұлы міндетті әскери қызметке шақырылады. Кеңес дәуірі. Ресейдің бір түкпіріндегі әскери бөлімге түседі. Сөйтіп, ата-анасы сарыла күткен алғашқы хаты да келеді. Сондағы жазғаны: «Әке, апа! Ротаның барлығы – орыс, жалғыз қазақ – менмін. Тіл білмей, қиналып жүрмін» деген екен. Міне, бізде өзгені жатырқамайтын жайсаңдық, ал, отандастарымызда бізге деген құрмет сонау Кеңес дәуірінде де болған.

Осы бір игі дәстүр Ассамблея алаңында жарасымды жалғасын тауып келеді.

Қарағанды – Елбасының еңбек отаны. Азамат ретінде қалыптасып, қайраткер ретінде Қарағанды топырағында танылды. Сондықтан да, қарағандылықтар Тұңғыш Президенттің әр бастамасы мен барлық бағдарламаларына қызу қолдау көрсетуден айныған емес. Елбасы төрағалық ететін Ассамблея құрылымының жергілікті деңгейдегі жұмысында да ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже баршылық.

Қарағанды облыстық ҚХА мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің мұрындық болуымен 2018 жылы ұзын-ырғасы 2700-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Барлық іс-шараның мазмұндық сипаты Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларында қамтылған құндылықтарды дәріптеуге, дамытуға бағытталуда. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы екі тарихи мақаласы арқылы өзін халқын шексіз сүйген, сүйе білетін шынайы патриот ретінде дәлелдесе, Ассамблея – нағыз патриоттар мінбері.

Облыстық Ассамблея жұмысының мақсаты да, мазмұны да Елбасы идеяларымен үндестік тауып, оларды жүзеге асыруға бағытталуда. Оның хатшылығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған көптеген шаралардың кейбірінің дүбірі алты құрлыққа жетіп, халықаралық сипатқа ие болғанын атап өтуіміз керек. Әлемнің Мексика, Перу, Польша, Түркия, Франция, Шотландия, Ресей, Тәжікстан мемлекеттерінің кәсіби ұжымдарының қатысуымен өткен «Жезкиік» халықаралық фольклорлық музыка фестивалі мен «Мэрцишор-2018» VI халықаралық румын фольклорлық фестивалін ерекше атар едім. Ұлт ұясы Ұлытау төрінде өткен «Жезкиік» фестивалі дәстүрлі түрде алты құрлықтың көзайымына айналар өнер думаны болмақ. Міне, Ассамблея қабырғасында ұйымдастырылған мазмұнды шаралардың мазмұны мен ауқымы!

Қазақ халқы – ежелден бітімгерлік ұстанымдағы дана халық. Жауласқанның жаға жыртысуына, дауласқанның даурығуына жол бермеген. Қоғамдағы медиация институтының дамуына, қанатын кеңге жайып, өрістеуіне ҚХА-ның қосып отырған үлесі зор.

…Көршілер көшіне көз тігіп көріңіз. Кемсіткеніміз емес, толқулар мен терактіден көз ашпай отыр. Кеше ғана әлеуметтік желіден «Әлемнің 40-қа жуық елінде аштық белең алып тұр» деген жантүршігерлік ақпарат оқыдым. Ал, біз ше? Қазақы мәтелмен мәнерлесек, «бозда ойнап» жүрміз. Бұл – бірлігі бекем елде ғана салтанат құратын құбылыс.

Біз – болашағы біртұтас елденбіз! Ортақ үйіміз – Қазақстан! Мұның барлығы – жалаң ұран емес, әрбір қазақстандықтың жүрегіне ұялаған мақтаныш!

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ, .

Қарағанды облыстық ҚХА төрағасының орынбасары,

облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты.

Басқа материалдар

Back to top button