Басты тақырыпСпорт

Аспанда, Алаш абыройы!

Барша Алаш жұрты мен төрткүл дүниедегі миллиондаған жанкүйер тақым қысар күн келді. Бүгін, яғни, 10 қыркүйек күні даңқты «Сары қазақ» – Геннадий ГОЛОВКИН Тұманды Альбион төрінде осы елдің өкілі Келл БРУКПЕН қолғап түйістіреді.

 

Бүгінгі жекпе-жекке бокссүйер қауымның ықыласы ерен. Лондонның «02 – Аренасындағы» 20 мың орынның билеті небәрі 12 минутта сатылып кетті. Сондай-ақ, «Bleacher Report» агенттігінің рейтингінде Головкин-Брук кездесуі кәсіпқой бокстан қыркүйек айында өтетін жекпе-жектердің көшін бастап тұр.

Белгілі медиахолдингтің бұлай тұжырымдауына негіз бар. Қос қарсылас та осал емес. Головкин 35 мәрте шаршы алаңға шығып, барлығында жеңіске жетті. Осы сапарында 32 кәсіпқой боксшыны талдырып тастады. Ал, отыз жасар Брук та бұған дейінгі 36 жекпе-жегінің түгелін өз пайдасына шешті. 25 рет нокаутпен ұтты. Сондықтан, ағылшын жеріндегі айқаста екі жақ та жан алысып, жан берісе жұдырықтасатыны сөзсіз.

Десе де, көптеген әлемдік бокс сарапшылары Головкиннің бәсі басым деп отыр. Айтуларынша, Генада тәжірибе де, шеберлік те бар. Орта салмақтағы WBC, WBA (Super), IBO, IBF тұжырымдарының чемпионы атақтарына осы шеберлігінің арқасында қол жеткізгені анық.

Жаһан көз тіккен жекпе-жектің сыйақысы да қомақты. Генаның сыйақысы 3 млн. ағылшын фунтын немесе 4 млн. АҚШ долларын құрайды. Брук та тап сондай қаржыны қалтаға басады.

Бұл – жерлесіміздің Мешін жылындағы екінші кездесуі. 24 сәуірде ғұмырында жеңіліп көрмеген американдық Доминик Уэйдті 2-ші раундта нокаутқа жіберген-ді. Сөйтіп, он алтыншы мәрте WBA (Super) атағын қорғап қалды.

Ал, IBF тұжырымы бойынша орта салмақтағы чемпион Брук – Уэйдтен өткен күрзіжұдырық екені белгілі.

PS. Қазақстандықтар «Қарағанды қабыланының» айқасын тікелей эфирден тамашалай алады. Кездесу Астана уақыты бойынша түнгі сағат 23.00-де «Қазақстан» және «Қазспорт» арналарынан көрсетіледі. Аспанда, Алаш абыройы! Қазақы шапанды жамылып, көк Туымызды көкке көтеріп жүрген Гена бұл жолы да Брукты бүріп, биіктен көрінеріне күллі қазақ сенеді. Бірге тамашалайық, жанкүйер болайық!

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button