Руханият

Қасиет һәм құдірет

Жезқазған – кие қонған бақ тұрағым,

Өзіңе сағынысып кеп тұрамын.

Бісміллә, алған бағыт – Хан Ордасы,

Кеңесі қажет бізге Кетбұғаның.

 

Жошының жатқан жері – алтын аймақ,

Сарайыңды ашады жарқырай қап.

Күйбеңнің күйін шертіп келген жан да,

Арқаланып қайтады халқын ойлап.

 

Қаныштың атындағы кенді қалам,

Бабыр би жол сілтесін енді маған.

Шөлімді бұлақтарың қандырсын бір,

Танысын бұл киелі жерді ғалам.

 

Өр рухым – көкке ұлыған Көкбөріде,

Ризамын саған аман жеткеніме.

Еңсемді езіп, байырғы қорғасын мұң,

Таңырқаумен қараймын өткеніме.

 

Асан қайғы тоқтап жер ұйығыма,

«Өс, өн» деп бата берер күй ұлына.

Әулиетау аспанмен астасады,

Жерімнің көз жетпейді қиырына.

 

Динаның домбырасын баптай кетем,

Жақсы сөз ой түбінде жатпайды екен.

Тасбұлақтың суынан сімірген ұл,

Адасса да, далада қатпайды екен…

 

Қыземшек – арманымсың,

Биші қайың,

Көркіңнен көңіліме сый сұрайын.

Суынан Тасбұлақтың құйшы тағы,

Қыз қуып құмарымнан бір шығайын.

 

Осылай, Хан Ордаға аман жеттім,

Кеудесін күмбірлетіп тәмам көктің.

Біріміз қалың-қалың ойға баттық,

Біріміз қаһарландық «Бабам!» – деп кіл.

 

Төсіне қара жердің құладым кеп,

Өзегіме тығылды бір ағын кеп.

Хан тағына қараймын жаутаң-жаутаң,

Шерімді айтып, егіліп жылағым кеп…

 

Балаңмын еш сынақтан қаймықпаған,

Созылып жата берші бай, құт, далам.

Қарайып құшағыңа келіп едім,

Хан сынды айбарланып қайтып барам…

 

Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ. 19.09.2021 ж. Ұлытау, Әулиетау етегі, Биші қайың.

Басқа материалдар

Back to top button